Әзірлік жоспарға сай

662

0

Алдағы сайлау алғаш рет партиялық тізім бойынша өтеді. Сондай-ақ, тәжірибеде алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 проценттік квота енгізілді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалым Баймырзаев, сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Қожамжар Наурызбаев, сайлау  комиссиясының хатшысы Аягөз Сырлыбаева хабарлады.

– Парламент Мәжілісі  мен мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілді. Қызылорда қаласы мен аудандарда сайлау округтерін құру туралы аумақтық сайлау комиссияларының қаулылары қабылданды.  Жоспарға сәйкес Парламент Мәжілісіне кандидаттарды ұсыну 10 қарашада басталып, 30 қарашада жергілікті уақытпен сағат 18:00-де аяқталса, мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсыну 10 қараша мен 4 желтоқсан аралығында жүреді. Ал партиялық тізімдерді тіркеу 10 қараша мен 10 желтоқсан аралығында жүргізіледі, – деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалым Баймырзаев.

Бүгінде  Әділет министрлігінде 6 сая­си партия тіркелген. Олар: «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Ауыл» ха­лықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Бірлік» партиясы, Қазақстан коммунистік халықтық партиясы, «Nur Otan» халықтық-демократиялық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы. Сайлау кезінде бөлек бір мандат үшін емес, саяси партиялардың күресі болады. Олар өз кандидаттарын партиялық тізіммен ұсынады. Бірлескен сайлауда облыс, қалалар мен аудандарда дауыс беретін азаматтарға үш бюллетень беріледі.  Біреуі – мәжіліс, екіншісі – облыстық мәслихат, ал, үшінші бюллетень қалалық немесе аудандық мәслихат депутаттарын партиялық тізіммен таңдауға арналған. Осылайша, үш бюллетень бөлек саналып, нәтижесі де бөлек шығарылады.

– Бұл сайлаудың басты ерекшеліктерінің бірі – кандидаттар өзін-өзі ұсына алмайды. Бұрын бәсекелестік кандидаттар арасында болатын болса, енді партия арасында жүреді. Сондай-ақ, партиялық тізім бо­йынша мәслихат депутаттарына сайлау алғаш рет өткізіліп отырғандықтан, сайлау жарнасын барлық партиялар енгізеді. Партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар өз қаражатын жергілікті атқарушы органдардың шотына партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін заңда белгіленген ең төменгі жалақының бес еселенген мөлшерінде төлейтін болады, – деді сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Қожамжар Наурызбаев.

Айта кету керек, шет мемлекеттің, халықаралық ұйымның байқаушысына, сонымен бірге бұқаралық ақпарат құралының өкілі ҚР Сыртқы істер министрлігі берген аккредиттеу туралы куәлігі болған кезде сайлауда байқауды жүзеге асыра алады. Оларды аккредиттеуді жүргізу 4 қаңтарда сағат 18:00-де аяқталады.

Қазір облыс бойынша 385 сайлау комиссиясында 2817 мүше жұмыс жасайды. 9 аумақтық сайлау комиссиясы, 376 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс атқарады. Облыстық бюджеттен комиссия мүшелерін электронды оқытуға 32 млн теңге қаржы қаралып, 1176 комиссия мүшесін оқыту қараша айының 10-20 күндері аралығында өткізіледі.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<