Өңдеу өнеркәсібі: өсім бойынша Қызылорда алғашқы бестікте

521

0

Өздеріңіз білесіздер, экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету, тұрақты жұмыс орындарын құру мен кірісті ұлғайтудың басты факторы – кәсіпкерлікті дамыту екені белгілі.

Ағымдағы жылдың 10 айында облыста тіркелген шағын және орта кәсіпкерлердің саны 22,3%-ға ұлғайып, 69 415 бірлікке жетті. Нәтижесінде, жұмыс жасап тұрған белсенді кәсіпкерлердің саны 27,5%-ға ұлғайып, 64358 бірлікті құрады. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Қамбарбек Мүбәраков мәлімдеді.

Тіркелген кәсіпкерлер санының өсу қарқыны бойынша облыс республикада 4 орында болса, белсенді кәсіпкерлердің өсу қарқыны бойына 5 орында.

Биылғы жылы кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға әртүрлі көздерден 20 млрд. теңгеден астам қаржы тартылды. Оның ішінде, Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 9,5 млрд. теңге, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығына 2,9 млрд теңге қаржы қарастырылды.

Жыл басынан бері 3423 кәсіпкерлік бастама гранттармен қаржыландырылып, 1939 жоба банктер мен қаржы институттары арқылы 28,3 млрд теңгеге несиелендірілді.

Қазірдің өзінде «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығымен шағын кәсіпкерлердің 159 жобасына 965,5 млн теңге шағын несие беру мақұлданды.

Осымен қатар, биылғы жылы қаңтар оқиғасынан зардап шеккен 21 кәсіпкерлік субъектісінің қызметін қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

Өнеркәсіп саласының 70%-дан астамы тау-кен секторына тиесілі. Соңғы 8 жыл ішінде өңір үшін үлкен проблема мұнай өндіру көлемінің қысқаруы болып табылады (жыл сайын 10-12% – ға).

Жалпы алғанда, 2013 жылдан бастап өңірде мұнай өндіру көлемі шамамен 60%-ға қысқарды (2013 ж. – 10,5 млн тонна, 2021 ж. – 4,2 млн тонна).

Биылғы жылы мұнай өндіру көлемі 700 мың тоннаға төмендеп, 3,5 млн тоннаны құрайды. Осыған орай, мұнай өндіру көлемінің төмендеуіне байланысты 10 айда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,3%-ға төмендеп, 854 млрд. теңгені құрады.

Дегенмен, мұнай қорын толықтыру мақсатында геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Республикалық бюджет қаражаты есебінен Шу-Сарысу, Сырдария және Арал бассейндерінде зерттеу жұмыстарын жүргізу көзделген (8,5 млрд теңге).

Өнеркәсіп саласы төмендеуіне қарамастан, өңдеу өнеркәсібінде оң динамика байқалуда. 10 айда өңдеу саласында 194 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсімі 8,3%–ды құрады. Айта кету керек, өңдеу өнеркәсібінің өсімі бойынша облыс алғашқы бестікке енді.

Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібін дамытудағы басты жаңалық – шыны зауытының іске қосылып, қазан айынан бастап өнім өндіруі. Бүгінгі күннің өзінде 17 мың тоннаға жуық шыны Астана, Алматы, Шымкент қалаларына жіберілді. Алдағы уақытта Өзбекстан Республикасына экспорттау көзделуде.

Атап өту қажет, зауытты іске қосу арқылы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың белдеуін дамытып, 8 ілеспе кәсіпорын құруға жұмыс жүргіземіз.

Индустрияландыру бағдарламасы аясында биылғы жылы құны 4 млрд теңгені құрайтын,

5 жобаның іске қосылуы жоспарланған. Бүгінде оның 3 жобасы іске қосылды.

Жалпы алғанда, Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында облыста құны 613 млрд теңгені құрайтын 6,8 мың жұмыс орнын құруға бағытталған 37 жоба жүзеге асырылуда.

Мемлекет Басшысының Жолдауынан туындайтын негізгі міндеттердің бірі – отандық және шетелдік инвестиция тарту болып табылады.

Биылғы жылы облысқа 373,5 млрд теңге инвестиция тарту қажет. Бекітілген жоспарға қол жеткізу үшін қала/аудан әкімдіктеріне меже бекітілді. 10 айда өңірге 290,9 млрд теңге инвестиция тартылып, жоспар 77,8%-ға орындалды.

Атап өту қажет, көрсеткіштің өсімі және жоспардың орындалуы бойынша өңір республикада 1 орында.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларына мемлекеттік бақылау орнату мақсатында 47 сауда нысандары жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізіліп, 2 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілеріне хабарламалар берілді. Аталған нысандарға апта сайын мониторинг жүргізілуде.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<