NIS-те оқу жылын домбыра сабағы аяқтайды

450

0

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі NIS-тің ауқымды челленджіне қосылды. «100 күй тарихы» жобасы аясында оқу жылының соңында «Күй құдіреті» атты домбырадан ашық сабақ өткізіліп, оқушылар арасында ұлттық өнер дәріптелді. 

Өткен жылдан бері NIS бағдарламаcына домбыра сабағы негізгі пән ретінде енгізілді. 7-сынып оқушылары қазақтың ұлттық музыкалық аспабын меңгеріп, күмбірлеген күйлерді орындау техникасын үйреніп келеді. Бүгін жыл бойына жинаған тәжірибелерін жас өрендер ашық сабақ барысында шыңдады.

Мектептің қосымша білім беру педагогі, белгілі сазгер Үкітай Ерниязов Құрманғазы Сағырбайұлының «Адай» күйін орындап, тарту техникасын түсіндірсе, домбыра үйірмесінің жетекшісі Жәнібек Тұрғанбай мен педагог-куратор Нұржан Бисенбаев аспаптық пьесаның шығу тарихы мен мәнін түсіндірді.

– Бұл күй адайлардың түрікмендермен шайқасы кезінде дүниеге келді. Қазақтар арасынан шыққан батыр аттардың құйрығына қойдың терісінен жасалған тулақты байлап, жерге сүйрегенде жердің шаңы шығып, оны көрген түрікмендер бізден көп әскер келе жатыр деп қашқан. Құрманғазы адай тайпасының тапқырлығына, батырлығына таң қалып, сол жерде «Адай» күйін шығарған екен. Адай күйін тыңдасаң жауға шапқан ержүрек батырлардың айқайы мен аттардың шапқан дүбірі естіледі, – дейді жоба координаторы Нұржан Бисенбаев.

Сабақ барысында оқушылар қазақ күйін әлемге таныту бойынша өз ойларымен бөлісті және викториналық ойында білімдерін арттырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<