Өзгерістерге дер кезінде бейімделу қажет

6

0

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев AI экожүйесін дамытуға арналған негізі алаң саналатын Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығын аралап көрді. Орталықта жасанды интел­лект саласындағы ғылыми зерт­теулер мен білім беру бағдарламалары жүргізіліп, стартап-бастамалар мен басқа да қолданбалы шешімдердің енгізілуіне жағдай жасалады.

Іске асырылып жатқан жо­балар ЖИ технологиясын мем­лекеттік секторда, бизнесте және күнделікті өмірде қол­дануға мүмкіндік береді.

Жалпы, Орталық Мемлекет басшысының Қазақстанды тех­но­логиялық, заманауи және бәсекеге қабілетті елге айнал­дыруды көздейтін стратегиялық бағдарын орындау мақсатында құрылған.

Президент Орталықты ара­лау барысында Astana Smart City жобасының іске қосыл­ғанына куә болды. Бұл – интел­лектуалды қала инфрақұры­лымының жаңа буынын қа­­лып­­тас­тыратын маңызды бас­тама. Presight.AI компа­ния­сының бас директоры Томас Пра­мотедхам қала жүйелері мен деректерді нақты уақыт режи­мінде біріктіретін бірың­ғай АІ-платформаны, сондай-ақ оның шаһарды басқару тиім­ділігін арттыру барысындағы қолдану мүмкіндіктерін та­ныстырды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар білім беру бастамасын іске қосу рәсіміне қатысты. Президенттің тапсырмасымен 2024 жылы Astana Hub жанынан Tomorrow School жасанды интеллект мектебі құрылған болатын. Енді оның табысты тәжірибесі ел көлемінде таратылмақ.

Мемлекет басшысы теле­көпір арқылы 14 өңірдегі Tomorrow School мектептерінің желісін ашты. Бұл мектепте кәмелет жастан асқан, соның ішінде ақпараттық технология саласына жаңа қадам басқан азаматтар тегін білім алады.

Тағы бір білім беру алаңы – цифрлық және шығармашылық дағдыларды меңгергісі келетін 12-18 жас аралығындағы ба­лалар мен жасөспірімдерге ар­налған TUMO Astana креативті тех­нологиялар орталығы. Мұн­да генеративті жасанды интел­лект, бағдарламалау, ойын ой­лап табу, анимация, 3D-мо­дель­деу, ро­ботты тех­ника, кино­өнім және цифрлық музыка секілді 11 техникалық және креативті бағыт бойынша білім беріледі.

Бұдан бөлек, Президентке AI Research University тұжы­рымдамасы таныстырылды.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, зерттеу университеті Alem.ai базасында орналасады. Студенттер alem.cloud, AlemLLM секілді ұлттық жасанды интеллект инфрақұрылымын және Astana Hub ресурсын пайдалана алады. Оқу үдерісін биыл 1 қыркүйектен бастау жоспарланып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ ойындары-2026» ха­лық­аралық турниріне дейінгі кері санақты интерактивті фор­матта іске қосты. Фиджитал-атлет­тер арасындағы дода Ас­тана қаласында 29 шілде мен 9 тамыз күндері аралығында өтеді.

Мемлекет басшысына отан­дық CryptoPay жүйесін пайда­лану арқылы Қазақстандағы алғашқы криптовалютамен тө­леу үрдісі көрсетілді.

Президент Alem.ai battle және AI Governance Cup байқауларының жеңімпаздарын мара­паттау рәсімінде сөз сөйледі. Елімізде қоғам­ның барлық саласын қамтыған ауқымды рефор­малар жүзеге асырылып жатқанына тоқталды.

– Наурыз айында Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Бұл, ең алдымен, еліміздің келешегі үшін өте маңызды және тарихи қадам болды. Азаматтарымыз, әсіресе, жастарымыз мұны жақсы түсінеді. Олар республикалық референдумға белсене қатысып, Ата Заңды қолдап, дауыс берді. Жұртымыз бір қоғам болып жауапкершілік пен отаншылдық рухының озық үлгісін көрсетті. Тұғырына қонған жаңа Конституцияда халқымыздың бірегей болмысы, басты құндылықтары мен биік мақсаттары көрініс тапты. Бүгін осы жиынға ел жастары, білімді, білікті, зияткер азаматтар қатысып отыр. Мен сіздерді Қазақстанның жарқын болашағы деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы озық ойлы жастар елімізді биік белестерге бастап, ұлтымыздың мерейін өсіретініне сенім білдірді.

– Халық Конституциясы – өскелең ұрпаққа жол көрсететін темірқазық. Жаңа Ата Заңымыз – Әділетті Қазақстанның мызғымас тұғыры. Заң мен тәртіп қағидаты мемлекетіміздің өзегіне, ұлт санасының арқауына айналды. «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы халқымыздың туған жерге, тұмса табиғатқа деген қамқорлығын күшейтті. Елімізде қоғамдық маңызы бар жұмысты міндет емес, қастерлі парыз санайтын нағыз жанашыр азаматтар көбейді. Біз оларды еріктілер немесе волонтерлер деп атаймыз. Міне, осы құндылықтардың бәрі де Халық Конституциясының преамбуласына арнайы жазылды. Мемлекеттің басты байлығы – адам. Сондықтан адам капиталын дамыту конституциялық міндет ретінде айқындалды. Бас құжатта еліміздің ғылым мен білімге, инновацияға басымдық беретіні нақты көрсетілді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде әлемнің аса жоғары жылдамдықпен дамып келе жатқанына назар аударды. Президенттің пікірінше, қазір­гідей құбылмалы, дүрбелеңге толы заманда бәсекеге қабілетті ел болып, көш соңында қалмай, өркениетті елге сай өсіп-өркендей беру қажет.

– Елімізде осы бағытта нақты жұмыс істеліп жатыр. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Жаңа техно­ло­гияларды енгізу үшін заңнамалық негіз жа­салып, Цифрлық кодекс қабылданды. «Жасанды интел­лект туралы» Заң күшіне енді. Таяу арада Қазақ­станның цифрлық даму бағдарын айқындайтын Digital Qazaqstan стратегиясы бекітіледі. Бәріңізге белгілі, биыл елімізде – «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы». Сондықтан алдымызда әлі де көп жұмыс бар. Ширақ қимылдап, тұтас қоғам болып табанды еңбек етуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуы тәсілдерді үнемі жаңартып отыруды талап ететінін атап өтті.

– Есептеуіш инфрақұрылымын ілгерілету маңызды бағыт болып қала береді. Супер­компьютер кластерінің іске қосылуы еліміздің технологиялық дербестігін нығайтудағы айтулы уақиға болды. Келесі мақсат – елімізде Деректерді өңдеу орталығы алқабын құру. Аталған ауқымды жобаны іске асыру жаңа инвестиция тартуға және өңірлік цифрлық хаб ретіндегі позициямызды күшейтуге мүмкіндік береді. Жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу елімізді жан-жақты жаңғыртудың негізгі факторларының бірі саналады. Бұл мемлекеттік басқару жүйесінен бастап креативті индустрияға дейінгі салаларды қамтиды. Жазда Астанада «Болашақ ойындары» өтеді. Дәстүрлі ережелер мен киберспортты ұштастыратын жарысқа әлемнің 50 елінен мыңға жуық спортшы қатысады. Жаңа спорт түрі озық технологияларды күнделікті тұрмысқа жедел бейімдеуге, ең бастысы, жастар арасында спортты насихаттауға жол ашады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, күзде Қазақстанда Astana AI Film Festival атты тағы бір маңызды халықаралық байқау ұйымдас­тырылады.

– Бұл креативті индустрияның дамуындағы іргелі өзгерістерді көрсететін жаһандық деңгейдегі алғашқы іс-шара болмақ. Жасанды интеллект шығармашылық табиғатына түбе­гейлі бетбұрыс әкеледі, өзін танытудың жаңа формаларын ашады әрі таланттардың алдынан шығатын кедергілерді азайтады. Қазақстан осы жаһандық жаңашылдықтардың бел ортасында болуға ұмтылады. Сонымен қатар жасанды интеллект әсерінен креативті индустрия жойылады, қазіргі күйінде сақтал­майды деген пессимистік болжамдарды ескеру керек. Сондықтан барлық үрдісті бақылап, өзге­рістерге дер кезінде бейімделу қажет. Фестивальді ұйымдастыру Қазақстанды халық­аралық аре­надағы инновациялар мен жасампаз бастамалар орталықтарының бірі ретінде көрсету үшін өте маңызды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру және жасанды интеллектіні жаппай енгізу үдерісі ауқымды өзгерістерге жол ашқанын айтты.

– Сондықтан біз азаматтардың әлеуетін арттыруға, оларға цифрлық дағдыларды үйретуге баса мән беріп отырмыз. Бүгінде 650 мыңнан астам студент Al Sana бағдарламасымен білім алып жатыр. Алдағы уақытта жасанды интеллект және deeptech-технологиясына қатысты тағы да 100 мың маман даярлауымыз керек. Биыл елімізде жаңа үлгідегі технологиялық білім ордасы – Жасанды интеллект университеті ашылады. Бұл ғылым саласы үшін маңызды оқиға болмақ. Енді алдымызда тұрған өзекті міндет: біз осы салада білікті маман даярлау ісіне ерекше көңіл бөлуіміз керек. Дарынды жастарды тартып, оларға сапалы білім беру қажет. Сондай-ақ келешегі зор технологиялық жобалар мен компанияларға қолдау көрсету айрықша маңызды. Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесі де еліміз үшін тиімді болары анық, – деді Мемлекет басшысы.

Бүгін екі байқаудың жеңімпаздары марапат­талатынын жеткізген Президенттің айтуынша, ұшқыр ой мен терең білім сынға түсетін мұндай додалардың берері мол.

– Мазмұнды әрі тартысты жарыстар арқылы жаңашылдық, ізденімпаздық, жасампаздық құндылықтары кеңінен дәріптеледі. Қоғамда жаңа технологиялық мәдениет қалыптасады. Alem.ai battle сайысына мектеп оқушылары, студенттер, жас ғалымдар және IT саласының мамандары қатысты. Олар өзара тәжірибе алмасып, бір-біріне қолдау көрсетті. Байқау аясында дарынды азаматтарымыз денсаулық сақтау жүйесі, білім беру саласы және жасанды интеллект модельдерін үйрету мәселесіне қатысты инновациялық шешімдер ұсынды. Сондықтан бұл сайысты озық идеялардың бәсекесі десек, қате болмайды. Осындай шаралар сіздерді кәсіби тұрғыдан шыңдайды, елімізде және әлемде сұранысқа ие болатын маңызды жобаларды іске асыруға жол ашады деп сенемін. AI Governance Cup байқауының да мән-маңызы айрықша. Бұл сайыста жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару ісіне енгізуге арналған іргелі бастамалар ұсынылды. Соның ішінде медициналық куәландыру жүйесін авто­маттандыру, интеллектуалдық проку­рорлық қадағалау, педагогтерді қолдау жүйелерін ерекше атап өтуге болады. Мұның бәрі идея не­месе пилоттық жоба деңгейінде қалып қоймауы керек. Негізгі мақсат – озық идеялар мен бас­тамаларды мемлекеттік құрылымдардың қыз­метіне кезең-кезеңімен енгізіп, жұмыстың тиімділігін арттыру. Осыған баса назар аудару қажет. Осындай беделді байқауларда жүлделі болу – шын мәнінде, үлкен жетістік. Сіздердің жеңістеріңіз – үздіксіз ізденіс пен табанды еңбектің жемісі екені сөзсіз. Бәріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін. Мемлекет жаңа­шыл, жасампаз азаматтарға зор үміт артады, әрдайым қолдау көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жасанды интеллект саласындағы Alem.ai battle ұлттық байқауы мен мемлекеттік органдар арасындағы AI Governance Cup байқауының жеңімпаздарын мара­паттады.

Alem.ai battle жарысының жеңімпаздары төрт аталым бойынша анықталды:

– AI Young Talents – ағзадағы глюкоза мөлшерін инвазивті емес тәсілмен анықтайтын SuGuard жүйесі;

– AI Driving Power – мұғалімдердің жұмысын автоматтандыруға арналған Ustaz AI шешімі;

– AI Innovators – ЖИ арқылы қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтауға арналған Robio диагностикалық қолғабы;

– Future Builders – ЖИ-модельдерін үйретуге қолданылатын сапалы деректерді жинауға және қалыптастыруға арналған NCSPEECH стартап сервисі.

Үздік ЖИ-шешімдер байқауында мем­лекеттік органдар арасынан Ішкі істер ми­нистрлігі («AI Қауіпсіздік» аталымы бойынша), Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі («AI Экономика»), Астана қаласының әкімдігі («AI Әлеуметтік саясат»), Ақмола облысының әкімдігі («AI Өңір»), Қарағанды облысының әкімдігі («AI Азаматтарға қызмет») және «KEGOC» АҚ («AI Квазимемлекеттік сектор») топ жарды.