Көкаралдан көтерілген күншуақ

450

0

Жазушы Айжарық Сәдібекұлымен әңгіме

Тетис табанындағы тіршілік

Бұл Аралдың тарихы – әлім­сақтан. Бір ғалымдар қырық миллион жылға шегеріп сөйлейді. Тетис деген мұхит болыпты. Жерорта теңізі, Каспий, Арал – бәрі бір айдын екен. Осы күнгі шұбатылған шөл Қызылқұм мен Қарақұм да су астында жатыпты, ал, ендеше! Жатса жатқан шығар-ау, әйтеуір құмды білек бойы қазсаң су шығады, бетінде ұлудың қалбыры мен қайдан келгені беймәлім майда ақ малта тастар жылтылдап жатады. Кеудесі биік ақбас Аралды төмен жатқан хазар Каспий сырқырата ішіп қойды ма екен, а? Бұл жағын біз білмейміз, енді. Біздің білетініміз, Арал айдыны шалқып тұрғанда Поволжье мен Перьмнің халқын аштықтан алып қалған. Көкірегінен сүт аққан ана-теңіздің сол мейіріміне мекіренген Хрущев деген Кеңестер одағының бас хатшысы айтқаны ақ болып тұрған дәуірде: «Аралдың балығы Мәскеудің бір күндік асы емес пе, оны құрғатып, тұзын алғаннан басқа пайда жоқ» – депті. «Америкадан мақта сатып алғанша, Өзбекстанды ақ алтын плантациясына айналдыру керек» дегені де бар. Сөйтіп, Әму мен Сырдың тамырын буып, Аралды тұншықтырып тастаған.

Біздің білетініміз, теңіздің қиыр шетіндегі Көкаралда еңбекті сүйетін елдің тіршілік еткені. Ұзындығы жетпіс, ені жиырма-отыз шақырымды құрайтын осы арал бір басын­дағы «Сталин», бір басындағы «Ленин» колхозын суға батырмай көтеріп тұрыпты. Бұл ауылдардың шын аты Ауан мен Аққұм болған. Бірақ, Кеңес үкіметі өзі түсінбейтін сөздерді сызып тастап, қазақ ауылына «қызыл көсемдердің» атын жапсыра берген – Ленин, Сталин, Калинин, Киров, Кагонович… Айтпақшы, «аван» деген де кірме сөз, французша. Оның мысалы, бұл жерге орыстан бұрын француз келген. Жаулай келмеген, балық аулай келген, жоқ саяхаттап жүріп соққан. Қайнап жатқан балықшы ауылдың тіршілігіне сүйсінген. Інжілде «Аван» Адам мен Еваның қызы делінеді. Сондықтан француздар жақсы, әсем, озық нәрсе көрсе Аванға теңейді-міс. «Аванс», «авангард» деген сөздер осы «озық» мағынасын мегзейді. Біз бұл жөнінде білгішсіне бермейік.

Сөзге дәйек болып отырған Ауанды сол кезде «Сталин», Аққұмды «Ленин» еді дедік. 1939 жылы желтоқсан айында «Ленин» колхозының балық­шысы Сәдібек пен Кіпияның отбасында бір ұл өмірге келді. Қайран ата-ана бес баласын жерге беріп, осы перзентінің жазушы боларын, сосын «Аққұмның ақ түндері» деген кітап жазатынын, әдебиеттің айдай жарық есіміне айналып құрметке бөленетінін іштей сезді ме екен, сәбиге Айжарық деп ат қойыпты.

Ауан мен Аққұмда қазір жан баласы жоқ, қумедиен. Ол жер­дің мәңгі тұрғындары – бақи­лық болған әке-шешелері ғана.

Өзімізбен иық тіресіп, тірмізік тірлікті қатар кешіп келе жатқан Айжағаң бүгінде сексен жасқа толып отыр.

Мен Айжарық ағаның алдында отырмын. Мақсат – кең құлашты қаламгердің қатпар-қатпар өмірсырынан өнеге алу. Бір кезде өздері сөйлеген үстелден келіп бірдеңені тәптіштеп сұрау да қиын екен. «Былай еді деріңіз болса, мен көшіруге кірістім» – дедім Айжағама.

1. Бейнет 

    арқалаған

    бозбалалық.

2. Жазу өнерін 

   қалай үйрендім?

3. Күр.

Біздің колхозды ел қылып, еңсесін тіктеген Сұлтан Смағұлов деген кісі еді. Ауылымызда оқыған адам болмады ғой деймін, сол адам Астрахан облысынан келді. Ел-жұрттың жағдайын жасауға берілген жан. Колхоздың кеңсесін, клубын, поштасын, балық өңдейтін цехтар, балық сақтайтын «лабаз» салдырған сол кісі. «Лабаз» жерасты қоймасы дегенді білдіретін ескі орыс сөзі болса керек, ішіне түйе шанамен кіріп, еркін айналып шығатын. Қойманы мұзға толтырып қоятын. Сөйтіп, оған ауланған балықты сақтайтын. Ал, оқудан қолы босаса, жұмысқа жегілетін балалар ойынға уақыт тауып, еңсесі биіктеу лабаздың төбесіне шығып асыр салатын. Өмірбек, Теміржан, Толыш, Сайын, Қуат – сол бір кездердің куәлары осылар.

Мен мектепте қабырға газетін шығаратынмын. Басқа нәрсеге алаңдамасын деп Рахила апай сыртымнан құлыптап кететін. Қазіргі балалар бақытты екенін түсінуі керек, біздікінің мектеп деген аты. Едені қара жер, терезесінен құм суырып тұратын. Мен сондай жерде бір жазғанымды қайта-қайта жөндеп уақыт өткізетінмін. Шынымды айтсам, апайдың сол қаталдығы менің жазу өнерін үйренуімнің басы болды. Сөйтіп жүріп ауылдан жетіншіні бітіріп, қалған оқуды Ауан мектебінде, ағайындардың үйінде жүріп жалғастырдым.

Онжылдықтан соң балықшы әкеме көмектестім. Нағыз қолғабыс болатын  кезімде тағы бір жаққа оқу іздеп кетуге арландым. Сонда әкелеріміз таң қараңғысында тұрады, сол алагеуімде шешемнің тамағы да дайын болады. Солайша, теңізге дендеп еніп кете барамыз. Мен – жылым қайықтың ескекшісімін. Кермеше саламыз, оның үстіңгі жағына ілінген шабақтарды бала-шаға да ағытып алады. Ал, ауыртпалығы бар астыңғы бөлігін тартып шығаруға қарулы жігіттер керек.  Қайықты төрт адам есіп, екі адам жылымды төгіп отырады. Айдарлы, Домалақ, Сарша, Қаратас деген сияқты қиыр-шиыр түбектер бар. Соның бәрін жағалаймыз, шамамен жетпіс-сексен ша­қырымға шы­ғандап кетеміз. Балық таяз қолтыққа кешқұрым ғана келе­ді, таң атысымен тереңге қарай тартады.

Кермешенің ұзындығы 500 метр болса, жылым мың құлаш. Қайықпен қалт-құлт етіп жүріп, шұбатылған жіпті балық төменге, бала жоғарыға тартқан жанкешті бейнет машақатын қолдан өткерген жанның бірі мен едім.

Жазда да, қыста да теңіздің өзіне тән әдемі көріністері болады. Көз алдымнан кетпейтін сондай сұлу көріністің бірі – күр. Қысқы дауыл теңіз бетіндегі бір-біріне айқасып қалған мұзды сапырып әкеліп, бір жерге үйеді. Күр деген сол, тау сияқты, айсберг! Тау-тастың ішінде жүргендей күрдің ара-арасымен зырылдап сырғанақ тебетінбіз. Коньки қайда, балалар оны түйенің не жылқының қабырғасынан жасап алады.

Осы енді ұмытылатын нәрсе ме, қайран біздің балалық…

1. Жүсіпбек  

    маңдайымнан

    сүйді.

2. Ермектің жады.

3. Оқу бітірмей

    журналист боп

    кеттім.

1961 жылы Қызылорда пед­инс­титутына түстім. Ол кезде жатақхана жоқ. Әбдіғани Аймағанбетов, Кенебай Қожахметов, Ұзақбай Мекебаев, мен – төртеуміз бір кәрістің үйін жалдап тұрдық. Турасы, мен өзімнен жоғары курстарда оқитын оларға келіп қосылдым. Оқуға шөлдеп келдім ғой деймін, ә дегеннен жақсы бастадым. Жоғары стипендияға іліктім. Бір күні қолыма Жүсіпбек Арыстановтың Ғани Мұратбаев туралы жазған повесі түсті. Бір түнде оқып шықтым, сосын сол кітап туралы ой-пікірімді жазып, қасымдағыларға оқып бердім. Олар осы мақаланы «Қазақ әдебиеті» газетіне жібер деді. Жіберіп едім, бір аптадан соң жарқ етіп шыға келсін.

Ақтай Тұрбеков дейтін оқытушымыз болатын. Бір аяғын сылтып басатын, жақсы оқитын студенттерге жанашыр болып жүретін. «Кино көріңдер, әр кино оңай оқып шығатын бір роман» дейтін. Бір үйде шешесі, әйелі, қызы үшеуі тұрушы еді. Шешесіне тамақты өзі істеп беретін.

Сол ағай мақаламды көріпті. Дереу мені ректорға ертіп кіріп, біраз мақтап алды. Авторды шақырып, кітап оқушылар конференциясын өткізетін болып келісіп шықты.

Өмірбаянынан білетінім Жүсіпбек Арыстанов жерлесі­міз, қазіргі Сырдария ауданында туған. Мәскеу университетін, Қызыл профессура институтын бітірген. Орта Азия мем­лекеттік университетінде оқы­ту­шылық қызмет атқарған. Сталиндік репрессияға ұшы­рап, жиырма жыл айдауда бол­ған адам. Ғанимен жақсы қарым-қатынаста болған кісі. Ректордың шақыруымен Алматыдан келді. Ақтай ағай айтқандай конференция болды. Мен баяндама жасадым. Жү­сіпбектің құлағы есті­мей­ді екен, баяндамамды оқып жатқанда ол қонақтарға қойылған үстелде газетке үңіліп отырды. Болған кезімде тұрып маңдайымнан сүйді.

Қазақ әдебиеті мен мәде­ние­­тінің қалыптасуына айтулы еңбегі бар адамның маң­дайым­нан сүюі менің өмірімдегі ұмы­тыл­­мас сәттерімнің бірі екені анық.

Бір күні лекция үстінде есікті қағып біреулер бас сұқты. Маған келіп тұрғандарын айтқан соң лектор сыртқа шығуыма рұқсат етті. Келіп тұрғандар «Ленин жолы» газетінде іс-тәжірибеден өтіп жүрген КазГу-дың студенті Абдулхамит Мархабаев, Қар­мақшы аудандық «Коммунизм шамшырағы» газетінде жүрген Рашид Жарылқасынов және сол газеттің редакторы Әзілхан Аманов екен. Олар мені инс­титуттан сұрап алуға келіпті. Аудандық газетте кілең шалдар қызмет етеді екен. «Жазып отырып, ұйықтап қалады» деді Әзілхан шынын айтып. Ол кезде Әзекеңді танымайтынмын. Сырттай білгенім болмаса Абдухамитты да бірінші көруім.

Қазақстан жазушылар ода­ғы­­ның облыстағы өкілі Насред­дин Серәлиев болатын. Жастарға бүйрегі бұрып жүреді. Осыдан аз уақыт бұрын «Ленин жолының» бір бетін студент жас­тарға арнаған. Сол бетке Әс­кербек Рахымбеков, Рахат Бәй­тереков, Ұзақбай Мекебаев үшеуінің өлеңі, менің бір әңгі­мем басылған. Мына үш адамды маған жетектеп келген сол әңгімемнің әсері екен. Қысқасы, мен аудандық газетке кеттім. Жазуға құмарлығым өз алдына, ақша да керек, ауылда ата-анам бар. Сонымен оқуыма ара-тұра соғып, 7-8 ай журналист болдым. Ал, 1962 жылдың қазан айында мені әскерге алып кетті. Әскерде жүргенімде газетте қызметтес болған Сағындық Бай­махановтан хат алдым. «Қар­мақшы мен Жалағаш екі ау­дан болып бөлінді. Біз Жа­лағашта, «Жаңадария» га­зе­тін­деміз, кадрға сусап отырмыз» – депті ол.

Ол кезде азаматтардың әскери борышын өтеу үш жыл­дық, студенттерге екі жарым жыл. Әскерден келісімен ректор Әділ Ермековке кіріп, сырттай оқуға ауыстыруды сұрадым. Ол кісі келіспеді. «Егер үшінші курсты да жоғары стипендиямен бітірсең, Лениндік стипендия ала­сың, бұл болашағыңа ке­рек» – деді. Бұл сөзге қара­май-ақ Жалағаш газетіне бардым. Редакторы Қален Әбдешов деген ағамыздың алдына кірдім, атыма қанық екен. Бірден бұйрық беріп, жұмыс істемесем де қолы­ма бір айлық жа­ла­қымды ұстатты. «Әке-ше­шеңді кө­шіріп әкел» деп қам­қор­лық танытты. Ауылға ба­рып, әке-шешеммен, ағайын­мен қауы­шып мауқымды бас­тым, бірақ кемпір-шал көш­педі. Ме­нің алған бетімнен қайт­пай­тынымды білген ректор Ермеков ақыры сырттай оқуға ауыс­тырды.

Әділ Ермеков ғажап адам еді, тамаша ғалым, феномен. Қазақ мектептеріне арнап орыс грамматикасының оқулығын жаз­ған. Бізге «Тіл бі­лімінен кіріспе» пәнінен дәріс оқыды. Ол кезде оқулық та жоқ, ағайдың өз қолымен жазған төрт дәптері болатын. Қолтығынан тастамайтын, біздің оқулығымыз сол. Бұл кісінің бір ғажабы, «Ботагөз» бен «Абай жолының» кез келген тарауын жатқа айтып беретін. Өлең жаттағанды білеміз, ал, бір әрпін түсірмей бір кітапты жатқа айту деген былайғы адамға сенімсіз нәрсе, бірақ, ол – шындық.

Ермеков бірде мені шақы­рып: «Жасым келді, Шымкент пединститутына кафед­ра мең­герушісі болып кетіп бара жатырмын. Ректорлығым бар, кандидаттығым бар, білім қоғамынан, министрліктен қо­сы­латын, төрт жерден айлық алдым. Құдай беріп тұрды. Мен сенің атыңа жүз сом ақша жазып қойдым, бухгалтериядан барып ал» – деді.

Жалпы, маған осы кісімен бірге, Ұзақ Бағаев, Қалтай Мұха­меджанов, Қален Әбдешов секілді қамқорлық танытқан адамдар аз болған жоқ. Сондай кездерде алдымда да, артымда тіреуім жоқ екені есіме түсіп, жақсы адамдардың жылы сөзіне көңілім босап, көзіме жас келетін.

… Әуелгі әңгімеге оралайын. Мен әскерде жүргенде Әбді­ғани мен Ұзақбай КазГУ-ға ауысып кетіпті. Қызылордада қалған Кенебай менің пәтер­дегі кітаптарымды жиып, Сек­сеуілдегі ағасының үйіне апарып қойыпты. Қасыңда қатар жүрген азаматтардың адал­дығына не жетсін! Ұзақбай Ал­матыға барған соң өндіре жазып, кейін Адам Мекебаев деген атпен қазақ әдебиетінің белді жазушыларының біріне айналғанын білесің. «Періште келіншек», «Жар жағалаған қыз», «Құпия қойма» дейтін кітаптары бар. «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы болды.

Сонымен, сырттай оқуға көшіп, «Жаңадария» газетінде екі жылдан аса қызмет еттім. Сосын Сырдария аудандық газетіне келдім. Сақтаған Есмаханов ағамызбен қызметтес болдым. Сол кезде үйлендім. Жүрегім қалаған жарым Мария әке-шешеден жастай қалған қыз еді. Орыс мектебін бітірген. Көкаралға келін болып түсті. Қырық жеті жасында бақилық болды. Артында аңырап бес бала қалды, «анасыз бала шын жетім» деген ғой. Сол жетімдік мені де айналып өтпеді, үйдегі отанасының орны қандай болатынын орта жолда айырылысқан біз секілді кісілер ғана білсе керек.

1. Арал қашты,

    ауыл көшті.

2. «Сыр бойы» –

    менің алтын   

    бесігім.

3. Сексен көрейін

    деген жасым ба      

    еді…

Алпысыншы жылдардың орта шенінде теңіз ішін тартып, балықшы жұрт қармағын жоғалтқан баладай болып қалды. Көкарал қара жермен астасты. Колхозды Құландыға апарып қосты. Бұл – өзің жақсы білетін, бүгінде ел ағасы болып отырған Қуанышқали Шапшаңовтың туған ауылы.

Атакәсібінен ажыраған ауыл үйдің біразы Ақтөбеге, Шалқарға, Қызылордаға қарай көш түзеді. Бір аталық түгел Жалағаштың «Таң» совхозына келіп жайғасты.

Хрущев әр отбасына бір сиыр, төрт-бес жандық ұстауға ғана рұқсат ететін заң шығарып қойған. Судан маржан сүзген қазаққа сиыр қолайлы мал емес, оны негізі Арқаның қазағы баққан, орыс шаруалары ұстаған. Біздің аталарымыз түліктің төресін түйе, өресін жылқы, өрісін қой деп санаған. Ал, егінге мүлде епті емеспіз. Өйткені тұщы су жоқ. Қар суын жиып, бір-жар қауын өсіргендер болмаса, бұл жердің балықтан қолы босамаған.

Бұл – біздің атақоныстан көтеріле көшуіміздің себептері.

… 1971 жылы Әскербек Рахымбеков екеумізді облыстық «Ленин жолы» газеті шақырды. Әсекең ол кезде облыстық радио­да жұмыс істеп жүрген.

Бізден бұрын да бұл газетте тәжірибелі журналистер жұмыс жасаған. Бізбен бірге газетке соны серпін кірді. Олар  –  Әскербек Рахымбеков, Дархан Сапаров, Әділхан Бәйменов, Әбдіхан Айдаров, Рысты Бекбергенова  секілді қаламы ұшқыр қыз-жігіттер еді.

«Ленин жолының» 1972 жылы он мыңыншы санының шы­ғуына орай Республика Жо­ғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, 1979 жылы 50 жылдық мерейтойына орай КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының жарлығымен  «Құрмет белгісі» орденін алуында сол қыз­меткерлердің еңбегі жатыр.    

 Кейін келген Қази Данабаев, Жолдасбек Ақсақалов, Оразбек Мақсұтов, Несібелі Рахмет, Сәрсенкүл Биқожа, Айғали Қарабалаев секілді журналис­тер де гаеттің бұрынғы беделін көтере түсті.

Негізі газеттің қожайыны құрылтайшы ғана емес, оқырман да оның егесі. Өйткені жазылым арқылы ол да ақша салып отыр. Сондықтан оқырманмен байланыс үзілмеу керек.

Қазіргі газеттердің тіл мәселесінен ақсап жатқаны шындық. Газет тіл тазалығы үшін күрес жүргізуі тиіс.

Қалқабай Әбенов газетті 18 жыл басқарыпты. Біз газетке алғаш келгенде типография баспа машинасының әріптері ескірген, тозған күйде еді. Облыс басшылығы газеттің сөзін пайдаланып, өзіне көңіл бөлмеген. Қазіргі жағдай жақсы ғой, жұмыс істеуге жан-жақты мүмкіндік жасалған.

Нұрділда Уәлиев 7 жыл, Әскербек Рахымбеков 6 жыл, Жақсылық Рахматулла 12 жыл бас редакторлық қызмет атқарды. Осы кісілердің бәрімен де қызметтес болдым.

Тоқсаныншы жылдары нарық заманы кезінде газеттің жағдайы мүлде нашар болды. Таралым былай тұрсын, талғажау етер нанымызды табу қиынға соқты. Сол кезде совхоз директорлары, шаруашылық басшылары газетке жанашыр болып, қаржылай, мүліктей көмек көрсетіп отырды. Сол кісілердің аты-жөні мен берген көмектері менің қойын дәптерімде сақтаулы тұр.

1994 жыл зайыбым Мария қайтыс болған соң, менің өз жағдайым да күрт төмендеді. Осы кездері «Түркістан» газетінде қосымша жұмыс істедім. Газеттің редакторы марқұм Қалтай Мұхамеджанов ерекше қамқорлық танытты. Зейнет жасына келген соң осы газетке бірыңғай ауыстым.

Мен «Сыр бойының» беделді басылымға айналуы үшін қызмет еттім, «Сыр бойы» менің халыққа танылып, абыройлы болуыма қызмет етті.

Сексен жасқа толуыма орай биылғы жаз айында сол кездегі облыс басшысы Қырымбек Көшербаев қабылдады. «Парасат майданы», «Жұмыр жерде біз бармыз» дейтін екі кітабыма демеушілік жасап, баспадан шығарып берді. Бұл үшін Қырымбек Елеуұлына алғыстан басқа айтарым жоқ. Облыс әкімі­нен соң Арал ауданы шақырып, мерейтойымды атап өтті. Аудан басшысы Мұхтар Оразбаев шапан жауып, қазақы құрмет көрсетті. Ақбасты аулында жұртшылықпен кездесу жасады.

Рахмет бәріне. Өзім қалам­гер есебінде оншақты кітап шыға­рыппын. Қазір «Жазушы» бас­па­сында бір кітабым, «Тұмар» баспасында бір кіта­бым басуға дайын жатыр.

Бұрынғылар «сексен көрейін деген жасым ба еді, быламық жейін деген асым ба еді» дейтін. Сол жарықтықтар айтпақшы, бұл өзі оңай жас емес екен.

Бірақ жан сергек, көңіл жүйрік.

Осы желтоқсанда жас тілегін айтатын, жасамыс батасын бере­тін туған күнім келе жатыр…

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<