Жастарды қолдаудың жарқын үлгісі

242

0

Жұма күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жұмыс сапарымен Қазалы ауданында болды. Аймақ басшысының қатысуымен аудан әкімдігінде Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының даму жоспарын талқылаған жиын өтті.  Осыдан кейін жастар саясаты мәселелері жөніндегі кеңестің көшпелі отырысына қатысты.

Кент пен Қазалы қаласының даму мәселесіне арналған жиында аудан әкімі Мұрат Ергешбаев атқарылған жұмыстар мен бұған дейін де мәжіліс отырыстарында берілген тапсырмалардың орындалуы туралы баяндады.

Аудан орталығына қойылған Әйтеке би ескерткіші жобасы әзірленуде. Ескерткішті жасау мен орнатуға қажетті қаржы қаралған. Аудандық мекемелер үйі мен мәдениет үйі құрылысына облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, қазір тиісті басқармалар тарапынан жұмыс жасалуда.

Аудандық аурухана жанынан 250 орынға арналған емхана құрылысының жобасы мемлекеттік сараптамадан өткізіліп жатыр. Екі қабатты 12 тұрғын үй құрылысының жоба-сметалық құжатын дайындау үшін керекті қаржы бөлініп, жобасы дайындалуда. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің  аудандық бөлімі мен орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі ғимараттарының құрылыс жобасы әзірлену үстінде. Бұдан бөлек, Рәміздер алаңы мен Демалыс паркiн салу үшін 8 гектардан аса жер учаскесі белгіленді. Демалыс паркіне ауызсу мен электр желісі тартылып, жолы салынып, абаттандыру жұмыстары жүргізіледі, жаңа үлгідегі аттракциондар мен ойын алаңдарын салуға кәсіпкерлермен алдын ала келісім жасалды. Саябақ жергілікті халықпен қатар, көршілес Арал мен Қармақшы аудандарының тұрғындарына да қызмет көрсететін болады. «Жасыл белдеу» жасау үшін кент маңынан 14 мың көшет отырғызылып, суаратын арналар жасалды.

Аудан әкімі Қазалы ауда­нындағы 49 көшені газдандыру, «Ақкиіз» және «№165» каналдарын тазарту, көшелерді жөндеу сынды шешімін күтіп тұрған бірнеше мәселенің бар екенін назарға салды.

Облыс әкімі құрылыс жұмыс­тарын қаржыландыру және мәсе­лелердің тез шешімін табуы үшін басқарма басшыларына бірігіп жұмыс жасауды, ал, аудан әкіміне атқарылған жұмысты тұрақты түрде бақылауда ұстап, сапасына көңіл бөлуді тапсырды.

– Күн тәртібіндегі мәселенің негізгі мақсаты қала мен кенттің қосылуы арқылы екі аралықты үлкен аудан орталығына айналдыру. Өздеріңіз білесіздер, бұған дейін екі рет арнайы қарағанбыз. Осының нәтижесінде кейбір жоспарларымыз қолдау тауып, бірқатар жұмыстар басталып та кетті. Үкімет тарапынан, экономика және қаржы, басқа да министрліктерден қолдау көрсетіліп жатыр, – деді аймақ басшысы.

Осы күні Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында облыс әкімінің төрағалығымен жас­тар саясаты жөніндегі кеңестің көшпелі отырысы өтті. Жиын Елбасының 5 әлеуметтік бас­тамасы аясында жастардың іскер­лігін арттыру мақсатында ұйымдастырылды.

Кеңесте мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021 жылға дейінгі «Жол картасының» жүзеге асырылу барысы, «Нәтижелі жұмыс­пен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында жас кәсіпкерлерді қол­дау бойынша атқарылған жұмыс­тар, өңірдегі еңбек ресурсы балансының тиімділігі, Қазалы мен Жалағаш аудандарының жас­тар саясатындағы іске асырылып жатқан жұмыстар талқыланды.

Облыс әкімінің өңірде кәсіп­керлікпен айналысатын жастардың саны артып келе жатқанын атап өтті. Оның ішінде Қазалы ауданы жетекші орында. Бұған себеп саланы дамыту ісі дұрыс жолға қойылғандығында болса керек. Өңірдегі жұмыссыздықты жою мақсатында кәсіп ашушы жастарға арнап бюджеттен қайтарымсыз гранттар бөлініп келеді. Мұндай қолдауды кепіл қоймай-ақ алуға болады. Аймақ басшысы жауапты сала басшыларына аталған көмектер мен жеңілдіктер жайлы баспасөз беттерінде кеңінен насихаттау, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

– Өздеріңіз білетіндей, облыс халқының айтарлықтай бөлігі жастарға тиесілі. Тұрғындардың жалпы санының 24% жас­тар құраса, олардың 42 проценті қалада, 58% ауылда тұрады. Біз оларға сапалы білім мен сұранысқа ие мамандық беріп, жұмысқа орналасуға көмектесуіміз керек. Сондықтан жастар саясатын қаржыландыру жұмысымыздың басымдықтарының бірі. Қызылорда облысы республика бойынша жас­тарды қолдауға ең көп қаражат бөліп келеді. Қазірдің өзінде аймақта біраз мәселе шешілді, дегенмен, атқарылмағаны да аз емес, – деді облыс әкімі.

Кеңес отырысында аудан әкімі Мұрат Ергешбаев мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы туралы баяндама жасады. Жергілікті халықтың 26% жастар. Жыл басынан бері жастардың қатысуымен 150-ден астам шара ұйымдастырылған. Биыл кәсіппен айналысуға ниет білдірушілер саны өткен жылмен салыстырғанда 5 есеге дейін артып отыр. Аудан орталығында алғаш рет «SMILE» кино-кафесі ашылды. Онда қазалылық жастардың ұйымдастыруымен түрлі шаралар өткізіліп келеді.

Көшпелі кеңесте жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Меңлібаев «Жас­тар саясатын дамыту бойынша 2021 жылға дейінгі жол картасын» жүзеге асыру барысы туралы баяндады. «Жол картасы» денсаулық сақтаудан бастап үкіметтік емес ұйымдармен әріптестікке дейін барлық салалар бойынша жастармен жұмыс істеудің 10 бағытын қамтиды. Мәселен, жас буынды жаппай кәсіпкерлікті дамыту мен нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша оқыту мақсатында 1515 грант, мемлекеттік тапсырыс бойынша 3088 грант бөлінді.

– Бұған қосымша «Серпін-2050» жобасы бойынша бөлінетін гранттарды қосатын бол­сақ, 100% оқумен қам­туға толық мүмкіндігіміз бар. Биыл Ресей Федерациясының жетекші жоғары оқу орындарын 76 сырбойылық түлек бітіреді. Олардың 31-і магистратураға тапсырады, 45-ін жергілікті әртүрлі меншіктегі кәсіпорындарға жұмыс­қа орналастыру жоспарлануда, – деді Еркебұлан Меңлібаев.

Аймақ басшысы облыста білім беру, денсаулық сақтау және жас­тар саясатына ерекше көңіл бөлінетінін баса айтты. Сонымен бірге, мемлекеттік орган басшыларына жастарды қолдау шараларын жалғастыруды тапсырды.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<