Ұстаздан жалғасқан ұлағат

4

0

Биыл ардақты ұстаз, білікті басшы, өнегелі азамат Жалғасбек Ормахановтың 75 жылдық мерейтойы болар еді… Өмірден ерте өткенмен, оның жарқын бейнесі, өнегелі ісі, еселі еңбегі әлі күнге дейін ұмытылмай келеді. Адамның ғұмыры жылмен емес, артына қалдырған еңбегімен, өнегесімен өлшенеді десек, ағайымыздың өмір жолы – шын мәнінде тағылым мен тәрбиенің, адал еңбек пен азаматтықтың шежіресі. Бұл белесті өзі көре алмаса да, елге сіңірген еңбегі, шәкірт жүрегінде қалған ұлағаты уақыт өткен сайын бедерленіп, асқақтай түсуде. Уақыт көші алға қарай қанша тез жылжыса да, оның салмақты сөзі, азаматтық болмысы, ұстаздық жолдағы ерен еңбегі ұмытылмай, ел есінде сақталып келеді.

Ағайымыздың өмір жолы – тағы­лым­ға толы тұтас бір дәуір. Саналы ғұмырын білім мен тәрбие саласына арнаған, бір буынның жүрегінде сақталған тұлға.

Жастайынан білімге құштар ол сол кездегі әйгілі ҚазМУ-дың (қазіргі Әл Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық уни­верситеті) тарих факультетіне оқуға түс­ті, ғұла­ма ғалымдардан дәріс тың­дады. Университет қабырғасында жү­ріп-ақ бо­лашақ тағдырын айқын­дап, ұстаздық жолды таңдады.

Білім қуып, үлкен шаһарда қа­лып қоюға мүмкіндігі бола тұра, туған ауы­лындағы мектепке ұстаз болып оралуы оның азаматтық болмысының айғағы еді. Басты мақсаты елге, туған жерге қызмет ету, ұрпақ тәрбиелеу болды. Сол кездегі қазақтың маңдайалды уни­вер­ситетін бітіріп, ауыл мектебіне келуін на­ғыз елжандылықтың бел­­гі­сі дер едік. Ол қара басының қа­мы­нан гөрі, ұлт мұратын, ұрпақ тәр­биесін жоғары қоя білді.

Оқу орнын бітірген соң, 1976 жылы Жаңақорған ауда­ны Талап совхозындағы №54 Ок­тябрь орта мек­тебіне жұмысқа орналасты. Мектеп та­бал­дырығын жас ұстаз болып ат­таған күннен бастап-ақ білім беруді жүрек ісі деп қа­былдады. Тарих пәнін оқыта жү­ріп, оқушы­лардың бойына елге де­­ген сү­йіс­пеншілікті, ұлтына де­ген адал­­­дықты, әр ісіне жа­уап­кер­­­шілікті сіңіре білді.

Ұстаз – тек білім беруші ғана емес, ол тұлға қалыптастырушы тәлімгер. Жал­ғасбек ағай сондай сирек жандар­дың бірі еді. Жас ұстаздың бойындағы мә­дениет, қа­рапайымдылық, өнерге де­ген құрмет сабақ берген шә­кірт­теріне өнеге болды.

Тоғызыншы сыныпта оқып жүрген кезімізде көктемгі өнер фестивалінде ағаймен бірге мектеп сахнасында ұстаз бен шәкірт бо­лып, «Құстар қайтқанда» әнін орын­дағаным – менің өмірімдегі ең әсерлі сәттердің бірі.

Бұл әннің сөзін қазақ поэзия­сының көрнекті өкілі Қадыр Мыр­­за-Әли жазса, әуенін халқы­мыздың біртуар компози­торы Нұр­ғиса Ті­лендиев шығарған. Те­рең мағы­насы мен мұңлы әуені ар­қылы жү­рекке жететін туынды ерекше мәнге ие. Сах­наға шығар алдындағы толқуымды ағай­дың байсалды үні басып, сенім сый­лады.

Ол кісі бізге тек ән айтуды ға­на емес, өнерді сүюді, өз-өзіңе се­­­нуді үйретті. Ұстаз бен шә­­кірт­­­тің бір сахнада үндесуі руха­ни бай­ланыстың көрінісі еді. Ән аяқ­талған сәтте көрермен соққан шапалақ үні ұзаққа созыл­ды. Сол сәттегі бойымды кернеген қуа­ныш, толқу, мақта­ныш сезімі әлі күнге дейін санам­да жаңғырып тұр­ғандай.

Жылдар өтсе де, көктем кел­ген сайын, құстар қайта орал­ған шақта, сол әнмен бірге ұстазым­ның бейнесі көз алдыма келеді. Берген тәлімі мен сенімі шәкірт жү­регінде мәңгі сақталатынын осы­дан аңғарғандаймын.

Ол кісі, ең алдымен, шын мә­ніндегі ұстаз еді. Бізге сынып же­текшісі болып тағайындал­ған­нан бастап, сабағы да, сө­зі де бә­рімізге ерекше әсер қалдырды. Та­рихты жаттатқызбай, жүрекке жеткі­зіп оқытатын. Әрбір тарихи оқиғаның астарынан жеке адамға, ұлтқа, халыққа тән тағдыр мен тағылым іздететін. «Өт­ке­нін біл­меген ұрпақтың болашағы бұ­лың­ғыр» деген қағиданы жиі қайталап отыратын.

Ол кісі жас болса да тәрбиеші ретін­де әр баланың болашағына ерекше алаң­дайтын. Сабақтан тыс уақытта да тәрбие ісіне бейжай қараған емес. Ағай бә­рімізді кітап оқуға, ізденуге, елді, туған жерді сүюге үндейтін. Шы­найы педагог ретінде қатал талап пен әкелік мейірімді қатар ұстай білді. Сол талаптың, сол се­німнің арқасында талай шәкірт өз өмір жолын дұрыс таңдады.

Оның басқаруындағы мектеп тек бі­лім ордасы емес, тәрбие мен мәдениет­тің ошағына айналды. Шәкірттері жетіс­тікке жетіп, мек­­теп мерейін өсірді. Аз уақыт­тың ішінде оқушылар аудандық, об­лыстық байқаулар мен олим­пиадаларда жетістікке жете бас­тады. Басшылық қызмет тек бас­­қару емес, ұжымды бірік­тіру, ба­ғыт беру, үлгі бола білу еке­нін көрсеткен де Жал­ғас ағай еді. Ол мектепті тек бі­лім мен тәрбие ордасы ғана емес, бірлігі жа­рас­қан берекелі отбасына ай­нал­дырып жібереді.

Мектептен кейін Қызылор­да­дан жо­ғары білім алып, туған ауы­лыма қыз­метке келгенімде, кеше ғана өзіме са­бақ берген аға­йыммен әріптес атану ба­қыты бұ­йырды. Бұл – өмірдің сирек сыйы. Жалғас ағай маған шәкірт емес, жас маман ретінде қарап, ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар берген тәлімгерім болды. Қиын сәттерде сабырға шақы­рып, әр ба­ланың жүрегіне жол табудың маңызын түсіндірді.

Бүгінгі 75 жылдық мерейтойы қар­саңында өзі арамызда жоқ бол­са да, ұстаз рухына тағзым етіп, оның артына қалдырған еселі еңбегі мен жарқын бейнесін құр­метпен еске аламыз.

Ұлбала ӨТЕПҚЫЗЫ,

ағылшын тілі пәнінің мұғалімі,

еңбек ардагері