ЖҰРТТЫҢ БӘРІ ГОЛОВКИННЕН СЕСКЕНЕДІ

322

0

ЖҰРТТЫҢ БӘРІ ГОЛОВКИННЕН СЕСКЕНЕДІ Генадий Головкин есімі жер жүзіне мәшһүр әлемдік деңгейдегі мықты спортшылардың бірі. Қазақтың сары баласы атанып кеткен кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин жайлы сөз қозғағанда оның мықтылығын әңгімеге арқау ететініміз жасырын емес. Қарағандыда 1982 жылдың 8 сәуірінде өмірге келген боксшы биыл 36 жасқа толады екен.
Кәсіпқой бокста орта салмақта өнер көрсететін жерлесіміз қазір әлем чемпионы. Оның жекпе-жектерін көру үшін адамдар кезекке тұрып жатады. Орта салмақтағы әлем чемпионы ( IBO тұжырымы, 2010 – қ.у; WBA тұжырымы, 2011 – қ.у; уақытша WBC, 2014 – қ.у).  2013 жылдың соңында WBA тұжырымы бойынша орта салмақ дәрежесіндегі қазақстандық суперчемпион Геннадий Головкин беделді американдық USA Today басылымының нұсқасы бойынша «Жыл боксшысы» атанған болатын.Ол жекпе-жектерінің барлығына қазақы ою-өрнекпен әдіптелген шапанды киіп шығады. The Ring журналына сәйкес P4P салмақ дәрежесіне қарамастан үздік боксшылардың ондығына кіреді.
 Жерлесіміз соңғы екі кездесуін тең дәрежемен аяқтады. Әсіресе, Сауль Альвареспен өткізген жекпе-жегін бүкіл әлем болып тамашалады десек артық айтқандық болмас. Әйтеуір, не керек, бұл бәсекеде кімнің жеңетіні бәріне қызық болды. Негізі, бокс әлемінде өзіндік орны бар оғланымыз рингке шыққан қарсыластарының басым бөлігін нокаутпен жеңіп, қолдау білдіріп отырған көрермендеріне қуаныш сыйлайды. Кейде жеңілістің дәмін татқан қарсыластары не болғанын да түсінбей қалады. Бұл сөзімізбен оларды әлсіз деуден аулақпыз, тек Головкинді жеңіске жетелейтін жеті қасиетінің бар екенін айтып өткіміз келеді.
Головкинді жеңіске бастайтын бірінші қасиеті оның сабырлылығында жатыр. Байқасаңыздар рингте кіммен кездессе де артық әрекетке бармай, үнемі ұстамдылық танытады. Екінші, Гена батырымыз соққыға төзімді. Шаршы алаңда қанша соққы тисе де, тепе-теңдігін сақтай біледі. Тиген соққыларды қабылдап, сол мезетте бойдан өткізіп жіберетіндей әсер қалдырады. Кейде өзін әдейі ұрғыза ма деп қаласың. Үшінші, қарсыластың ойын тез аңғарады. Сол себепті, бағыттаған соққысы да нық, қимылы да шалт болады. Төртіншіден, Геннадий жаттықтырушыны тыңдай біледі. Жеңіске жету үшін бұл да үлкен рөл атқарады. Бесіншіден, ол екі қолымен бірдей ұрып, бірдей ауыр соққы жұмсай біледі. Қарсыласы оң қолынан сескеніп тұрса, сол қолымен нокаутқа жібереді. Сол қолынан секем алып қорғаншақтап жүргенде, оң қолымен ұрып есінен тандырады. Алтыншы ерекшелігі ретінде қарсыласын бағалай білетіндігін қосуға болады. Мейлі кіммен шықсын бәрібір Генада менсінбеушілік деген жоқ. Жетіншіден, Головкин көпшілікті өзіне тарта біледі. Міне, біз белетін Генаның жеті ерекшелігі осы. Кім біледі, бәлкім басқалар Генадай чемпионның бұдан да көп қасиеттерін білетін шығар, алайда, оның осындай ерекшеліктерін сезетін басқа былғары қолғап шеберлері одан қорықпаса да сескенетіні анық.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<