«Украинадағы соғысқа барғаны үшін ақша төлейді»: Байқоңыр қаласының арнайы өкілдігі мән-жайды түсіндірді

595

0

Фото: ашық дереккөз

Байқоңыр қаласының арнайы өкілдігі Украинамен соғысқа қатысқаны үшін төленетін төлемдер туралы ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, – деп хабарлайды stopfake.kz сайты.

Әлеуметтік желілерде Байқоңыр кешені қалалық прокуратурасының атынан, қалада тұратын жұмылдырылған азаматтарға, сондай-ақ Украинамен соғысқа өз еркімен қатысуға ниет білдіргендерге 260 мың рубль ақшалай төлем жасалғандығы туралы ақпарат тараған.

Ақпаратқа ҚР президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнайы өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармасында түсініктеме берілді.

Байқоңыр арнайы өкілдігінің Facebook-тегі ресми парақшасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, мобилизациялау және төлемдер туралы ақпарат Байқоңыр аумағында орналасқан Ресей Федерациясының азаматтарына ғана қатысты.

Сурет: stopfake.kz

«Байқоңыр қаласы Әкімшілігі басшысының 2023 жылғы 07 ақпандағы №49 қаулысына сәйкес Байқоңыр қаласында тұратын жұмылдырылған азаматтарға, сондай-ақ арнайы әскери операцияға қатысуға ниет білдірген және әскери қызметті өткеруге келісімшарт жасасқан адамдарға әлеуметтік қолдау шарасы ретінде 260 (екі жүз алпыс) мың рубль мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем белгіленген. Ресей Федерациясы Президентінің 21.09.2022 жылғы №647 Ресей Федерациясында ішінара жұмылдыру жариялау туралы Жарлығына сәйкес тек Ресей Федерациясының азаматтары әскери қызметке шақырылады. Сондай-ақ, ерікті түрде әскери қызметші ретінде жұмылдыру немесе арнайы әскери операцияға қатысу үшін Ресей Федерациясының 60 жасқа дейінгі ер азаматтары шақырылуы мүмкін. Осылайша, Байқоңыр қаласы Әкімшілігі Басшысының жоғарыда аталған Қаулысына сәйкес әлеуметтік қолдау шарасы ретінде 260 (екі жүз алпыс) мың рубль мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем тек Байқоңыр қаласының тұрғыны болып табылатын Ресей Федерациясының азаматтарына қолданылады.

Анықтама ретінде, Үкіметаралық келісімге сәйкес Байқоңыр қаласының тұрғыны болып қала аумағында тұратын және Байқоңыр қаласының әкімшілігінде тіркелген Қазақстан Республикасының азаматы немесе Ресей Федерациясының азаматы танылады», – делінген хабарламада.

Фото: ашық дерекккөз

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<