Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдағы саммитте экология мәселесін көтерді

471

0

Қытайда өтіп жатқан бірінші «Орталық Азия – Қытай» саммитінде ҚР Президенті аймақтың экологиялық ахуалына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жетінші, трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдаланған жөн.«Орталық Азия елдерінің тұщы су тапшылығына ұшырау қаупі жоғары екені белгілі. 2050 жылға қарай 5 миллиардтан астам адам ауыз суға мұқтаж болуы мүмкін. Бұл – Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегі. Сарапшылар біздің аймағымыздың тез жылынып бара жатқанын айтып отыр.

Климаттың өзгеруіне байланысты біздің аймақтың басты су көзі саналатын мұздықтар да күрт азайып барады. Осы жағдай Орталық Азияның азық-түлік, энергетика және экология қауіпсіздігіне едәуір қатер төндіреді. Сондықтан бірлесіп шұғыл шаралар қабылдауымыз қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол сегізінші мәселе ретінде мәдениет және білім саласындағы ынтымақтастықты, сондай-ақ туризмді дамытуды көтерді.

»Жеке адамдардың қарым-қатынасы мемлекетаралық байланыстарды нығайтуға септігін тигізері сөзсіз. Қазақстан мен Қытай азаматтарының екі ел арасында 30 күнге дейін визасыз жүруіне мүмкіндік беретін үкіметаралық келісімге қол қойылды. Бұл құжат іскерлік байланыс аясын кеңейтіп, туристер легін арттыруға ықпал етеді деп сенемін.

Орталық Азия елдерінің мәдениеті – бай, көрікті жерлері де – көп. Соның бәрі қытайлық туристер үшін қызықты болары анық. Осы орайда мен «Жібек жолы» туристік операторларының тізімін жасауды ұсынамын. Топтық турлар үшін визасыз режим енгізіп, бірыңғай туристік кластер құру қажет. Сол кезде қытай туристері бір сапарда Орталық Азияның бірнеше еліне бара алады», – деді Мемлекет басшысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<