Сыр сақшылары Ұлыстың ұлы күнін кең көлемде атап өтті

319

0

Наурыз мейрамы – ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Күн мен түн теңеліп, жер-көкке жан бітіп, адамдардың аузы аққа тиіп, жақсылыққа жол бастайтын «Ұлыстың Ұлы күнін» Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті қызметкерлері ерекше мерекелік көңіл-күймен ұжым болып атап өтті. Шараға ардагерлермен қатар қызметкерлер және олардың отбасы мүшелері де қатысты.
Мерекелік шара ішкі істер органдары ардагерлерінің ақ батасынан басталды. Аға буын өкілдері мұсылман халқының жаңа жылында барша халыққа жақсылық, молшылық, мол табыстар тілей отырып, қыстан аман шыққандарына шүкірлік етіп, көптен көрмеген әріптестерімен, замандастарымен қауышып, иық түйістірді.
Одан кейін шара спорттық сайыстарға ұласты. Департаменттің қызмет салалары мен Қалалық ішкі істер басқармасы бөлімдерінің қызметкерлері бір-бірімен топтасып, 13 құрама команда жасақтады. Арқан тартудан, гір тасын көтеруден, асық ату, ләңгі тебу, қой көтеру сынды ұлттық ойын түрлерінен бақтарын сынады.
Полиция  қызметкерлерінің дене шынықтыру дайындығын жоғары деңгейде ұстауын қамтамасыз ете отырып ұлттық ойын түрлерін насихаттауды мақсат еткен сайысқа департаменттің басшылық құрамынан құралған төрешілер алқасы төрелік етті.  
Тәртіп сақшылары арасындағы бірлікті, командалық қолдауды нығайтуды мақсат тұтқан бұл спорттық дода өте тартысты өтті.
Спорттық бәсекенің қорытындысы бойынша арқан тартудан І орынды Оқу-жаттығу взводының құрама командасы иеленсе, ІІ және ІІІ орындарды «Ақсай» полиция бөлімшесі мен Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының құрама командалары қанжығаларына байлады. Гір тасын көтеруден Жедел қимылдайтын арнайы жасағының инспекторы Ахметов Талант үздік деп танылды. Ал асық атудың және ләңгі тебудің шеберлері болып Жедел қимылдайтын арнайы жасағының инспекторлары Серікбейітов Мұхит пен Абдулайтов Женсерік танылса, қой көтеруден Жедел қимылдайтын арнайы жасағының инспекторы, дзюдодан және қол күрестен әлем және республикалық деңгейдегі чемпионаттардың жеңіспазы Ержан Абдуллаев талассыз жеңімпаз атанды.
Шара соңында ішкі істер органдарының ардагерлері мен қызметкерлеріне және қонақтарға арналып мерекелік дастархан жайылып, ұлттық тағам – наурыз көже құйылды.

Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<