ТАЛАНТТЫҒА ЖОЛ АШҚАН

411

0

Бүгінде қалада балаларға арналған түрлі орталықтар қызмет көрсетеді. Бірі білімін жетілдіруге шақырса, бірі спортқа баулиды. Міне, солардың қатарын «Іңкәр» өнер орталығы толықтырды. Осыдан біршама уақыт бұрын қаланың шет аймағынан ашылған орталықта ән, би, домбыра, актерлік шеберлік, эстрадалық ән салу, телевизия саласының қыр-сырын үйретеді.
Орталықта шығармашылықпен айналысамын деген балаларға бар  мүмкіндік жасалған. Балалардың музыкалық қабілетін жетілдірумен қатар актерлік шеберлігін шыңдайды.   Бүгінде орталықта 50-ден астам бала тәлім алса, оларға 6 білікті маман дәріс береді.
Жұмысын бастағанына аз уақыт болса да, орталық ұжымы біршама додаларға қатысып, жүлдемен оралып жүр. Мәселен, жақында Алматы қаласында өткен «Алматым  жүрегімде» атты республикалық байқауда орталық оқушысы Айсұлу Рахатова бас жүлде жеңіп алды. Сонымен бірге басқа да өнерлі өрендер облыстық сайыстарға қатысып, жеңіс тұғырынан көрінуде. Өнер орталығының  директоры Ләйлә  Байқожаева өз ісінің шебері. Ол «QYZYLORDA» телеарнасында 10 жылдан астам уақыт еңбек етіп, өз саласындағы білікті маманға айналды. Балғындардың көзқуанышына айналған «Ботақан» телефестивалінің продюсері. Балалармен жұмыс жасауды жаны қалайтын еңбекқор Ләйлә бұл бастамасын көптен ойлап жүріпті. Ақыры бел буып, іске кірісті.  
«Айналамызда өнерлі балалар көп. Тек оларды қолдау керек. Қала ішінде мұндай орталықтар  бар болғанымен, шеткі аймақта кезіктіре бермейміз. Сол себепті біздің орталық «Шанхай» мөлтек ауданында орналасқан.  Бүгінде бізге келіп жатқан бала саны артып келеді. Орталықта 3 жыл білім алып, арнайы сертификатқа ие болады. Ал, домбыра сыныбына келгендер 5 жыл оқиды. Бір айта кетерлігі, орталықта түрлі жеңілдіктер де қарастырылған. Тұр­мысы төмен отба­сынан шыққан бүл­діршіндерді  тегін үйретеміз», – дейді Ләйлә Дәулетназар­қызы.
Жақында өнер орталығына белгілі тележурналистер Нұрілдә Ораз, Ақерке Биятова келіп, балғындармен шеберлік сағатын өткізді. Осы кездесуден кейін балалар «Қазмедиаға» шақырту алып, экскурсия жасайтын болды. Алдағы уақытта мұндай шеберлік сағаттары жүйелі түрде ұйымдастырылып отырмақ. Сонымен қатар, өнер орталығы түрлі іс-шараларға қатысып, жақсы бастамаларды жүзеге асыруға үлес қосып жүр. Мәселен, Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Жас Отан» Жастар қанатымен бірлесіп, «Тәуелсіз елдің ертеңі» атты облыстық патриоттық ән, би, өнер байқауын өткізді. Байқауға аудандар мен қаланың өнерлі бүлдіршіндері қатысты.
Қала тұрғыны Айнұр Мұсаханова  өнер орталығына екі қызын әкеледі. Бірі эстрадалық бағыт бойынша ән салу үйірмесіне қатысса, екіншісі би бағытын таңдапты. «Жақында ашылған «Іңкәр» өнер орталығы кез келген балаға есігін айқара ашты. Онда нағыз білікті мамандар қызмет көрсетеді. Өнерге баулып, қызығушылығын оятады. «Бала – біздің болашағымыз» деп бекер айтпаған. Оларды кішкентайынан өнерге баулып, тәлім берсек, болашағы жарқын болмақ», – дейді  Айнұр.
Осыдан біршама уақыт бұрын өнер орталығының директоры Ләйлә Байқожаева облыс әкімінің қабылдауында болды. Онда өзінің жұмысы мен алдағы жоспарлары жайында  айтып берді. Өз кезегінде аймақ басшысы кәсіп ашып, балаларды өнерге баулуды жөн санаған Ләйләға қолдау білдіріп, игі бастамасының жемісті болуын тіледі.
Еңбекқор жан алда үлкен жоспарлары бар екенін айтты. Балалардың өнерін дамытып, халықаралық додаларға да қатыстыруды көздеп отыр.

Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<