Қазақстан паспортының рейтингі жоғарылады
Қазақстан паспорты Henley Passport Index жаһандық рейтингінде өз позициясын жақсартты. 2026 жылғы жаңартылған дерек бойынша Қазақстан 57-орынға көтерілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Henley & Partners индексіне сәйкес, қазақстандық паспорт соңғы жылдары тұрақты түрде жоғарылап келеді. Енді қазақстандықтар 78 елге визасыз бара алады. Мысалы, 2023 жылы Қазақстан 70-орында болса, 2024 жылы 66-орынға, 2025 жылы 61-орынға көтерілген. Ал 2026 жылы 57-сатыға дейін жетті. Осылайша 2,5 жыл ішінде ел 13 орынға көтерілді. Рейтингте Қазақстан Боливия мен Беларусьтен жоғары орналасқанымен, Косово мен Қытайдан кейін тұр.
Дәрі-дәрмек төлемдеріне жаңа талап енгізіледі
Қазақстанда медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмек сатып алу чектерінде пациенттің ЖСН-ін көрсету міндетті болуы мүмкін, – деп хабарлайды Egemen.kz.
Қаржы министрлігі кассалық аппараттарды қолдану тәртібіне өзгерістер енгізу жобасын әзірледі. Жаңа талапқа сәйкес, емделу қызметтері мен дәрі-дәрмекке төлем жасаған кезде чекке пациенттің жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) енгізіледі.
Бұл өзгерістің негізгі мақсаты – есеп айырысу жүйесінің ашықтығын арттыру және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуын бақылауды күшейту.
Жоба қабылданған жағдайда, медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмек саласындағы қаржылық есептілік жүйесі қатаң бақылауға алынып, шығындардың ашықтығы артады деп күтілуде.





