Конституция

Ықпалдастық қарымы

5

0

Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында елімізге ресми сапармен келген Грузия Премьер-министрін қарсы алу рәсімі өтті. Іс-шара барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзе бір-біріне делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң Қазақстан мен Грузияның әнұрандары шырқалды.

Мұнан кейін Қазақстан Президенті мен Грузия Үкіметінің басшысы шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ираклий Кобахидзеге ілтипат көрсетіп, атал­ған сапар қазақ-грузин серік­тестігін нығайтуда өте маңызды екенін атап өтті.

– Бұл сапар табысты болатынына сенімдімін. Қазақстан Грузияны стра­тегиялық тұрғыдан маңызды әрі дәс­түрлі серіктесі ретінде қарас­ты­ра­тынын атап өткім келеді. Біз көп­теген бағытта, соның ішінде эко­но­ми­калық немесе гуманитарлық са­ла­ларда ты­ғыз байланыс орнаттық. Мұндай ық­палдастық алдағы уа­қытта да жал­ғасуға тиіс деп ой­лаймын. Мем­лекет басшысы ретінде ынты­мақ­тасты­ғымыздың қарқынды дамып, нәти­желі болуына барлық күш-жігерімді жұмсаймын. Сіздер Қазақ­станның стратегиялық серік­тесі сана­ласыздар. Еліңізбен дос­тықты және ынты­мақтастықты жо­ғары баға­лай­мыз. Қазақстан­дықтар Сіздің еліңіз бен халқыңызды шын мәнінде құр­мет­тейді. Бүгінде көп­теген турис­теріміз Грузияға барып, жақсы көңіл-күймен оралып жүр. Әрине, әлі де іске асырылмаған мүм­кін­діктеріміз мол. Сондықтан екі­жақ­ты ынты­мақ­тас­тыққа тың сер­пін беру үшін қолда бар әлеуетімізді тиім­ді пайдалануға бар күшімізді жұ­мыл­дыруымыз қажет, – деді Президент.

Ираклий Кобахидзе Қазақстанға ресми сапармен келіп, жоғары деңгейде кездесу өткізуді өзіне зор мәртебе санайтынын айтты.

– Біз Грузия мен Қазақстан ара­сындағы қарым-қатынасқа ерекше мән береміз. Серіктестігіміздің стра­тегиялық сипат алғаны қуантады. Ын­ты­мақтастығымыздың негізгі мәні де осында. Алайда, Өзіңіз атап өткендей, жүзеге аспаған әлеуетіміз жетерлік. Сондықтан оны толық іске асыруға күш салуымыз керек. Ел­деріміз арасындағы берік саяси және экономикалық, сондай-ақ білім беру, мәдениет және басқа да көптеген салалардағы ықпалдастықты қол­даймыз. Барлық бағыттағы байла­ныстарды арттыруға айрықша ниет­тіміз. Бұл сапардың маңызы ерекше. Өйткені біз Стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдемеге қол қоямыз. Аталған құжаттың екіжақты ынтымақтастыққа тың серпін бере­тініне сенімдімін. Серіктестігіміз ортақ құндылықтарға негізделген, сондықтан қарым-қатынасымыздың әлеуеті зор. Елдеріміз арасындағы достық пен өзара ықпалдастыққа қолдау көрсеткеніңіз үшін алғыс айтамын, – деді Грузия Премьер-министрі.