Ширақ қимыл, шұғыл әрекет керек

882

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қаладағы бірқатар медициналық нысандар мен дәріханаларды және сауда орталықтарын аралады.

Алдымен өңір басшысы қала тұрғындары жиі баратын «Magnum», «Small» сауда орталықтарында болып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасымен танысты.

Сауда орталықтарының бағасын бағамдаған аймақ басшысы  облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы мен  қала әкіміне азық-түлік өнімдерінің бағасын негізсіз өсуін болдырмау­ды және бірінші қажеттілік – нан, сүт өнімдерінің бағасын үнемі қадағалауды тапсырды. Сонымен қатар, эпидемиологиялық жағдайға сәйкес кауіпсіздік шараларын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін де ескертті.

Мұнан кейін облыс тұрғындарына алғашқы көмек көрсететін жедел медициналық көмек орталығының жұмысын көрді.

Жедел жәрдем орталығының дәрігерлері бүгінгі күні атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Қоңыраулар саны соңғы үш күнде азайғанын, дегенмен  диспетчерлер мен бригададағы мамандардың әлі де жетіспейтінін айтты.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Олжас Искаков пен қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа орталықтағы диспетчерлердің санын көбейту үшін шаралар қолдануды тапсырды. Сонымен қатар, жұмысқа медициналық колледждердің түлектерін еріктілер ретінде тартып, оларға қолдау көрсету мақсатында жеке кәсіпкерлермен бірлесіп жұмыс атқару қажеттігін айтты.

Әрі қарай өңір басшысы облыстық медициналық орталықта болып, аурухана жұмысын көрді. Бас дәрігер орталықтың қажетті дәрі-дәрмектерімен толық қамтамасыз етілгенін және  емделушілердің саны мен жағдайына қатысты есеп берді.

Мұнан кейін өңір басшысы «Ақ қайың» дәріханасында болды. Дәріхана жетекшісі дәрі-дәрмектердің не себепті жетіспей жатқаны туралы баяндады. аймақ басшысы облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысына, қала әкіміне дәрі-дәрмек бағасының негізсіз өсуін болдырмау мақсатында шаралар қабылдап, бағасын қадағалау және дәрі-дәрмектер бо­йынша тұрғындар қажет ақпарат алу үшін сенім телефондары мен WhatsApp желісінен арнайы конференция ашуды тапсырды.

Сондай-ақ, аймақ басшысы «СК-Фармация» ЖШС қоймасы мен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының, қалалық орталық дәріхананың және қалалық аурухананың жұмысымен танысты. Дәрігерлер дәріхана мен ауруханаларда дәрі тапшылығы, орын жетіспеушілігі туралы баяндады. Өңір басшысы қала әкіміне жедел шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ, облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің жұмысын көрген аймақ басшысы бас дәрігеріне және облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушысына, қала әкіміне шұғыл түрде диспансердегі емделушілерді Талсуаттағы ғимаратқа көшіріп, 120 орындық жұқпалы аурулар стационары етіп өзгертуді, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді тапсырды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<