30 жылдықта отызыншы көлік

803

0

Жалағаш ауданына қарасты Еңбек ауылының шаруалары марапат биігінен көрінді. Күзгі молшылық тойын ұйымдастырған «Еңбек-Жер» ЖШС бірнеше азаматқа лайықты құрмет көрсетті. Шаруашылық төрағасы Шәкізатхан Ысқақов егінші қауымның үздіктеріне көлік мінгізіп, қаржылай сыйақы да тағайындаған.

Ауыл еңбеккерлері күзгі өнімді ысырапсыз жинап алды. Қамбасын толтырған ауылдағы ағайынның бүгінде көңілі тоқ. Ала жаздай күнге күйіп, егіннің бейнетіне батқан қауымның арқасын кеңге салар уақыты да – осы кез.

Егін жинау маусымын қорытындылаған еңбектіктерді құттықтаған шаруашылық төрағасы алдымен жұмысшыларға тұрғын үй сыйлады. Механизатор Дастан Мұратбаевқа баспана салу үшін 7 млн теңгенің сертификатын табыстаса, күрішші Кенжебек Орынбаевқа құны 5 млн теңге тұратын үйдің кілтін сыйлады.

Шаруашылықта ширақтығымен көзге түскен жігіттер көлікті болды. Сушы Тұрсынбек Күздеуов, жүргізуші Нұрбек Көзденбаев, дәнекерлеуші Нұртас Жұбатханов су жаңа темір тұлпарды тізгіндеді.

Сондай-ақ, 18 жұмысшы қаржылай сыйлықтарға ие болып, еңбектері еленді. Мысалы, сушы Өмірбек Жаңабаев 1,5 млн теңге алса, шаруашылықтағы қос бас маман 600 мың теңге, бір маман 300 мың теңгенің сертификатын иеленген. Екі озат механизатор 600 мың, үш сушы 500 мың, 9 механизатор 300 мың теңгеден сыйақы алыпты.

Сондай-ақ, Шәкізатхан Ысқақов ауылдағы М.Байділдаев атындағы №232 орта мектепке музыкалық аппарат алу үшін 1 млн теңге қаржы бөлген. Ал жалпы тағайындалған сыйлықтың барлық құны 40 млн теңгені құрап отыр.

Молшылық мерекесінде ауыл ақсақалдары егіншілерге батасын берді. Бір қызығы, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесімен үндескендей, жыл сайын озаттарына темір тұлпар тарту ететін төрағаның осы кезге дейін 30 көлік мінгізгені белгілі болды.

Айта кету керек, аталған шаруашылық Еңбек ауылының гүлденуі мен  жұмысшыларының жағдайын жасауды бірінші кезекке қойған.

Е.БЕКМЫРЗАҰЛЫ

Жалағаш ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<