Бала тәрбиесінің бастауы – отбасы. Адамның мінез-құлқы, әдеті мен өмірлік ұстанымы ең алдымен отбасында қалыптасады. Сондықтан ұлттың ертеңі болатын жас ұрпақтың тәрбиесіне ерекше мән беру – әрбір ата-ананың, ұстаздың және қоғамның ортақ міндеті.
Халқымыз «Тәрбие – тал бесіктен» деп бекер айтпаған. Балаға берілетін алғашқы тәрбие үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болудан басталады. Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин де бала тәрбиесінің негізі сыйластық пен адамгершілікте жатқанын айтқан. Отбасында көрген өнеге баланың бүкіл өміріне ықпал етеді.
Баланың тәндік дамуы ғана емес, рухани жетілуі де маңызды. Адамгершілікке, жауапкершілікке, әдептілікке баулу – ата-ананың басты парызы. Шәкәрім Құдайбердіұлы адал еңбек, мінсіз ақыл және таза жүрек адам өмірінің негізі екенін ерекше атап өткен.
Қазіргі таңда жастар тәрбиесі қоғамдағы өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Заманауи технологиялар мен ақпарат ағыны жасөспірімдердің дүниетанымына әсер етуде. Кей жағдайда жастар ұлттық құндылықтарды екінші орынға ысырып, сыртқы мәдениетке еліктеп жатады. Сондықтан ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды дәріптеу маңызды.
Бүгінгі жас – ертеңгі елдің тірегі. Сондықтан әрбір жас өз ісіне жауапкершілікпен қарап, ар-ұятты биік ұстап, туған елінің дамуына үлес қосуға ұмтылуы тиіс.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – тәрбиелі ұрпақ елдің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан жас буынды адамгершілікке, имандылыққа және отансүйгіштікке баулу – баршамыздың ортақ парызымыз.
Серік Рамазан
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің І курс студенті





