«Я, Джамбул Джабаев, доверяю…»

1265

0

1983 жылы күзде Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтының екі жылдық Жоғары әдеби курсына оқуға кірдік. Бір-екі ай өткенде Павел Калина деген ақын дәрістесім:

– «Литературная учеба» журналының редакциясы сені іздеп жатыр. Тәп-тәуір қаламақың бар екен. Алмаймысың? – деді.

Сол журналда Мәскеуге өзім келер алдында бір топ өлеңдерімнің тәржімасы жарияланған. Студент атаулыға ақшаның артықтық етпейтіні бесенеден белгілі. Әсіресе, бала-шағасы жұртта қалған ақын-студентке екі есе керек. Тезірек қалтаға баспақ болдым. Бірер күнге Алматыға барып қайтсам деген ой да жылт етті. Қазақы көзбен қарағанда, Мәскеу – құмырсқаның илеуі, жынның ұясындай сапырылған, жойдасыз үлкен шаһар.

«Жатақханаға жақын жерде» дегеннен соң, алғашында жаяу тартып кетіп, редакция үйін таппай сандалып, табанымнан тозып, шаршап қайттым. Араға бір апта уақыт салып, мекен-жайын нақтылап сұрап, метросының, көше қиылыстарының сұлбасын сызғызып алып, қайта іздеп шықтым. Бірақ бұл жолы редакцияны тапқанымнан, бухгалтериясына кіргенімнен не пайда? Құр қалта қайттым. Маған тиесілі 150 сом қаламақыны олар екі-үш күн бұрын ғана Алматыға, Қазақстан Жазушылар одағына поштамен аударып жіберген болып шықты. «Уақытында келіп алмағаннан», – деді.

Күндердің күнінде стипендиям қолға тиіп, алып-ұшып Алматыға да келдім. Бала-шағаммен, ел-жұртпен шұрқырасып, көзайым боп жатырмыз. Тай-құлындай тебіскен дос-жарандарды да сағынып қалған екенмін. «Қаламгерде» қаламдастармен қауқылдасып, мауқым басылмай жатып Мәскеуден жолданған қаламақымды іздей бастадым. Жүз елу сом деген ол кезде әжептәуір ақша. Білдей бір қызметкердің айлығымен, баспа редакторының жалақысымен бірдей. Салыстыру үшін алсақ, Алматы мен Мәскеу аралығына қатынайтын ұшақ билеті 62 сом тұратын.

Ол кезде, мен көргенде, Қазақстан Жазушылар одағының кіреберісіндегі арнайы үстелде түрлі хат-хабарлармен бірге кеңқолтық Кеңес өкіметінің түкпір-түкпірінен жолданған қаламақылардың пошталық аударым хабарламалары да менмұндалап, жайрап, самсап жататын. Біздің қаламгерлер олардың ішінен өз атына келгенін тауып алса, қуанысып, бір-біріне жуып, жуғызып жүргеніне талай куә болғанмын. Сонымен қоса, әлдебір республикадағы газет-журналдар немесе баспалар біздің классиктеріміздің кей шығармасының аудармасын жариялай қалса, оның кейбірі, әлдеқашан бақилық болғанына қарамастан, қаламақысын Жазушылар одағына жолдайтын еді. Олардың арасында өздері өлі-тірісін білмейтін сүйікті жазушыларына хат салушылар да аз болмайтын. Бірде дүниеден өткеніне оншақты жыл болған Сәбит Мұқановтың атына да бір үшбу хат келгенін көріп, айран-асыр болғаным бар.

Бұл жолы сол үстелден менің атыма жіберілген пошта хабарламасы табыла қоймады. Біраз уақыт бұрын сонда жатқанын көргендер бар. Жазушылар одағының кеңсесіне кіріп сұрап едім, ондағы қыздар менің атыма әлдебір жақтан шынында да пошта аударымы келгенін, бірақ біраз уақыт жатқан соң оны ақын Жарасқан Әбдірашев алып кеткенін айтты.

Жарасқан ағамен сол күні-ақ жүздесіп қалдық. Жайраңдап көрістік.

– Жәке, – дедім, – менің атыма келген извещениені сен алған көрінесің, өзіме берсеңші.

– Қайдағы извещение? – деп ол өзімнен қайта сұрады. Мен оған «Литературная учеба» журналына шыққан өлеңдерімнің қаламақысын Мәскеуден бері іздетіп келе жатқанымды, іздеген жоғымның ұшығы өзіне келіп тірелгенін айттым. Жәкең бұлтара қойған жоқ:

– Ә, сен сол түкке арзымайтын тиын-тебенді сұрап тұрмысың?

– Тиын-тебені несі? Әжептәуір… Бақандай 150 сом…

– Тәйірі, жүз елу сом да ақша болып па? Соны да сөз етіп…

– Жәке-ау, ол саған ақша емес шығар, бірақ мен сияқты студентке… оның үстіне шетте жүрмін… ал мұнда шиеттей бала-шаға бар дегендей…

– Жә, жылай берме. Басқа қаламақыларыңды түгендеп алсаң да жетеді. Енді ол ақшадан күдеріңді үз. Шөмішбай Сариев екеуміз әлдеқашан оның басына су құйып қойғанбыз, – деді.

– Қалай?

– Қалай дерің бар ма, кәдімгідей…

– Кәдімгідей? Сонда… пошта оны сендерге қалай беріп жүр? Извещение менің атымда ғой?

– Сөз болғаныңа. Баламысың деген! Соны да білмей… Кәдімгідей, сенің өз атыңнан сенімхат жазып, өз қолыңды қойып, Жазушылар одағының мөрін соқтырып, поштаға сол сенімхатты апарып өткізіп, ақша алып, сосын… кафеге барып, жақсылап тойлап, ішіп қойдық… Басқа біреу емес, сенің өзіңнің денсаулығың үшін… өзіңнің өлеңдерің үшін… Құлағың қатты шулаған шығар?

– Сонда… Енді…

– Айттым ғой енді іздеме деп! Жалғыз сен емес… Шөмішбай екеуміз талайлардың, оның ішінде Шымкенттегі Тұрсынайдың да, Маңғыстаудағы Темірхан Медетбековтің де әр жақтан келген қаламақыларын талай рет осылай алып, дәл солай ішіп қойғамыз. Темірхан өзі айтқан «ала беріңдер» деп… Біз Маңғыстауға барсақ құятын арағы, ал өзі мұнда келсе бізге жұмсайтын тиын-тебені ғой. Екі есеп, бір қисап. Басқа елдердегі баспалар мен басылымдар біздің авторлардың нақты мекен-жайын біле бермейді. Содан пошта аударымдары осында алыстан келіп түсіп, іздеусіз, иесіз айлап жатады. Уақытында алмаса, пошта оны келген ізімен сол республикаға қайтарып жібереді. Сөйтіп, босқа күйеді. Ал біз болсақ, оны игілікке жаратамыз. Оны айтасың, бір жолы біз Шөмішбай екеуміз атам заманда сүйегі қурап қалған Жамбыл атамыздың өзінің қаламақысын алып, жұмсап қойғанбыз. Қара жер хабар бермесін. Аруағы риза болсын, – деді Жарасқан қызды-қыздымен.

– Ақшасын құртып қойсаң аруағы қалай риза болмақ?

– Аруағынан айналып, атын ардақтап, қайта-қайта тост көтерсең қалай риза болмасын? Тіпті қуанғаннан аунап-аунап түскен шығар. Ол кісіге енді қаламақының керегі не?

– Қызық екен, – дедім мен. – Жарайды, Темірхан екеуміздің көзіміз тірі ғой. Ал өткеніне қырық жыл болған жарықтықтың ақшасын қалай алып жүрсіңдер?

– Қалай дерің бар ма… Былай болды. Прибалтикада шыққан бір жинақта жарияланған өлеңдері үшін Жамбыл Жабаевтың атына осында азын-аулақ ақша келіпті. Эстонның бұғалтырлары Жәкеңнің марқұм екенін білмей, поштамен Алматыға, біздің одаққа жібере салған ғой. Аударым қағазы үстелде сарғайып көп жатты. Ары өтсек те, бері өтсек те, көздің құртын қозғап, қызықтыра береді. Оны алатын жан жоқ. Бір күні Шөмішбай екеуміздің қалтамыз тесіліп, бас жазуға түк таппадық. Әлдеқайдан оқыста келіп қалған, жатқан-тұрған қаламақымыз жоқ па екен деп қарақтап, сол үстелді айналсоқтап, сипалақтап көрдік. Қолға қарға тышар болмады. Жамбыл атамыздың атына келген қаламақы қағазы болса, көздің жауын алып үстелде жатыр. Екеуміз бөлмеде басымыз мәңгіріп, шиқылдап отырғанда бір ой келді. Содан мен сенімхат жаздым. Орыс тілінде. Бас поштадағылар орысша жазбасаң бермейді. Ақшаның қағазы ғой. Жауапкершілігі көп. Сонымен, былай деп жаздым. «Осылай да осылай… Доверенность… Я, Джамбул Джабаев, доверяю причитающееся мне сумму столько-то рублей получить Джарасхану Абдирашеву, номер паспорта такой, серия такая…» деп Жамбыл атамның орнына өзім шимайлап қол қойып, Шөмішбайға «заверяю» деп бұрыштама жазғызып, Жазушылар одағының бұғалтыр қыздарына апардық, олар бір сөзге келмей сарт еткізіп, мөр соғып берді. Оларға шоколад немесе шампан апарып береміз. Бітті! Ал поштада өңкей мыңқиған сауатсыз әйелдер, орыстілділер отыр. Жамбылды әлі тірі деп ойлайды. Бұ дүниелік емес екенін білсе, бізді маңына жолата ма? Міне, біз жиырмасыншы ғасырдың Гомері атанған ұлы жырау Жамбыл Жабаевтың өзінің қаламақысын ішіп қойғанбыз! Сталинді, бүкіл әлемді аузына қаратқан великий Джамбул! Ол Ленинградтық өреніне өлең арнаса, біз алматылық өреніміз! Ал Жамбылдың жанында сенікі не? Әншейін ғой. Суыртпаққа татымайды. Сен өз жолыңды жуып, Шөмішбай екеумізді ресторанға апарып сыйласаң да сол ақшаң кетпей ме? Одан да көп жұмсауың мүмкін. Солай емес пе? – деп арқамнан қағып тұрып, сөзін өзіме мақұлдатып алды. Қалай бас изей бергенімді білмей де қалдым. Сосын менің өз-өзіме келгенімді күтіп тұрмай, – қой, жүр одан да «Қаламгерге»! Сенің жолыңды өзім жуып берейін, – деді Жарасқан шашы жалбырап, ақсия күліп. Сол күлкісі өзіне жарасатын еді.

Барсақ, «Қаламгер» кафесінде Шөмішбай шалқып отыр екен. Бұл әлемде өзінен өзге ұлы ақын жоқ. Еркелеп, есіп отыр. Бізді құшақ жая қарсы алып, бас салып сүйе бастады. Өзі сүйіп болған соң, «Енді мені сүй!» деп қинайтынын қайтерсің?! Алдында қымбат коньяк. «Белый аист». Кімнің қаламақысына келгенін бір Құдайдың өзі білсін…

Ұлықбек Есдәулет

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<