24/7 режимі:  9 нәресте. 600 өтінім. 16 шақырту

1058

0

сурет ашық дереккөзден

2024 жылдың алғашқы сағаттарында 9 нәресте дүниеге келді. Оның 5-і ұл бала болса, 4-і – қыз. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Айгүл Төлегенова айтты.

– 2024 жылдың 1 қаңтарында 00:00-06:00 аралығында 9 нәресте дүниеге келді. Оның 4-і облыстық перинаталдық орталықта, қалғаны өзге босану бөлімшелерінде туған. Дүние есігін ашқан нәрестелердің жағдайы жақсы. Қазір сәбилер мен олардың аналары дәрігерлер бақылауында, – деді А.Төлегенова.

Сондай-ақ 109 бірыңғай байланыс орталығына 31 желтоқсан мен 1-2 қаңтар күндері 600 өтінім келіп түскен. Облыс әкімі аппараты жедел әрекет ету орталығының директоры Руслан Бүркітбаевтың айтуынша, түскен хабарламалардың басым көпшілігі – электрмен, сумен жабдықтау бойынша тұрғындардың жеке шағымдары.

– Өтінімдердің 555-і орындалып, 45 өтінім регламентке сәйкес жұмыс барысында. Ал қалалық электр тарату тораптары, су жүйесі қызметтерінде ақау тіркелмеді. Мереке күндері жағдай тұрақты болды. Ешқандай апаттық, жоспарлы жұмыстар жүргізілген жоқ, – деді Р.Бүркітбаев.

Сонымен қатар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Исабек Досжанов жеке құрам мереке күндері қызмет өткерудің күшейтілген тәртібіне көшірілгенін айтты.

– Департаменттің жауынгерлік есебінде 171 қызметкер, 42 техника, тікұшақ, 3 қайық қызмет атқарды. 31 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығында аймақта жағдай тұрақты болды. Оқыс оқиға тіркелген жоқ. Департаменттің құрылымдық бөлімдері 16 шақыртуға шықты. Пәтерге құлыпталып қалған екі жасөспірім құтқарылып, жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен 4 адам ауруханаға жеткізілді, – деді И.Досжанов.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<