Фото: Kazinform
Қызылордада Қорқыт Ата атындағы университет жанынан Сеул университетінің жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі ашылды. Бұл туралы өңір әкімі Нұрлыбек Нәлібаев елордада есептік кездесуінде айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Биыл мамыр айында Корея Республикасына арнайы іссапармен бардық. Бізбен бірге Қорқыт Ата университетінің басшысы мен бірнеше ғалым болды. Іссапар барысында Сеул ұлттық ғылым және технология университенінің президентімен кездесіп, біраз пікірлестік. Әріптестік меморандумға қол қойдық. Жақында сол университеттің басшылары келіп, Қорқыт Ата университетінің базасында Интеллект және информатика жоғары мектебін ашты. Онда 40-тан аса студент білім алып жатыр. Бұл — жобаның басы ғана», — деді Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Облыс әкімі Ғылым министрі Саясат Нұрбектің Қызылордада Сеул университетінің филлиалын ашу бойынша көмек көрсетіп жатқанын жеткізді.
«Интеллект және информатика жоғары мектебінде IT саласындағы кадрларды дайындап жатырмыз. Алдағы уақытта олардың санын көбейтеміз. Бұл университетпен біздің келісіміміз бар. Келесі жылы бәрі дұрыс болса, олар (Сеул ұлттық ғылым және технология университеті) осы өңірде университеттің филиалын ашады. Филиал ашылса, ғимарат және бәрімен толық қамтамасыз етеміз. Осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Әрине, бір елмен шектеліп қалмаймыз. Басқа да елдермен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Енді оны нақты шешім қабылдағаннан кейін жариялаймыз. Бұл мәселе толық шешілмегендіктен алдын ала айтпай-ақ қояйын», — деп жауап берді Н. Нәлібаев тілші сауалына.
Айта кетейік, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қызылорда облысында 21 мектеп салынады.
Бұдан бөлек, 2 мыңға жуық мектепке жапсарлас ғимараттар салынуда.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<