2023 жыл түркі әлемінде Темірбек Жүргенов жылы болып жарияланды

1470

0

2023 жыл түркі әлемінде Темірбек Жүргенов жылы болып жарияланды. Бұл туралы бүгін Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раевпен кездесуі кезінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тараптар биыл бірлесе атқарылған жұмыстардың қорытындысын талқылап, келер жылға арналған іс-шаралар жоспарын қарастырды. Қазақстан тарапының ұсынысымен 2023 жыл түркі әлемінде Темірбек Жүргенов жылы болып жарияланды.

«ТҮРКСОЙ ықпалымен түркі әлемінің ынтымақтастығы сапалы жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Тарихи-мәдени мұраны сақтауға маңызды мән беріліп отыр. 2023 жылы Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымының (ТҮРКСОЙ) құрылғанына 30 жыл толатынын білеміз. Мерейтой жылы барлық бағыттар бойынша жұмысты одан әрі жандандырып, бірігіп жұмыс істеуге дайынбыз», – деді Дәурен Абаев.

Айта кетейік, 2023 жылы Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына орай ТҮРКСОЙ қолдауымен фильм шығару және оны ұйымға мүше мемлекеттер аумағында көрсету жоспарланған.

Сондай-ақ, ТҮРКСОЙ деңгейінде театр және кино актрисасы Бикен Римованың 100 жылдығы, жазушы Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығы, қазақ ақыны, әдебиеттанушы, жазушы Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығы түркі тілдес елдерде кеңінен аталып өтеді.

Өз кезегінде Сұлтан Раев Ұйым аясындағы белсенді жұмысы үшін Қазақстан тарапына алғыс білдірді және мерейтойларды жоғары деңгейде өткізу ТҮРКСОЙ мемлекеттері арасындағы байланыстарды нығайтуға зор үлес қосатынын айтты.