Венгрия Қазақстан студенттеріне 200 білім грантын бөледі

143

0

Будапештте (Мажарстан) жоғары оқу орындарының ректорларының Мажарстан-Қазақстан форумы өтті. 

Форум жұмысына Қазақстан және Мажарстанның 60-тан астам университеттерінің өкілдері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің, Мажарстанның адам ресурстарын қорғау министрлігінің және Мажарстандағы Қазақстан Республикасының елшілігінің өкілдері қатысты. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Ашылу рәсімі Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың, Білім берудің мемлекеттік министрі Лазло Палковичстің, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылованың және Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының ректорлар кеңесінің төрағасы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың құттықтау сөздерімен басталды.

Форумның басты мақсаты – екі ел арасындағы, сондай-ақ екі елдің университеттері арасындағы екі жақты ынтымақтастықты дамыту және нығайту болды.

Форумның жұмыс бөлімі Қазақстандағы білім реформасын, жоғары білім беру жүйесін, сондай-ақ Қазақстандағы білім беруді дамытудың басым бағыттарының енгізілуімен басталды. Пленарлық мәжілісте Мажарстан мен Қазақстан тараптары Қазақстан мен Мажарстан арасындағы бағдарлама аясында одан әрі ынтымақтастық және даму бойынша баяндамалар жасады, сондай-ақ екі елдің университеттері арасындағы серіктестікті нығайту туралы пікір алмасты.

Шара қорытындысы бойынша екі елдің университеттері арасында 15-тен астам келісім-шарт жасалды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы ректорлары кеңесі мен Мажарстан ректорлары конференциясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова Мажарстанның Мемлекеттік білім хатшысы Ласло Палковичспен екі жақты кездесу өткізді.

Кездесу барысында білім және ғылым саласындағы мәселелер, сондай-ақ 2013 жылғы 19 қарашада қол қойылған Білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Мажарстан Республикасының адам ресурстары министрлігі арасындағы Келісімді кеңейтуге байланысты мәселелер талқыланды.

Айта кетейік, Қазақстан студенттеріне 200 білім грантын бөлуге қатысты уағдаластыққа қол жеткізілді.

Дереккөз: aikyn.kz