«Ақ Жайықтың көз жасы»

6

0

Биыл тоғызыншы рет ұйымдастырылған, 37 шетелдік, 43 отандық баспаның басын қосқан, Орталық Азиядағы ең ауқымды мәдени-ағартушылық шаралардың біріне айналған «Astana Eurasian Book Fair – 2026» халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінде оқырман үшін жаңалық көп болды. Соның бірі – жерлесіміз Нұрсұлтан Мықтыбайдың «Ақ Жайықтың көз жасы» атты кітабының таныстырылымына зиялы қауым көп жиналды. Өйткені бұл кітап Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың және «Құрмет», «Отан» ордендерінің иегері Ақұштап Бақтыгереева публицистикасына арналған тұңғыш әрі жан-жақты зерттеу еңбегі болып отыр. Тұсаукесер рәсіміне келушілер автордан бөлек, ақынның өзімен жүздесу құрметіне ие болды. Ал кештің тізгінін танымал жазушы Жадыра Шамұратова ұстады.

«Фолиант» баспасынан әдемі ди­­зайнмен жарық көрген аталған кі­тап­тың өзіндік үш ерекшелігі бар: бі­ріншіден, қалың оқырманы сонау алпысыншы жылдардан бері қазақ әйелінің бей­не­сін асқақтатқан поэ­зия­сы ерекше сыршыл­дықпен, сезімтал­дықпен өріл­ген ақын деп таныған адамның публи­цис­ти­ка­лық қыры кө­рінген еңбек. Екін­ші­ден, атауы ерек­ше: әдетте біз көз жа­сы де­генде қуа­ныштың көз жасы де­ген тіркес еске түседі. Бұл жерде Ақ Жа­йық жағ­рапиялық атау ғана емес, ол – ел, халық, оның арғы жағында сол елдің мұңы мен мұраты, шері мен ша­мыр­қанысы жатқаны анық. Сонымен бірге кітаптың екі авторы бар деуге болады. Біріншісі – ұлт тағдыры туралы қа­лам тербеген ақынның өзі болса, екін­­ші­сі – қаламгердің әр жылдары түрлі ба­сылымдарда жарық көрген мақа­лала­рын негізге ала отырып, та­қыры­бының өзектілігі мен айтар ойы, ұлттық мүдде мен болмыс, қа­зіргі қазақ қоғамындағы рухани құн­ды­лықтар, тіл тағдыры, ұлт­тық тәр­бие мен экологиялық мәселелер тұрғы­сы­нан жан-жақты талдап, сара­лаған, публицистің азаматтық ұстаны­мы мен қаламгерлік үнін, ұлттық кел­бе­тімізді сақтау жолындағы күресін қа­­ра­­па­йым тілде баяндап, ақынның өт­кір пі­кірлері мен пайымдауларын сарап­та­ған Нұрсұлтан Мықтыбай.

Руханият пен әлеуметтік мәселелер жайын тоғыстырған әдемі әдеби жиын­­да алғаш болып сөз алған қоғам қай­рат­кері Ақұштап Бақтыгереева ай­рықша тебіреністе отырғанын жет­кізді.

– «Ақ Жайықтың көз жасы» де­ген менің мақалам еді. «Неге олай деп жаз­дыңыз?» деп сұрап жатыр жа­ңа жас­тар жағы. Ақ Жайықтың қара­пайым түсі­нік­те көзі жоқ өзен екені рас. Бірақ Ақ Жайық және қазақтың басқа да жерлері жылайтыны рас. Оны неге жасырамыз? Қалай жыла­май­ды Ақ Жайық? Ол жер­де 40 жыл бойы полигон жасады, 40 жыл бойы ядролық жарылыстар болды. Жәң­гір хан отырғызған сыңсыған орман бір күнде жоқ болды. Қырық жыл бойы баққан малы арам өлді, ба­ла­сы ауру туды. Шын мәнінде, Ақ Жа­йықтың жы­ламаған кезі жоқ. Әлі де буырқанып, ішінен тынып, ебіл-себіл болып жатыр. Менің бір таңғалғаным, студент кезінен жанымда жүрген, әде­биетке құмар, со­нау Сырдың бойында қазақтың аталы сөзіне сусындап өс­кен Нұрсұлтан ба­лам менің барлық жазғандарымды, тіп­ті өзімде жоқ ма­қалаларымды жи­нап, оны зерттеп, зерделеп, әбден са­ра­лапты. Ол мақала неге жазылды, аста­рын­да не жатыр, оқырманға бәрін қара­па­йым тілде тү­сінікті етіп ұсынып отыр. Бұл кі­таптың ішінде ұлт тағдыры бар, қа­зақтың басынан кешіп келе жатқан тауқыметі жатыр. Мұнда «Үш мың шақырым созылып жатқан темір­жолдың бойында әлі күнге дейін самса сатып жүрген қазақ әйелдерін көремін, солардың бағы қашан ашылады?» де­ген жанай­қайым бар. Иә, сол жылдар қа­зақ қызы қараусыз қалып, өз бетінше өсті, аналары базар жағалап кетті. Мек­теп ашу, тәрбие сағатын жүргізу ме­нің арманым еді. Оны қолдаған кім бар? Қоғамдағы болып жатқан ке­лең­­сіз­дік­тер өлеңге сыймаған кезде пуб­ли­цис­тика етіп жаздым. Аға ұр­пақ туралы ке­йінгі буынның қалам тер­беуі, жас­тар­дың көңіл бөлуі – мен үшін қуаныш. Әсіресе, Нұрсұлтанның осын­дай үлкен еңбек жасағанына ана ретінде алғысым шексіз, – деді ақын ағынан жарылып.

Жалпы кейінгі буынның алдың­ғы буынды іздеуі, оның шығарма­шы­лы­ғын өзі қызығып зерттеуі, жаз­ғанына құр­мет­пен қарауы сирек жағ­дай емес. Де­генмен, автор Н.Мық­тыбай бұл кі­тап­ты жазуды қолға алуына не түрт­кі бол­ғанын ерекше естеліктермен жет­кізді.

– Шынымды айтсам, бұл кітап осы­дан 5-6 жыл бұрын жарық көруі тиіс болатын. 2017 жылы Махам­бет Өте­місов атындағы Батыс Қа­зақ­стан мемле­кеттік универси­тетінде «Ақ­ұш­тап Бақ­ты­гереева публи­цис­тика­сын­дағы ұлт­тық таным мәсе­лелері» атты дип­лом­дық жұмыс қорғадым. Ол ақын пуб­ли­цистика­сының бір бө­лігі ғана бо­латын. Содан бастап апам­ның көсем­сөз­деріне деген қызы­ғушылығым бас­талды. Бұрын ақын ретінде ғана тани­тын жанды енді публицист ретінде тани бастадым. Қаламгердің замана шын­дығын, қоғам келбетін тап басқан мақа­лалары мені қатты толғантты. Сол дип­ломдық қорғауға зерттеу нысаны – Ақұштап апамның өзі келіп қатысты. Қорғау жұмысына зерттеу нысанының келуі бұрын-соңды болмаған жаңалық еді. Сонда балалығым ба, әлде Алла ау­зыма сөз салды ма, апама көптің кө­зінше: «Сіздің публицистикаңызды те­ре­ңінен, мүлдем басқа арнада зерттеп кітап етіп шығарамын» деп уәде бер­ген едім. Сол уәдемді 9 жылдан кейін енді орындап тұрмын. «5-6 жыл бұрын жарық көруі керек еді» деп отыр­ға­ным осы. Ең болмағанда, қалам­гердің 80 жас мерейтойына орай шы­ға­ра­мын деп ойлағанмын. Одан да қалыс қалды. Ол жалқаулығым емес, пуб­лицистің әлі де жаза түсетініне, ұлттық мәсе­ле­лер­ді қаузайтынына сенген­ді­гімізден еді. Бірақ «ештен кеш жақсы» дейтін ха­­лық­пыз ғой. Осы тұста кітапты шы­ғарып, көпшілікке ұсынған «Фолиант» бас­пасына зор ризашылығымды білді­ремін, – деді ол.

Осыдан соң кеш қонағы Ақұштап Бақтыгереева, Қазақстанның еңбек сі­ңірген қайраткері, филология ғы­лым­дарының докторы, профессор Се­рік Не­гимов, ақын, Мемлекеттік сый­лық­тың иегері, ТҮРКСОЙ Жазу­шылар ода­­ғының төрағасы Ұлық­бек Есдәулет, бел­гілі жазушы, кино­дра­матург, «Да­рын» мем­лекеттік жас­тар сыйлығының, «Ай­боз» ұлт­тық сый­лығының лауреаты Айгүл Кемел­баева кітаптың тұсауын кесіп, ақ жол тіледі.

Салтанатты рәсімнен кейін сөз ал­ған қаламгерлер ұлттық мүдде, тіл тағ­дыры, рухани құндылықтар мен эко­ло­гия тақырыптарын қозғаған ақын пуб­лицистикасының өзектілігі мен қо­ғамдық маңызына тоқталды.

– Ақұштап қаламынан туған мінсіз дүниелер – оның қоғам қайраткері ре­тін­дегі азаматтық болмысын, ұлт ал­­дындағы жауапкершілігін жан жү­­ре­­гі­нен тулап шыққан шындыққа суа­рыл­ған сөздері арқылы айқындайтын өзін­ше өзгеше әлем. Қоғамдық пікір қа­лып­тас­тырудағы рөлі өз алдына, ағар­ту­­шы­лық және тәрбиелік мәні, қо­ғам­ның көзі мен құлағындай халық пен би­лік арасындағы алтын көпір іс­петті әлеуметтік бақылау сипаты, өз дә­уірінің үніне айналуы тұрғысынан оның көшелі, зерделі мақалалары қо­ғам­дық, әлеуметтік маңызға ие. Ақын жаз­­баларынан ұлттық рухты айқын та­нытуға деген ұмтылыс, зор құш­тар­лық – ынтызарлық сезіледі. Ақұш­тап публицистикасын ақпарат тарату құ­ралындағы кезекті мақала емес, қо­ғам­дық ойдың айнасы және тарихи құжат ретінде зерттеу нысанына айналдырып отырған Нұрсұлтан Мықтыбайдың қо­лыңыздағы «Ақ Жайықтың көз жасы» атты кітабы теориялық негіздемесімен, жазушының тілдік ерек­шелігін жүйелі, жан-жақты, толық тал­дап зерделеуімен қым­бат. Бұл – Ақ­ұштап Бақ­тыгереева жазба­ларының қоғамдық сананы қа­лыптас­тырушы зияткерлік күш есе­­бін­де ғылыми ор­тада мо­йындалуы де­ген сөз. Журналистика, филология, сая­саттану ғы­лым­дары­ның түйіскен же­рін­дегі күр­делі процесс сана­латын бұл көсемсөздер – газет-журнал ма­те­­риалдары арқылы бел­гілі бір кезең­дегі қо­ғам­ның көңіл-күйін, әлеу­меттік мәселелері мен қоғамдық-саяси көз­­­қарасын айқын­дай­тын көшбас­шылық, стра­тегтік кемел идея­ларға ие дәуір да­уысы, ға­сыр құбыла­намасы. «Менің қаламым – тек сезімнің құралы емес, ол – шындықтың қаруы» деген ұста­ным Ақұштап көсемсөздерінің темірқазығы, беломыртқасы іспеттес. Қоғамдағы оқи­ға­ларға бейжай қара­майтын, ақи­қат шындыққа суарылған өткір ой­лар, шынайылық пен қайсар мінез, ба­тылдық пен қаһармандық рух сұңғыла оқырманды ойлантады. Бұл батылдық, жігерлілік болмаса, Ал­ланың ақ жо­лында жүрмесе, адам­шылықтың түзу жолын ұстанбаса, ол қалайша ақи­қат­ты іздер еді, қалайша ұлт сөзінің ай­на­­сындай алғаусыз ақта­рылып жа­зар еді?! – деді жаңа кітап жайында то­лым­ды пікір білдірген профессор Серік Не­гимов.

Ал ақын Ұлықбек Есдәулет ке­зінде Ақұштап Бақтыгерееваның қайрат­кер­лік бейнесі туралы ұтымды сөз айтқан Әбіш Кекілбаевтың баянда­масын еске алып, мұндай адамның тұлғасын, бей­несін ашатын дүниелер кейінгілер үшін керектігін алға тартты. Жазушы Айгүл Кемелбаева болса: «Нұрсұлтан Ақұштап апайдың азаматтық пози­ция­сын, ер азаматтардан кем соқпайтын қай­раткерлігін зерттеп-зерделеп жаз­ған екен. Бұл кітап резонанс тудыра­ды, өйткені қазіргі геосаясат үстем за­манда тойшыл, бейқам қазақ қоғамы үшін маңызы ерекше зор деп білемін. Үлкен әдебиетте, проза, поэзия жан­­рында өзіне ғана тән дара үнің болуы биік бағаланса, ол ерекшелік Ақұштап ақын­ның шығармашылық қазынасында бар. Ақұштап апай – менің де кейіп­керім. Мен ақын өмірінен алып екі әңгіме жаздым және Ақұштап деп өз есімімен жаздым. Нұр­сұлтан Мықты­байдың мына кі­табы деректі, зерттеу жанрының ен­шісі болса, менікі көр­кем проза. Әдетте шығармашылық тұл­ға­лар ту­ра­лы зерттеулер, мақалалар жа­зылады. Мен ұмытыла бастағандай се­­зілетін тенденцияны жаңғыртып, да­­рынды адамдар туралы көркем про­за жаз­дым. Мысалы, осы залда отыр­ған Ұлықбек Есдәулет, Серік Не­гимов, Дәу­леткерей Кәпұлы тәрізді шы­ғар­машы­лық иелерінің прозалық обра­зын неге жасамасқа?!» деп жас жазу­шыларға ерекше идея ұсынды.

Жалпы бұл тұсаукесерге Алматы, Орал қалаларынан арнайы келіп қа­тысқан жандардың қарасы қалың бол­ды. Солардың бірі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемле­кеттік жастар сыйлығының иегері, фи­лология ғылымдарының кандидаты, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, ән­ші, композитор Сәуле Жанпейісова А.Бақ­тыгерееваның сөзіне жазылған «Кіммін мен?», Н.Мықтыбайдың сөзіне жазылған «Ақұштап – ақ шағала» атты өзінің авторлық әндерін орындап, кеш­тің ажарын аша түсті.

Әдеби жиынның соңы автограф-сессияға ұласты. Ақын мен автордан қолтаңба аламыз дескен оқырмандар легі бір толастамады.

Ақнұр САҒЫНТАЙ.

Астана