Күйбең тірлік

2469

0

Туған ауыл.  Таныс  аймақ. Ыстық көрініс. Есімімді алған жер, бесігіме салған жер, құдалар барған жер. Көзге жас үйіріледі. Ауылдың, дегенмен, өз тірлігі бар. Таң атысымен қас қарайғанға дейін тынымсыз тіршілік. Сырттарынан қызықтап қарап жүрмін. Азанмен тұрып сиыр сауады, оларды өріске айдап салады. Самаурынға шоқ салып қойып, нан жабады, ошаққа сүт пісіреді. Осылардың бәрі дайын болғанша, есіктің алдына су сеуіп, сыпырып алады. Күнде қайталанатын тірлік.

  Ағайдың үйіне жақын салынған тоқал тамнан (жас шамасы 60-70-тің ортасы) орта бойлы, арық қара әйел кіріп-шығып жүреді. Оның да күндегі тірлігі осы. Иінағашқа екі шелегін іліп алып, жолдың арғы бетінен суды күйбеңдеп тасып жүргені… Уақ малдарына шөп бергені… Жалғыз өзі. Балаларының бірі – қалада, бірі – аудан орталығында. Көп сөйлемейді, тұйық. Өз жасынан егделеу көрінеді. Сол әйелді көрген сайын ойлаймын, ішкі сандығының кілтін тауып, ашып сөйлеттірсе, шіркін, біраз сырдың беті ашылар еді-ау?

 Біраз жеңілдеп қалатындай көремін. Бірақ өзінше осылай бақытты шығар, кім білген. Осынша малды кім үшін бағып отыр? Сүт, айран, құртын арқалап, балаларына апарып беріп келеді. Жалғыз өзі болған соң, шайға шақырамыз, келмейді, «Не деген адам өзі?» деп үйдегі жеңгемнің ренжіп отырғаны… Қандай мықты жан деймін, бірақ осы жасқа келіп, не қызық көрді? Немерелерінің ортасында отыратын кезі емес пе? Бір түрлі аяп кеттім. Біреудің өмірінде нем бар? Әркім өз қалауымен өмір сүреді. Әр адамның өмірі өз ұрпағына ұмытылмас тарих.

  … Таза ауа. Тыныштық. Ауылдың тыныс-тіршілігі өзгеше бір әлем. Сол баяғы бітпейтін күйбең тірлік, сонда да олардың жүзінен шаршағанды, ренішті көрмейсің. Мүмкін, өмірлерінің мәні де осы бір бітпейтін тірлікте шығар…

Бибісара Кенжебекова-Омарова,

Қызылорда саласы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<