Аласармас биіктік

1320

0

Адамның жылы сөзге жаны жылып сала береді. Дастарқан басында таныс інішектердің бірі «Аға, сіз әр тақырыпқа қалам сілтеп жүрсіз, нағыз абыз туралы неге жазбайсыз» деді. Рақмет айтуды да ұмытпадым. Бірақ, ішімнен «бұл бала қандай оймен айтты?» деген сұрақ мазалай берді. Шындығында абыз дегенге лайықты тұлғалар бар емес пе? Құдай-ау, Сыр бойындағы жалпы қазақтың бүгінгі абыз ақсақалдары кімдер, олардың қатарын кімдермен толықтыруға болады деп ойладым. Сосын өзге аға буынның өкілдерін, одан кейінгі ұрпақтың арасынан да мықтылар шыққанын миымның ішінен тізіп өттім.

Қолына ұстаған қаламын қа­зақтың рухын көтеруге арнаған жазушы-қайраткер Ш.Мұртаза бір сөзінде: «Дүйім жұрт сөзін тыңдап, пікіріне құлақ асқанды абыз дейді. Ауыл-аймаққа әмірі жүретінді ақсақал атайды. Ал, елдік сананы қалыптастыра ал­май, ауыл-аймақ күйбеңінің шыр­ғалаңында жүргенді шал дейді» депті.

Ақсақалдар түгілі көселердің де көсемсіген заманында шал­да­рыңыз шаң қауып қалары дау­сыз. Амалсыз әрі алдымен ақса­қалдарымыздың ақ жолы дұрыс болса екен деген ойда қаласың. Әрине, қарап отырып аспаннан қара бұлтты төндіре беруге бол­мас. Абыздар бар арамызда, же­тіп артылады. Бірақ, солардың бірі де бірегейі – Сейілбек Шау­хаманов еді деп кесіп айтсам ме­нің, ықыласымды ешкім те­ріске шығарып, жерге тастай сал­майтын шығар. Расы солай. Бұған талас жоқ.

Жұрт «Шаршамайтын Шауха­манов» атап кеткен Секеңнің сер­гек те сезімталдығын қалай мақтап һәм дәріптесеңіз де жарасады. Қолына талай қыз­меттің тұтқасы тиген кездің өзінде, оның бірде-бірінде жаман сөзге қалмақ тү­гілі, ескерту де алып көрмеді. Қария деген ат­қа кір келтірмей, өнегелі өмір сү­рудің өзі ғанибет екендігін көр­сетіп кетті.

Журналист ретінде біраз жыл қыс, жаз демей, ауа райы­ның жайсыздығына да қарамас­тан, бірде көлікпен, тағы бірде тік­ұшақпен де іссапарда бірге кө­бірек жүрдік, бірге дастар­қан­дас болдық. Мұны айтып отыр­ғаным, жолда жүргенде немесе дастарқан басында жасы бар, жасымысы бар, кейде ұсақ-түйек әңгіме айтып шар­шатып жіберетіні аян. Ал Сейілбек отырған жерде сіз де салиқалы әңгіме айтып, нағыз қазақылық қасиет алмасаңыз, ұят болар еді. Біз бір ай жата-жастана жатып оқыған «Бес ғасыр жырлайдыны» ол кісі бес-ақ күнде бітірген. Сөйтіп, ға­сырдан ғасырға жеткен, Алтын дәуірдің асыл дүниелерін жұртқа насихаттап жүрді.

Қоғамда «Қазыналы қарттар, қайдасың?» деген тосын сауал ту­ындар болса, біз соларды таба алмай жүрген жоқпыз, іздеуге мойнымыз жар бермей келе жат­қанын ұмытпағанымыз жөн деген ой туады. Шынтуайтына келсек, Абайдың қара сөздері­нен, ақын-жыраулардың өсиеті­нен, аңыз-әңгімелер мен бү­гінгінің саясатына дейін сан түр­лі сөз қозғай алатын, терек қазып ұлағатты ой айтудан жа­лық­пайтын, бір жаңылмайтын Сейілбек мырзаның мықтылығы осында жатса керек. Көнекөз қа­­рия­лар – ұлттың ұлт болып қа­­лып­тасуына, салт-дәстүрдің сақ­та­луына, жас ұрпақтың дұ­рыс бағыт-бағдар мен тәлім-тәр­бие алуына, дін мен ділдің, тілдің, басқа да асыл құнды­лық­та­рымыздың сақталуына, ел­дің бірлік пен ынтымақта өмір сүруіне бірден-бір себепші дер болсақ, Сейілбек сынды дана­лар­дың дәурені жалғаса беретіні сөзсіз.

Расында да, көнекөздерден қалған әр сөздің астарында ал­тынның сынығы жатыр деуге болады. Кемеңгер жазушы М.Әуе­зов «Қытайлықтар ұлы қы­тай қорғанымен, италия­лық­тар сазды әуенімен таңғал­дырса, қазақ халқы ұлттық құн­ды­лық­тары мен бай тілін мақтан етеді» деген екен. Сол айт­пақ­шы қазақтың құндылығы қоғам қайраткері Сейілбек Шауха­ма­новтың бір бо­йында толық сақ­талған еді. Сөзге ше­шен, істе көсем ақ­сақалдың әрбір тір­лігі еріксіз там­сан­ды­ратын әрі таң­ғал­дыратын.

Міне, бұған мы­сал­ды алыс­тан іздеудің қажеті шамалы. Қай заманды алсақ та, ата, әке – ақылшы, ба­ғыт беруші. Көне мем­ле­кет­терде бол­сын сақ, ғұн қо­ға­мында бол­сын патриар­хал­дық басым болған, би­леуші мен қара ха­лықты бі­тістіріп, та­быстырып отырған ау­зы дуалы ақсақалдар емес пе? Сондай асыл азаматтар қазірде бар дер болсақ, шашасына шаң жұқ­тырмайтын Шаухаманов со­лар­дың көш ба­сында жүзі жар­қырап, тілі сайрап, жігеріңді қайрап, қол-аяғыңды байлап, ақыл-ойыңды майлап, жайнап тұрар еді.

Өткен жылдардың бірінде Алтай Нұриддинұлы деген ба­уы­рымыз «Тұлға» атты мақа­ласында С.Шаухамановтың Шиелі ауда­нын басқарған жылдары тындыр­ған қыруар тірлігіне тоқтала ке­ле: «Аталы, баталы сөздер ті­зілген блокнотында тоқсан мың­нан астам мақал-мәтелдерді тізіпті. Көріп, қайран қалдым» деп жа­зыпты. Өз сөзінде Секең: «Бі­реулер баяндаманы оқып келе жатып, өз ойын қосып, толық­тырам деп далаға лағып кетіп, ой­ды шашыратып алып жатады. Баян­даманы өзің жазып, соны әдемілеп оқып берсең, әлгіндей кемшіліктерге жол бермес еді әрі сөзің таза, нық, өтімді шығады» деген екен.

Мұны айтып отырған се­бе­біміз, Секең бар болмысын бо­йынан да, ойынан да, көзінен де, сөзінен де айқын көрсете білген жан еді. Қара сөзге қамшы сал­дыр­майтын азаматтың шешендігі ше­берлерді көз алдыңа әкеледі. Жазуы қандай көркем болса, сөзі де сондай әсем. Жазуы мен сөйлеу тәсілі құстың қос қанатындай десек, артық айтпағанымыз. Оның жандүниесімен беріле жаз­ған кез келген дүниесін, публи­цистикаларын жазушы­лардың өзі мұртын бұза алмайтын. Бір­неше кітаптың да авторы болды. Өнердің шын жанашыры еді. Осының барлығы азаматтың бі­тім-болмысы бөлек­тігін аңғар­татын.

Кезінде Талдықорған, Қызыл­орда облыстарын басқарып, ҚКП орталық комитетінің инс­пек­­торы, бірнеше рет КСРО, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депу­таты, Парламент Сенатының ха­лық­аралық қорғаныс және қа­уіп­сіздік жөніндегі комитет мү­шесі, Көші-қон және демо­графия жөніндегі агенттік төр­аға­сының орынбасары қызмет­терін абыроймен атқарған С.Шау­хаманов адал еңбегі үшін мем­лекеттік марапаттаулардан да құр қалмаған. Бес ауданның Құрметті азаматы, «Октябрь рево­люциясы», «Еңбек Қызыл ту» ордені, Құрмет белгісі, «Ха­лықтар достығы», «Парасат» ор­дендерімен, көптеген медальдар­мен, Қазақстан мен Өзбекстанның Құрмет грамоталарымен марапат­талған.

Секең жары Жұпаркүл екеуі Нағима, Фатима, Нұрлан, Шол­пан, Ұлбосын есімді қыздары мен ұлын үлкен азамат етіп өсірді. Олардан немере сүйіп, бақыт құ­шағында жүріп, өзгелердің де бақытты болуын тілейтін, өзге­лердің де тірлігі түзу болға­нын қалайтын. Ұлы Абай­дың «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол» деген дана сөзі Секең секілді бір­туар аза­маттарға арналғандай көрінеді.

Ғұлама шайыр Әбубәкір Кер­дері «Би болмас белін жалпақ буғанменен, тазармас әсілі ха­рам жуғанменен» дейді. Бірақ, адам әу баста таза болуы керек. Сол кіршіксіз көңіл ұрпақтың бо­йына сіңеді. Адалдықты да, аза­маттықты да, имандылық пен ибалықты ата-анадан да, аға буыннан де үйрене білген С.Шау­ха­манұлының сегіз қырлы, бір сырлы болғандығын айтып тауыса ал­майсыз. Жасы 60-ты алқымдаған Абай, сексендегі Сүйінбай, тоқ­сандағы Жамбыл, оның за­ман­дасы Нұрпейіс Бай­ғанин өз­дерінің жас шамасын жасырмай соған лайықты тір­лік жасаған. Бір ауылдың ақ­сақалдарын бір жер­ге тоғысты­рып, ренжіскенін та­быстыра ал­май жүрген заманда Сейілбек Шаухаманұлы бүкіл бір облыс­тың қарияларын қасы­на жинап, ұлт бір­лігін, ұрпақ қамын на­сихаттап едік. Кез келген жерде шешіле сөйлейтін Секеңнің әр сөзінен даналардан қалған да­ралықты аңғаратын едік. Өмірдің өз айнасына айнала бастаған тұста қоғам қай­раткерінің өмір сүру қағидасы биліктегілерге де замандастарына да, жастарға да есте сақтап жү­руге, қолдануға лайықты дағды болғанын жақсы білеміз.

Оқығаны да, тоқығаны да көп азаматтың жүгінері – Абай. Ғұлама ақынның ғасырлар бо­йына азық болып қалар аталы сөздері қазір айтып жүрген Мәң­гілік елдің негізін қалайды. Абай білімді де, тәлімі мол тәрбиені де, еселі еңбекті де дәріптейді. Осы үшеуін қатар алып жүрген ұр­пақтың ұлы мақсатына қиналмай жететіндігіне сенеді. Отыз же­тін­ші қара сөздегі «Адамның адам­шылығы істі бастағанынан білінеді, қалай бітіргендігінен емес» деген пікірді басты ұс­таным ететін еді. Өз ортасында орынды сөз айтатын, ордалы ой қозғайтын Секеңнің де көңі­лін алаңдататын мәселелер бар­шылық болатын. Бір жур­налистің «Еңбек тәрбиесі деген қазір қалып бара жатыр ғой…» деген сұрағына: «Еңбек тәрбиесі жоқ. Еңбек тәрбиесінсіз де еш­теңе болмайды. «Адамды адам еткен – еңбек» – дейді. Менің оған қосарым, адамды адам етіп қал­дыратын да – еңбек. Мектепте, отбасында еңбек тәрбиесіне кө­ңіл бөліну керек. Жұрттың бәрі бас­тық болуы, ғалым болуы мүмкін емес. Мектеп оқушы­ларының та­ланттыларын бесінші сыныптан кейін химик шығатынын – хи­мик, физик шығатынын физик, тарихшы шығатынын тарих­шы болуға бейімдеу қажет. Мұн­дай бейімі жоқ балаларға тасқа­лаушы, слесарь, тракторист де­ген­дей, мамандықтарды жақсы меңгер­сең, жақсы өмір сүресің деген тәрбие керек. Қазір осын­дай тәрбие болмай отыр. Уни­вер­ситет бітіріп, жұмыссыз жүр­­гендер қатары көбейді. Сон­­дықтан баланы өмірге тәрбие­леуді, еңбекке баулуды – тәр­бие жұмы­сының ең басына апа­рып қойған дұрыс. Мысалы, уни­вер­ситет бітірген қыз от жаға алмайды. Ондай әйел кімге керек. Махаббат өтеді. Үйді жақ­сы ұстайтын, тамақты жақсы пі­сіретін, бәрі қолынан келетін әйел­ден ешкім де кетпейді» деп жауап беріпті.

Осы секілді отбасылық әңгі­менің арасында тамаша мысал­дарды тізбелеп отырып, ой бө­­ліскенде Сейілбек Шаухаман­ұлы­ның шаң қаптырып кететіні бар еді. Ы.Алтын­сариннің «Қа­шан да бір істі істегіңіз келсе, ол іске әуелі ақылыңызды, онан соң көзіңізді жұмылдырыңыз, сонан соң, ақы­лыңыз дұрыстаса, көзіңіз көріп жөнін тауып мақұл көрсе, тіліңіз бен қолыңызға сонда ерік беріңіз» деген нақылын аузынан тастамай үнемі айтып отыратын.

Абыздығын ауыл-аймақ емес исі қазақ жұртына мойындатқан мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов көзі тірі болғанда тура бүгін 82 жасқа толар еді. Қайраткердің биік болмысы мен елге сіңірген ең­бегі, жұртының жадындағы са­ғы­нышы туралы әлі талай ес­те­ліктер жазылатынына күмән кел­тірмейміз.

Итен ҚАРЫМСАҚҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<