Жол құрылысы: Жаңақорғанда өнімді жұмыс бар

114

0

Жол – экономиканың күретамыры. Сондықтан жол инфрақұрылымның сапалы болуы өте маңызды. «Жол қадірін жүрген білер» демекші, елді мекендерді бір-бірімен байланыстырып, қайнаған тіршілікке жан беріп жатқан жолдың қадірін жүргіншіден артық ешкім біле қоймайды. Сыр өңірінде кейінгі жылдары жол құрылысы қарқынды жүріп жатқаны белгілі. Аудандық маңызы бар жолдардан бөлек, қала орталықтары мен кент ішіндегі көшелер де жөнделуде.

Мәселен, Жаңақорған кентінде тұрғындар көптен күткен игілікті іс – көшелерді асфальттау жұмыстары жүйеленіп, бірқатар аумаққа жаңа жол төселді.

Тегіс те сапалы жол елдің еңсесін көтеріп, халықтың көңіл-күйіне серпін береді.

Биыл аудан орталығындағы 4 көшеге 807,3 млн тең­геге күрделі жөндеу жүргізілді. Атап айтсақ, Т.Құлымбетов, Т.Әбенов, П.Өрғараев, Б.Ысқақов көше­­сінің (Әлімкөлден Ы.Алтын­сарин кө­шесіне дейінгі) жолы жаңар­тылды. Сондай-ақ Қ.Жарқынбекұлы көше­сіне орташа жөндеуге 112,5 млн теңге қаралып,  жұмысы аяқталды.

Аудандық қоғамдық даму бө­лімінің мәліметінше,  жыл аяғына дейін Б.Байкенжеев көшесі абаттан­дырылады. Сондай-ақ Хорасан ата көшесінің де келбеті заманауи үлгіде жаңармақ.

Жаңақорғандықтар үшін бұл – қуа­нышты жаңалық. «Жолы түзел­ген елдің – тұрмысы түзеледі» демекші, бүгінгі атқарылған іс – ертеңгі игіліктің кепілі.

Айта кету керек, биыл 17 елді мекендегі 55,7 шақы­рым болатын 36 көшені жөндеуге облыстық және аудандық бюджеттен 3,8 млрд теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде аудандық маңыздағы 192 шақырым жолдың қанағаттанарлық деңгейі 96,4 пайыз болса, жөндеу жұмыстары аяқталған соң көрсеткіш 98,4 пайызға жетеді.

«СБ» ақпарат