«Әуезовтер» атындағы республикалық отбасылық ансамбльдер байқауы өтті

1012

0

Бүгін Қазалы аудандық Роза Бағланова атындағы мәдениет орталығында күйші, қобызшы, музыкант Махамбет және Романқұл Әуезовтер атындағы республикалық дәстүрлі отбасылық ансамбльдер байқауы өтті.

Байқауға Тараз, Атырау, Ақтөбе қалалары мен Арал, Шиелі, Сырдария аудандарынан келген халықтық отбасылық ансамбльдер қатысты.

Келген қонақтар ең алдымен «Әуезовтер» халықтық отбасылық ансамблінің 45 жылдығына арналған көрмемен танысты. Мұнан соң байқаудың ашылу салтанаты өтіп, көпшілікке қатысушы ансамбльдер таныстырылды. Жиынды аудан әкімінің міндетін атқарушы Күнтілес Назымбеков ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сонымен қатар «Әуезовтер» отбасына облыс әкімінің орынбасары Н.Амановтың және аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың «Құттықтауын» табыстады.

Бұдан кейін көпшілік ансамбльдің 45 жылдығына орай жарық көрген «Өнерімен өркендеген әулет» атты кітаптың тұсаукесерінің куәгері болып, ансамбльдердің өнерін тамашалады.

Дарынды отбасылардың өнеріне ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, күйші-қобызшы Арман Әуез, Қазақстан Композиторлар Одағының мүшесі, ҚР «Мәдениет қайраткері», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Сәукен Әліш, Қазанғап атындағы жоғары музыкалық колледжінің оқытушысы Төлеген Каденов, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, Шымкент Саз колледжінің ұстазы, филармония ұлттық оркестрінің, опера театрының симфониялық оркестрінің концертмейстері Космонавт Аюбаев және Қазалы ауданының білім саласының ардагері, «Атамұра» халықтық ардагерлер ансамблінің сүйемелдеушісі, дирижер, қобызшы Ерпазыл Жүсіп қазылық етті.

Нәтижесінде республикалық байқаудың бас жүлдесі Ақтөбе қаласынан келген «Шашу» халықтық отбасылық ансамбліне бұйырды. Сол секілді бірінші орын сырдариялық «Сәдуақасовтар», екінші орын Атырау қаласынан «Қарабалиндер» және үшінші орынды Тараз қаласынан қатысқан «Жаңабаевтар» халықтық отбасылық ансамблі иеленді. Ал арнайы жүлдеге Арал ауданынан келген «Қадырқұловтар» отбасы қол жеткізді.

Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<