Тәуелсіздік жылдарындағы Сырдың серпіні

699

0

Бейсенбі күні облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Онда мемлекет басшысының халыққа Жолдауынан туындайтын міндеттердің орындалуы, облыстық әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтылды. БАҚ өкілдерінің сауалдарына жан-жақты жауап берілді. Облыс әкімінің баспасөз мәслихатындағы сөйлеген сөзі оқырман назарына ұсынылып отыр.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын негізгі міндеттерді орындау аясында Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтып өтейін.

Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Сыр елі қарқынды дамып, индустриалды-аграрлық өлкеге айналды.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық бағыттағы тапсырмаларына сәйкес бұл жылдары өңір экономикасына 4 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Жалпы өңірлік өнімдегі өнеркәсіп өндірісінің үлесі 1991 жылғы 11 пайыздан 30 пайызға дейін, ал ауыл шаруашылығының үлесі соңғы 10 жылда 3,9 пайыздан 6,3 пайызға дейін артты.

Күріштің өнімділігі мен жалпы алынған өнімі бүгінде 1991 жылғы көрсеткіштерден 1,5 есеге өсті.

Өңіріміз жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілері санының өсу қарқыны бойынша елдегі үздіктердің қатарында (облыс-106,6%, республика-104,5%).

30 жыл ішінде 8 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді. Берілген тұрғын үйлердің көлемі 1991 жылғы 260 мың шаршы метрден бүгінде 600 мың шаршы метрге дейін жетті. 

Халықтың 97 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Бұл  жоғарғы көрсеткіштердің бірі.

Жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 2,5 есеге артқан (31%-дан 75%-ға дейін).

Жүздеген әлеуметтік нысан бой көтерді, оның ішінде облыстық медициналық, диагностикалық, перинаталдық, мүгедектерді оңалту және тағы басқа орталықтар бар.

Спорт инфрақұрылымы нысандарының саны 3 есеге, ал денешынықтыру және спортпен шұғылданатындар саны 6 есеге артты.

30 жыл ішінде 500 мыңнан астам бала дүниеге келсе, халықтың саны 592 мыңнан 824 мыңға дейін көбейіп, ал өмір сүру ұзақтығы 8 жылға артқан (64,4 жастан 72,79 жасқа дейін).

Экономикамен қатар, азаматтық қоғамда ілгері дамып келеді. Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары облыста 15-тен аса қоғамдық ұйымдар тіркелсе, бүгінгі таңда олардың саны 994-ке жетті.

2016 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа 450 млн теңге бөлінсе, биылғы жылы 125 жобаға 1 млрд-тан аса қаржы бөлінді (48 пайызға көп).

Өңірді тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамыту жұмыстары жалғасуда.

Облыс «жасыл аймақта» болғанына қарамастан, коронавирустық инфекцияны тежеу негізгі бағыттардың бірі болып қалуда.

Бүгінгі күні вакцинациялауға жататын облыс тұрғындарының 86,2%-ы (452 мыңнан 389954 адам) вакцинаның бірінші компонентін алса, 72,5%-ы екінші компонентін (328189 адам) алды.

Жыл басынан бері егу кабинеттерінің саны 34-тен 106-ға дейін артты.

Үй жағдайында қызмет көрсететін 39 мобильді, 167 мониторингтік топ жұмыс жасауда (15363 объект тексеріліп, 52 млн теңге болатын 799 бұзушылық анықталды).

«Pfizer» вакцинасын егуді 15 қарашадан бастадық. Бүгінде 23400 дозасы өңірге жеткізілді (талаптарға сәйкес 2 мұздатқыш камера сатып алынды, жақын арада тағы 10 камера мен 20 термоконтейнер жеткізілетін болады). Барлығы 97 мың доза жеткізу көзделіп отыр.

Аймақ басқа жедел респираторлық-вирустық инфекциялармен (ОРВИ) күресуге дайын, дәрі-дәрмекке қатысты мәселе жоқ.

Бүгінде өңірде бірқатар көрсеткіштер бойынша оң динамикаға қол жеткіздік.

9 айдың қорытындысымен өнеркәсіп өнімі өндірісі (0,5%-ға),  оның ішінде өңдеу саласы (12,6%-ға), сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі көбейді (2,3%-ға). Жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілері саны өсіп (6,6%-ға, 47,4 мыңнан 50,6 мың бірлікке дейін), құрылыс жұмыстары (2,4%-ға) мен пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі де артты (3,5%-ға).

Биыл 2408 пәтерлік 110 тұрғын үйлердің құрылысы жүруде, оның ішінде Байқоңыр қаласында 250 пәтерлік 5 тұрғын үй бар. Жыл аяғына дейін 1608 пәтерлік 94 тұрғын үй пайдалануға берілетін болады.

Облыс экономикасына (0,1%), оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция көлемі артты (2,6 есе).

Жұмыс жасап тұрған кен орындарының сарқылуына байланысты мұнай өндіру көлемі қысқаруда (92,1%). 2007 жылы өңірде ең жоғары өндіру көлемі 11,7 млн тоннаны құрады. Ағымдағы жылы болжам бойынша 4,2 млн тонна мұнай өндіріледі.

Жаңа кен орындарын іздеу мақсатында биыл Арал теңізі акваториясының «Батыс» және «Шығыс» учаскелерін, сондай-ақ, Сырдария шөгінді бассейні аумағының бір бөлігін сейсмикалық барлау бойынша жоба-сметалық құжаттама әзірлеу аяқталады. 2022 жылы сейсмикалық барлау жұмыстары басталатын болады.

Индустрияландыру бағдарламасының үшінші бесжылдығы (2020-2025 жж.) аясында құны 543 млрд теңгеден асатын 46 инвестициялық жобамен жұмыс жүргізудеміз, бұл өз кезегінде 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Биыл құны 45 млрд теңгені құрайтын, қолданысқа түскенде 500-ге жуық жұмыс орны ашылатын 4 жобаны іске қосу жоспарлануда. Олардың қатарында Қызылорда қаласындағы шыны зауыты бар.

Сонымен қатар, осы жылы Жаңақорған ауданында «Шалқия» кен орнында тау-кен байыту комбинатының (235 млрд теңге) және Арал ауданында кальциленген сода зауытының (93,5 млрд теңге) құрылысын бастау дайындықтары жүргізілуде.

Шиелі ауданында «Баласауысқандық» ванадий кен орнын игеру жұмыстары жалғасуда, осы жылдың желтоқсан айынан бастап ферромолибден өнімін өндіруді бастаймыз.

Суармалы сумен байланысты проблемаларды ескере отырып, біз ауыл шаруашылығы өндірісін, әсіресе, егіншілікті әртараптандыруды және су ресурстарын тиімді пайдалануды мақсат етіп қойдық.

Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес «Қараөзек» су қоймасын салу басталады (жалпы көлемі 775 млн текше метр).

Топырақтың қатты тұздануына байланысты біз суармалы жерлерде басқа дақылдарды тек күріштің ауыспалы егісінде сәтті өсіре аламыз. Сондықтан күріш егісін қысқарта отырып, күріш өсірудің тиімділігін арттыруға жұмыс жасаудамыз. Биыл күріш егісін 89,5 мың гектардан 83,6 мың гектарға дейін қысқарттық. Су тапшылығына қарамастан өткен жылғы деңгейде (550 мың тонна) – 500 мың тонна  (орташа өнімділік 59,8 ц/га) өнім алдық. Алдағы уақытта егін алқаптарын 80 мың гектарға дейін қалыптастыруды жоспарлап отырмыз, бұл ретте ылғал аз қажет ететін дақылдар – соя, жүгері, майлы (мақсары, соя, күнбағыс) және жемшөптік дақылдар (жоңышқа, сүрлем, жемдік асқабақ) егістігін ұлғайтатын боламыз.

Сонымен қатар, суландырудың ылғал үнемдеу технологияларын – аквагельдерді, жаңбырлатып суаруды, көшет әдісін енгізудеміз.

Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде мал шаруашылығында бүгінде мал саны 1991 жылғы деңгейден асып отыр (ірі қара мал басы – 223,1 мың бастан 342,4 мың басқа дейін, жылқы – 71,3 мың бастан 164,7 мың басқа дейін,  түйе – 26,0 мың бастан 51,5  мың басқа дейін). Жайылымдық жерлердің тиімділігін арттыруға және шалғайдағы мал шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударудамыз. Ол үшін пайдаланылмаған жайылымдардағы 452 су көзін жөндеуді жоспарлап отырмыз, бұл шамамен 1,7 млн гектар жерді пайдалануға мүмкіндік береді (қазіргі таңда 296 су қондырғыларын құжаттандыру жүргізілуде. Бұл жұмыстарға биыл облыстық бюджеттен 39,2 млн теңге бөлінді).

Жалпы, осы жылы жоспарға сай ауыл шаруашылығы айналымына 60 мың га жерді алу жоспарланса, оның 56,5 мың гектар жері алынды.

Құрғақшылық салдарынан Арал ауданында малдың жаппай қырылуы бізге елеулі сынақ болды. Суармалы судың жетіспеуіне байланысты төтенше жағдай жарияланды. Жедел шаралар нәтижесінде жағдай тұрақталды. Малшыларға көмек ретінде жем-шөппен қамтамасыз етуге, сондай-ақ, суат мәселесін шешуге, жайылымдарды, шабындықтарды суару және көл жүйелерін суландыру мәселелерін шешуге 600 млн теңге бөлінді.

Балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі өңірлік бағдарламасы іске асуда. Ол тауарлық балық көлемін 16 мың тоннаға дейін жеткізе отырып, 100 есеге ұлғайтуға мүмкіндік береді, ал балық өнімдерінің экспорты 2 есе – 8,5 мың тоннаға дейін өседі.

 Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында Тұрақтандыру қоры жұмыс жасауда (жыл басынан бері облыстық бюджеттен 3124 тонна өнім сатып алуға 900 млн теңге бөлінді), айналым схемасы бойынша қарыз қаражаты берілуде. Соңғы 2 жылда осы схема бойынша 15 кәсіпкерлік субъектісіне 1083 млн теңге бөлінді (кәсіпкер қарыз есебінен халықты нарықтық бағадан төмен бағамен азық-түлікпен қамтамасыз етеді, сондай-ақ, облыстың кез келген ірі дүкенінде өзінің әлеуметтік бұрышын аша алады. Қарыз қаражаты тауар өндірушілерге ауыл шаруашылығы өнімдерімен не оны қайта өңдеу өнімдерімен қамтамасыз ету үшін тікелей де беріледі. Субъект алған қарызын «Байқоңыр» ӘКК-ге кері қайтарады).

Жыл бойы тұрақты түрде 36 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді (азық-түлік тауарлары нарық бағасынан 15-20% төмен бағамен сатылды). Азық-түлік тауарларын өндірушілер және сауда субъектілерімен бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу туралы 300-ге жуық меморандумға қол қойылды, сондай-ақ, өндірушілер, көтерме жеткізушілер және ірі сауда желілерімен (4-өндірушімен, 4-сауда желісімен, 5-көтерме жеткізушімен) 13 монополияға қарсы комплаенс жасалды.

Нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар тауарларға баға индексі бүгінде орташа республикалық деңгейден аспайды (облыс – 100,2%, ҚР – 100,2%).

Жұмыссыздық деңгейі 4,9% (ҚР – 4,9%) құрайды. Жыл басынан бері 27 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды (27549), оның 14114-і тұрақты. Оның ішінде жұмыспен қамту орталықтары арқылы 849 мүмкіндігі шектеулі адам жұмыспен қамтылды, оның 306-сы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Биыл мүгедектерді әлеуметтік қолдауға барлығы 1,8 млрд.теңге бөлінді (РБ – 875,2 млн теңге, ЖБ – 924,6 млн теңге).

Шағын орта бизнесті дамыту мақсатында Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі экономикалық даму Картасын жүзеге асыру жалғасуда. Бүгінгі күні жалпы құны 9,5 млрд теңгеге 163 жоба (1,5 мың жұмыс орны құрылған) іске қосылды, оның ішінде биылғы жылы 74 жоба (2,3 млрд теңге), 426 жұмыс орны құрылды.

Қой, сиыр және жылқы етінен жасалған консервілер, күріш, қарақұмық ботқасы, жантақ балы, қауыннан жасалған чипсы және тағы басқалары өндірілуде.

Несие алу көлемі жыл сайын ұлғаюда. Биылғы жылы «Бизнестің жол картасы 2025» және «Еңбек» мемлекеттік бағдарламалары аясында және «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы жалпы құны 30 млрд теңгеге 2605 жоба қаржыландырылды (2020 ж – 23,4 млрд теңгеге 1659 жоба). Бизнеске жастардың белсенділігі артуда.

Ішкі нарықты өз өнімдерімізбен толықтыру мақсатында 2 пайызбен несиелеу бағдарламасын іске қостық. Ол мақсатқа облыстық бюджеттен 400,0 млн теңге бөлінді (348 млн теңгеге 14 жоба қаржыландырылды).

Кәсіпкерлікке көпбалалы аналарды қамтып отырмыз (олардың саны 26 мыңнан астам).

Мемлекеттік қолдау шаралары нәтижесінде шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 17 пайызға жетті.

Үкіметтің қолдауымен инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту мәселелерін шешудеміз.

Бүгінде облыс халқының 97 пайызы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілсе, 65 пайызы табиғи газды тұтыну мүмкіндігіне ие. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 67,4 пайызға жеткіземіз.

Жақсы жағдайдағы жолдардың үлесін жыл аяғына 75 пайызға дейін жеткіземіз.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында «Халық қатысатын бюджет» жобасы қарқын алуда. 2020 жылы қала аумағын суару және көгалдандыру жобасын жүзеге асырдық (10 млн теңге). Биыл балалар және баскетбол алаңдарын жөндеу, сонымен қатар, арық жүйесін қалпына келтіру бойынша 2 жобаны іске асыру мақұлданды (19,7 млн теңге).

Экологияны сақтау мақсатында санитарлық тазалауға қатысты рейдтер жүруде, 2018 жылдан бері «Қызылорда ЭКО-патруль» жобасы жұмыс жасап, оған еріктілерді де тартудамыз.

Білім беру саласында жаңа оқу жылы санитарлық нормаларды сақтай отырып, дәстүрлі форматта басталды.

1 қыркүйекке 748 орындық 3 мектеп пайдалануға берілді (Арал ауданы Сексеуіл кентінде 300 орындық, Қызылорда қаласының Саяхат ауданында 348 орындық және Шұғыла ауданында 100 орындық), оның ішінде 2 мектеп 448 орындық жеке меншік мектептер (Қызылорда қаласының Саяхат ауданында 348 орындық және Шұғыла ауданында 100 орындық). Жыл соңына дейін 900 орындық тағы 2 мектепті тапсыруды жоспарлап отырмыз, оның біреуі апаттық мектептің орнына (Жаңақорған кентіндегі 600 орындық №169).

Инклюзивті білім беруді дамыту үшін 47 мектепке дейінгі ұйымдарда, 27 мектепте инклюзив кабинеттері ашылуда.

Балалардың қауіпсіздігі мақсатында мектептер бейнебақылаумен қамтамасыз етілген.

Полицияның сервистік моделін енгізу бойынша Қарағанды облысының тәжірибесін зерделеудеміз, келер жылы оны енгізетін боламыз.

Елбасының тапсырмасына сәйкес биыл Қызылордада колледж оқушылары үшін 475 орындық 3 жатақхана пайдалануға берілді.

Бұқаралық спортты дамыту мақсатында өңірде 7 спорт кешені пайдалануға берілсе, 6 спорт кешенінің құрылысы жалғасуда.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста 2156 баланы қамтитын мемлекеттік спорттық тапсырысты қаржыландыруды 2021 жылғы 212 млн теңгеден келесі жылы 4312 балалар үшін 638 млн теңгеге ұлғайтуды жоспарлап отырмыз.

Биыл Қазақстан Олимпиада құрамасының ту ұстаушысы, боксшы Қамшыбек Қоңқабаев қола жүлдегер атанды.

Біздің спортшылар Әлем және Азия чемпионаттарында 66 медаль (24 алтын, 9 күміс, 33 қола), республика чемпионаттары мен кубоктарында 851 медаль (270 алтын, 245 күміс, 336 қола) жеңіп алды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірімізде мемлекеттік шығармашылық тапсырыс шеңберінде 1522 баланы қамтитын үйірмелерге биыл облыстық бюджеттен 100,1 млн теңге қаржы бөлінсе, келесі жылы 2150 бала үшін бұл қаржыны 301 млн теңгеге ұлғайтатын боламыз.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты республикалық ақындар айтысы, Сыр сүлейі Кете Жүсіп Ешниязұлының 150 жылдығына арналған «Жырлансын, Тәуелсіздік жыр бұлағы» атты жыршы-жыраулар байқауы өткізілді.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жүзеге асыру мақсатында халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері ретінде ІІІ томдық Сыр өңірі фольклоры антологиясының І томы «Жанқожа батыр» жарыққа шықты.

Бұл жоба Президенттің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында көзделген міндеттерді жүзеге асыру бағытында аймақтың даму көрсеткіштерін насихаттайтын «Сыр елі» мегажобасы аясындағы маңызды жобалардың бірі.

Ыбырай Жақаевтың 130 жылдығы аталып өтіп, Жалаңтөс Баһадүрдің 445 жылдығы аясында Қазалы ауданында ескерткіш орнатылады.

Келесі жылы «Халық қаhарманы» Роза Бағланованың 100 жылдығына орай Қызылордада ескерткіш орнатылады.

Сонымен қатар, тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау мақсатында ежелгі Бәбіш мола және ортағасырлық Жанкент, Сығанақ қалашықтарына қазба жұмыстары жалғасуда.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<