Абайдың бейнесін торт бетіне бейнеледі

833

0

Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күніне орай Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Tasty books» тәтті кітаптар фестивалі өтті.

Оқушылар бір шығарма желісі бойынша түрлі тәттілер, салат, тағы басқа тағамдар әзірлеп, көпшілікке ұсынды. Шығармашылық сайыста Абай жолы роман-эпопеясы, «Кішкентай ханзада», «Гарри Потер», «Цветы для Э́лджернона», «Алые паруса», «Алиса в стране чудес», «Хоббит», «Вафельное сердце», «Шрек», «Русалка» секілді әлемдік бестселлердің кітап мұқабасына торт даярлады.

– Бұл тортты біз алты сағат әзірледік. Қамырынан бастап барлығын өзіміз жасап шықтық. Үш түсті шоколадты пайдалана отырып, Абайдың бейнесін салдық. Сәтті шықты. Бұл шығарманың тәрбиелік мәні өте зор. Қазақ халқының өмірі мен тарихын баяндайды, – дейді 11-сынып оқушысы Арсен Ақназар.

Айтулы мерекеге орай дәстүрлі «Тосын сыйға кітап» акциясы да ұйымдастырылды. Оқушылар, ата-аналар және мектеп қызметкерлері бір-біріне сүйікті туындыларын сыйға тартты.

– Кітапсыз адам өмірі – бос. Кітап біздің досымыз ғана емес, сонымен бірге біздің тұрақты мәңгілік серігіміз. Бүгінгі «Кітап сыйлау» акциясына достарымызбен ең құнды да бағалы сыйлықпен бөлістік, – дейді 9-сынып оқушысы Ақнұр Мұсабаева.

Шара барысында мектеп директоры Жаңбыржан Бекболатов кітаптың адам өміріндегі орны мен тұлға болып қалыптасуындағы маңыздылығына тоқталып, «Руханият» оқырмандар клубының белсенді ата-аналарын марапаттады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<