Жерлестер жазғы ойындар жеңімпазы

332

0

Қызылорда қаласында ауыл жасөспірімдерінің республикалық II жазғы спорт ойындары мәресіне жетті. 

Елбасы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту, оған мейлінше көңіл бөлу турасында үлкен міндет жүктелген болатын. Жазғы спорт түрлеріне арналған ауыл ойындары осындай міндетті жүзеге асыруға бағытталған. Оған еліміздің 14 облысынан 1000-нан аса спортшы қатысып, 68 медаль жиынтығы сарапқа салынды.

Спорт күнінде бастау алған жарыстың ашылуына облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Бекболат Байжанов қатысқан болатын.

Ауыл жасөспірімдерінің жазғы спорт ойындарын ұйымдастыруға  ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мен облыс әкімдігі қолдау көрсетті.

Қорытынды бойынша жалпы­коман­далық есепте Қызылорда облысының командасы көш бастады. Үздік үштікті Түркістан және Алматы облыстары түйіндеді. Сыр өңірінің саңлақтары 285 ұпаймен волейбол, шағын футбол, гандбол, қазақ күресі, грек-рим күресі, дзюдодан жеңімпаз болды. Түркістан облысының өрендері тоғызқұмалақ, еркін күрес, таэквондодан топ жарса, волейболдан қыздар арасында Алматы облысының спортшылары жеңіс тұғырынан көрінді. Осылайша, Қызылорда облысы – ауыл жасөспірімдерінің II жазғы ойындарының жеңімпазы атанды.

Жарыстың жабылу салтанатында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жақсылық Оспанов кезекті спорт ойындарының жалауын Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының бұқаралық спорт бөлімінің басшысы Алмат Үшкемпіровке табыстады.

Жеңімпаз және жүлдегер командалар арнайы диплом, медаль, кубоктармен  марапатталды.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<