Өртенген пәтерде ес-түссіз жатқан ер адам құтқарылды

513

0

Қызылордалық өрт сөндірушілер қызыл жалынға оранған пәтердің ішінде ес-түссіз жатқан 31 жастағы ер азаматты құтқарды.

Оқиға бүгін, 1 қарашада сағат 05.35-те Қызылорда қаласындағы Аманкелді көшесі №110 үйдің төртінші қабатындағы пәтерде болған. №2  мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінен 5 қызметкер 1 техника және автосатымен оқиға орнына барды.

«Оқиға орнына барған өрт сөндірушілердің барлау жұмыстары нәтижесінде үш бөлмелі пәтердің тұрмыстық заттары жанып жатқаны және пәтердің жатын бөлмесінде 1991 жылғы ер адамның ес-түссіз жатқаны белгілі болды.  Өртті дер кезінде оқшаулау мақсатында қосымша көмек ретінде қажетті техника шақыртылды. Өрт сөндіру кезекші қызметі жедел кезекшінің орынбасары Олжас Ахметов бастаған газ түтінінен қорғау буыны жедел жәрдем жеткенше көмірқышқыл газына уланып, ес-түссіз жатқан 1991 жылғы туылған азаматты құтқарып, алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Жағдайы ауыр азамат қазір дәрігерлердің жіті қадағалауында. Өрт сөндіру қызметінен жалпы 4  арнайы, 1 штабтық техника және 15 қызметкер жұмылдырылды», – деді Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.

Өрттің шығу себебі  мен шығыны анықталуда. Мамандардың жедел және біріккен іс қимылдарының нәтижесінде өзге пәтерлерге таралуға жол берілген жоқ.

Өрт 05.58-те оқшауландырылып, 06.08-де толығымен сөндірілді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<