Құрылтай

Роналду қоштасқан, Месси қайта түлеген мундиаль

5

0

Фото: Getty Images

2026 жылғы футболдан Әлем чемпионаты нағыз қызған шағына жетті. Плей-оффтың 1/8 финалындағы тартысты кездесулер аяқталып, чемпиондық үшін күресті жалғастыратын сегіз үздік құрама анықталды. Бірі сенсация жасап, бірі соңғы секундтарда жеңісті жұлып алса, енді олардың барлығын дүбірлі доданың ең шешуші кезеңі – ширек финал күтіп тұр.

Плей-офф кезеңіндегі ең әсерлі нәтижелердің бірі Марокко құрамасының еншісінде болды. Африкалық команда топтық кезеңдегі сенімді ойынын жалғастырып, Канаданы 3:0 есебімен айқын басымдықпен жеңді. Аззедин Унаи дубль авторы атанса, Софиан Рахими қарсылас қақпасына тағы бір гол соғып, Марокконы қатарынан екінші Әлем чемпионатында ширек финалға шығарды.

Франция құрамасы да өз деңгейін көрсетті. Дидье Дешам шәкірттері тәртіпке негізделген ойын өрнегін көрсетіп, Парагвайды 1:0 есебімен ұтты. Кездесу тағдырын жалғыз гол шешкенімен, француздардың ойын тізгінін толық бақылауда ұстағаны байқалды. Әлем чемпиондарының бірі тағы бір мәрте жүлде үшін күресін жалғастырады.

Плей-оффтағы ең ірі сенсация Норвегияның жеңісі болды. Скандинавиялық ұжым фавориттердің бірі саналған Бразилияны 2:1 есебімен жарыстан шығарып, басты жаңалықтардың біріне айналды. Эрлинг Холанд бастаған норвегиялықтар шабуылда да, қорғаныста да жоғары деңгейде ойнап, көпшілік күтпеген нәтижеге қол жеткізді.

Англия мен Мексика арасындағы кездесу турнирдегі ең тартысты ойындардың бірі болды. Қос команда ашық футбол көрсетіп, бес гол соқты. Нәтижесінде ағылшындар 3:2 есебімен жеңіске жетіп, ширек финал жолдамасын иеленді. Томас Тухель шәкірттері қиын сәттерде мінез танытып, кездесуді өз пайдасына шешті.

Иберия түбегіндегі көршілер – Испания мен Португалия арасындағы матч ерекше назарда болды. Негізгі уақыт аяқталуға санаулы сәт қалғанда, нақтырақ айтқанда төреші қосқан 90+1 минутта Микель Мерино жеңіс голын соғып, Испанияны келесі кезеңге алып шықты. Бұл кездесу тек нәтижесімен ғана емес, футбол тарихындағы маңызды символдық сәттердің бірімен есте қалды.

41 жастағы Криштиану Роналду үшін бұл мундиаль ұлттық құрама сапындағы соңғысы болды. Алты бірдей Әлем чемпионатына қатысып, бұрын-соңды ешкім бағындырмаған рекорд орнатқан аңыз шабуылшы соңғы ысқырықтан кейін көз жасына ерік берді. Оның алаңдағы эмоциясы миллиондаған жанкүйердің жүрегіне әсер етті. Осы сәтте Испанияның небәрі 18 жастағы жұлдызы Ламин Ямаль Роналдуға жақындап, құшақтап жұбатты. Әлеуметтік желілерде кең тараған бұл көрініс футболдағы буын алмасуының жарқын белгісі ретінде бағаланды. Матчтан кейін Роналду: «Мен өз елім үшін барымды салдым, алаңнан таза ар-ұжданмен кетемін», – деп мәлімдеді.

Бельгия құрамасы АҚШ-қа еш мүмкіндік қалдырған жоқ. Еуропалық команда шабуылдағы жоғары тиімділігін көрсетіп, қарсыласын 4:1 есебімен ойсырата жеңді.

Ал Аргентина мен Египет арасындағы матч Әлем чемпионаты тарихындағы ең драмалық кездесулердің қатарына қосылды. Африка өкілі алғашқы таймда Яссер Ибрагимнің голымен алға шығып, екінші кезеңде Мостафа Зико есепті 2:0-ге жеткізді. Оның үстіне Лионель Месси бірінші таймда пенальтиді мүлт жіберіп, аргентиналық жанкүйерлердің үмітін одан әрі әлсіреткен еді.

Алайда Лионель Скалонидің командасы берілмеді. 79-минутта Кристиан Ромеро есеп айырмасын қысқартса, төрт минуттан кейін Месси таразы басын теңестірді. Матч тағдыры қосымша уақыттың екінші минутында шешілді. Лаутаро Мартинестің дәл пасынан кейін Энцо Фернандес баспен соққан гол Аргентинаға 3:2 есебімен тарихи жеңіс сыйлады.

Бұл камбэк бірнеше рекордпен ерекшеленді. Аргентина мундиаль тарихында 78-минутқа дейін екі доп айырмасымен ұтылып жатып, негізгі уақытта жеңіске жеткен алғашқы құрама атанды. Opta статистикасына сәйкес, 79-минуттағы аргентиналықтардың жеңіс ықтималдығы небәрі 0,6 пайыз болған. Сонымен қатар Энцо Фернандестің добы Әлем чемпионаттары тарихындағы 3000-шы гол ретінде тіркелді. Лионель Месси болса мундиаль плей-оффында қатарынан алтыншы матчында мергендік танытып, тағы бір тарихи белесті бағындырды. Кездесу аяқталған соң Месси мен бас бапкер Лионель Скалони көз жасын тыя алмады.

1/8 финалдағы соңғы жолдаманы Швейцария жеңіп алды. Колумбиямен өткен тартысты кездесудің негізгі және қосымша уақытында жеңімпаз анықталмағандықтан, бәрі пенальти сериясына ұласты. Мұнда швейцариялық футболшылар дәлдік танытып, 4:3 есебімен жеңіске жетті.

Осылайша Әлем чемпионатының ширек финалында сегіз құрама чемпиондық жолындағы күресті жалғастырады. Алдағы матчтарда Франция мен Марокко кездеседі. Тағы бір орталық кездесу – Испания мен Бельгия арасындағы тартыс. Норвегия тарихи сенсациядан кейін Англиямен күш сынасады. Ширек финалдың соңғы жұбында Аргентина мен Швейцария кездеседі.

Енді мундиаль шешуші кезеңге қадам басты. Бұдан былай әрбір қателік турнирмен қоштасуға алып келеді, ал әрбір жеңіс Әлем чемпионы атағына бір қадам жақындатады. 11 шілдеге қараған түннен басталатын ширек финалдық кездесулерде футбол жанкүйерлерін жаңа рекордтар, тосын нәтижелер мен ұмытылмас эмоциялар күтіп тұр.

Бағлан АМАНЖОЛ,

«Сыр бойы»