Қызылордалық мұғалімдер республикалық STEAM тренері атанды

716

0

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімдері Вера Кораблева мен Жасұлан Сапарбаев сертификатталған STEAM тренері мәртебесіне ие болды.

NIS педагогтері Қазақстанда STEAM білім беруді дамытудың жол картасы шеңберінде «Jana Talap: STEAM пәндерін оқытуда құзыреттіліктерді дамыту» атты

біліктілікті арттыру курсын сәтті аяқтады.

144 сағатты қамтитын курста еліміздің 50-ге жуық мұғалімі оқыту үдерісінде STEAM білім беруді қолдану әдістері мен қағидаларын үйреніп, өз оқу бағдарламаларын әзірлеуге дағдыланды.

«STEAM — оқытудың интеграцияланған және пәнаралық тәсілі. Бұл бағдарлама оқушыларға ғылым, технология, инженерия, өнер және математиканы кіріктіріп оқытуды мақсат етеді. 3 айға созылған курста отандық және шетелдік тәжірибелермен танысып, педагогикалық құзыреттіліктерімізді дамыта алдық. Инженерлік дизайн, проблемалық оқыту бөлімдерін жан-жақты қарастырып, білімімізді арттырдық», – дейді сертификат иесі Жасұлан Сапарбаев .

Мичиган мемлекеттік университетінің оқытушылары мен әлемдік білім саласының сарапшыларынан дәріс алған педагогтер алдағы уақытта аймақтағы жалпы білім беретін мектеп мұғалімдерімен тәжірибе алмасатын болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<