ЖЫР ЖАМПОЗЫ – ЖАППАР ЖЫРАУ

647

0

ЖЫР ЖАМПОЗЫ – ЖАППАР ЖЫРАУ Сәрсенбі күні Тұрмағанбет ауылында Сыр сүлейлерінің ізбасары, жырау Жаппар Тұңғышбаевтың туғанына 85 жыл толуына орай «Жыр жампозы –Жаппар жырау» атты облыстық жыршы-жыраулар фестивалі өтті. Фестивальда Сыр бойындағы ұзандар өнегесін жалғастырып, өскелең ұрпаққа насихаттап жүрген Бидас Рүстембеков бастаған 15-ке жуық белгілі жыр жампоздары өнер көрсетті. Кеште құлақ құрышын қандырар мақам саздарымен төгілте жырлаған жыраулар бірінен бірі қалыспай, сүлейлер өнерінің өміршең екендігін тағы бір мәрте дәлелдегендей.
– Киелі мекенде жапырағын жайып, жыр арнасында ізін қалдырған Жаппар Тұңғышбаев Тұрмағамбет ақынның қамқорлығы мен жай оғындай жарқылдаған алымдығын пір тұтып, ежелгі өнерге өзгеше өрнек қосқан жырау болатын. Өнегесі мол Рүстембек, Үбісұлтандай ағаларынан үлгі алып, дәстүрлі өнерді жалғаған Жаппар жырау жыр сүйер жұрттың жадында мәңгі сақталуы тиіс. Бүгінгі фестивальдің де мақсаты осы, – дейді К.Рүстембекұлы атындағы Жыраулар үйінің директоры Серік Жақсығұлов.
Жүз шайыр шыққан Қармақшы топырағы қашанда киелі. Бұл мекенде Қорқыт бабадан бастау алған жыраулық дәстүрді Тұрмағамбет, Жиенбай жырау, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, Дүр Оңғар, Сәрсенбай жыраулар жалғаса, олардың ізін Алмас Алматов, Бидас Рүстембековтер басып, ұлы өнерді кейінгі ұрпаққа насихаттап келеді. Бұл ретте, елдің сыйлысы болған Жаппар жыраудың да орны ерекше болып қалмақ.

ЖЫР ЖАМПОЗЫ – ЖАППАР ЖЫРАУ ЖЫР ЖАМПОЗЫ – ЖАППАР ЖЫРАУ 

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
“Сыр бойы”.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<