Ұстанымы – ұлт мұраты

1246

0

Қаламы бар,


Жалғыз қару қолдағы,


Қиянатпен қабыспайды жолдары .


Күн кешпейді ол күйкі тірлік қамы үшін,


Қарапайым халық оның қорғаны.

Қалт жібермей,


қоғамның сан тынысын,


Паш ететін ынтымағын-ырысын.


Тілшіге тән тағдырында адалдық,


Бәс тікпейді ол қара бастың құны үшін.

Қаламында менмұндалап қасиет,


Құлағында


Халық айтқан өсиет.


Ұстанымы ұлт мұраты, тұрғанда,


Ұлағатқа ұстынымен бас иет.

Айқын етіп, азаматтық парызын,


Қабыл алып, болашақтың арызын.


Перзенті боп парасат пен пайымның,


Туған елге өтейді өз қарызын.

Жазған сайын ұшқын атқан жанары,


Тілшілерде елдің үміт-назары.


Телеарнада тер төгеді және олар,


Телегейлі теңіз болып хабары.

Ақпараттың айдыны боп мекені,


Ғұмыры оның елмен бірге өтеді.


Ел қуанса, атой салып жүрегі,


Ел мұңайса, жасқа толар етегі.

Содан болар,


«Халық» оның бір аты,


Қалам құшқан қадірінде қуаты.


Дала мінез киесі бар бойында,


Байлық та емес,


бақыт та емес, мұраты.

Қарапайым кескінінде ізгілік,


Қайығында қоңыр тірлік жүздіріп.


Күн кешетін қоңыр қалам құшақтап,


Қиындықта мойымайтын жүз тұрып.

Біздер, біздер,


Бәсі бөлек жандармыз!


Біреулерге ай мен күндей арманбыз!


Біреулерге шұғылалы таңдармыз!


Тәңір берген,


қолда қалам тұрғанда,


Күліп жүріп үміттерді жалғармыз!


Біздер, біздер,


Бәсі бөлек жандармыз!

Толқын Қабылша,

ақын.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<