Қазақтың көрнекті жазушысы, қоғам қайраткері Сәбит Мұқановтың 125 жылдығына арналған әдеби-сазды кеш Шиелі кентіндегі Бұдабай Қабылұлы атындағы мәдениет және шығармашылық орталығында өтті. Аудан әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған шара «Сөз – халықтың қымбаттан қымбат кені» тақырыбымен мемлекеттік қызметшілердің рухани әлеуетін арттыру, кітап оқу мәдениетін насихаттау, әдебиетке деген қызығушылығын ояту мақсатында өріс алды.
Жасыратыны жоқ, күнкөрістің әрекетімен базар жағалаған қарапайым халық түгілі көлдей кеңсенің төрінде көсіліп отырып, қомақты жалақы алатын қызметкерлердің көпшілігі кітап оқымақ тұрмақ, газет оқуға да құлықсыз. Бұл құндылықтардың құнсыздануы, яғни жан дүниесін рухани жағынан толықтырып, тазаламаудың соңы түбі шарасыздыққа апарады деседі тіл мамандары мен әдебиетшілер. Осылай кете берсе, мұның салдары жалпы қоғамдағы қарым-қатынасқа да селкеу түсіріп, адамгершілік қағидаттарының бұзылуына әкеліп соғуы әбден мүмкін деседі. Сондықтан аталған шараны сол олқылықтардың орнын толтыру, жастарды кітап оқуға үйрету, олардың бойындағы Отансүйгіштік қасиеттерді арттыру барысындағы қадам деп түсінсек болады. Жыл басынан осы бағытта ұйымдастырылып келе жатқан ізгілік бұ жолы қазақтың дарынды жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Сәбит Мұқановтың 125 жылдығына орай «Ботагөз» романына әдеби шолу жасаумен жалғасын тапты. Шындығында бұл роман өткен жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ қоғамындағы сан түрлі оқиғаларды шиырлайды. Әйел теңдігін арқау ете алынған туындыда қуанышынан гөрі ауыртпалығы мол және сол қиыншылыққа төтеп берген ұлтымыздың қайсарлығын көз алдымызға келтіреді. Яғни халықтың өтпелі кезеңдегі тағдыры мен тарихын суреттейді. С.Мұқанов тек қана жазушы емес, этнограф, ғалым, академик бастысы қатпарлы уақыттың шежірешісі де.
Кешті аудандық қоғамдық даму бөлімінің бас маманы Гүлшат Рысқалиқызы жүргізіп, оның мазмұнын көрерменге терең жеткізді. «Рухани өрлеу» мемлекеттік қызметшілерден құрылған топ романның кей тұстарын өз түсініктерінше баяндап, автордың шығармаларынан көркемсөз оқыды. Сахналық қойылымдар ұсынып, ән-жырмен әрледі.
Кеш барысында жазушы-журналист Нұрмахан Елтай, ардагер-ұстаз Айжамал Әбдіхамитқызы, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Исабек Байкенжеев, Шиелі аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Нәйла Палымбетова, ұстаздар Бақытжамал Серқұлқызы, Коммуна Исмаилқызы сөз алып, Сәбит Мұқановтың қазақ әдебиетіндегі орны, «Ботагөз» романының оқиғалары туралы ой өрбіте отырып, кітаптың ақылына ақы сұрамайтын қазына екендігін еске салды.
Кеш соңында сөз алған «Шиелі ауданы әкімінің аппараты» КММ бөлім басшысы Құттықыз Артыққызы мемлекеттік қызметшілердің рухани жан дүниесін, шығармашылық әлеуетін дамыту және кітап оқу мәдениетін арттыру мақсатында құрылған «Рухани өрлеу» атты шығармашылық ортаның негізгі бағыт-бағдары туралы ой бөлісті. «Белгіленген жоспарға сәйкес, өткен жолы «Өлең – сөздің патшасы» атты Жұбан Молдағалиевтің 105 жылдық, қазақтың біртуар ақыны Тұманбай Молдағалиевтің 90 жылдық, ақын, жазушы Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдық мерейтойларына орай поэзиялық кеш өткізілді. Сондай-ақ зиялы қауым өкілдерімен байланыс орнатып, рухани өзара ықпалдастықты күшейту көзделуде. Бұл бағыттағы жұмыстар мұнымен шектелмей, алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады» деді ол. Бұл жоба Тәуелсіздік күні мерекесіне орай, «Рухани өрлеу» атты шығармашылық ортаның жылдық қорытындысымен түйінделмекші.
Сонымен «Ботагөз» романын талдау шарасы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, оған қатысушы жастардың шығармашылық қабілеттеріне қозғау салған тағылымды әрі мазмұнды мәдени шара ретінде есте қалды.
Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.
Шиелі ауданы