Ақ Олимпиада алауы жағылады

1039

0

Енді санаулы күнде Қытай астанасы – Бейжің қаласында Қысқы Олимпиада алауын жағады. Жер-жаһанның жүзден жүйрік саңлақтары аспан­асты еліндегі айтулы аламанда сайысқа түсіп, үздіктерді анықтайтын жүлделерді сарапқа салады. Олардың қатарында қазақстандық спортшылар да бар. Еліміз тәуелсіз мемлекет ретінде жетінші мәрте беделді бәсекеде бақ сынауға мүмкіндік алып отыр. Бүгінгі күндері Қытайда олимпиадалық ауылдар шетелдік делегацияларды қабылдай бастады.

Қазақстандықтар қысқы спорт түрлерінен алдыңғы қатарда көрініп жүрген жоқ. Тек тоқсаныншы жылдарға дейін кеңестік құрама қатарында жүлдегер атанған. Мәселен, қостанайлық шаңғышы Иван Гаранин 1976 жылы Австрияның Иннсбрук қаласында өткен XII Қысқы Олимпиадада екі қола медаль еншіледі. Ал 1988 жылы Калгариде өткен дүбірлі додада шаңғы спортынан Владимир Саханов күміс, Владимир Смирнов қос күміс пен қола медальға қол жеткізді.

1994 жылы алғаш рет қазақстандық спортшылар тәуелсіз еліміздің көк туын желбіретіп, Ақ Олимпиада ойындарына қатысты. Сол жолы шаңғышы Владимир Смирнов 1 алтын, 2 күміс медаль алып, қазақстандық жанкүйерлерді көл-көсір қуанышқа кенелтті. Осының нәтижесінде еліміз жалпыкомандалық есепте 12-орынға тұрақтады. Содан бері отыз жылға жуықтады. Өкініштісі, ел құрамасынан осындай толайым табысқа әлі күнге дейін ешкім қол жеткізген жоқ. 1998 жылы Жапония­ның Нагано қаласында өткен дүбірлі додада шаңғышы Владимир Смирнов қола еншіледі. Осындай биіктен конькимен жүгіруші Людмила Прокашева да көрінді.

Одан кейінгі 2002 жылы АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити, 2006 жылы Италияның Турин қалаларында өткен екі Олимпиададан қазақстандық спортшылар құрқол қайтты. Сол олқылықтың орнын 2010 жылы Канаданың Ванкувер қаласындағы ойындарда қазақстандық биатлоншы Елена Хрус­талева аз-кем толықтырды. Ол жекелей сында күміс медаль алды. 2014 жылы Ресейдің Сочи қаласындағы беделді бәсекеде мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен қола жүлдегер атанды. Ал 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхёнчхан қаласында өткен ойындарда Юлия Галышева фристайлдың могул түрінен бір қола медальға қол жеткізді.

Шорт-тректен Қазақстан командасының көшбасшысы, әлем кубогі кезеңдерінің жеңімпазы әрі жүлдегері Абзал Әжіғалиев пен конькимен жүгіруден төрт құрлық чемпионы Екатерина Айдова 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасында Қазақстан олимпиадалық құрамасының туын ұстаушылар болып бекітілді.

Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты 4 ақпан күні Бейжіңдегі ұлттық стадионда өтеді.

Қазақстаннан  34 спортшы  8 спорт түрінен 87 лицензияға қол жеткізді. Облыстарға бөлсек, ең көп спортшы Шығыс Қазақстан облысынан (9) және Алматы қаласынан (8), қалғаны – басқа өңірлерден.

Шаңғымен жарысудан еліміздің атынан екі ер адам және бес әйел адам сынға түседі. Олар – Виталий Пухкало, Евгений Величко, Ксения Шалыгина, Валерия Тюленева, Ирина Быкова, Надежда Степашкина және Ангелина Шурыга.

Фристайл-могулдан Юлия Галышева, Аяулым Әміренова, Олеся Граур, Анас­тасия Городко, Дмитрий Рейхерд және Павел Колмаков еліміздің атынан жарыс жолына шығады. Ал шаңғы акробатикасынан Жанбота Алдабергенова, Ақмаржан Қалмұрзаева және Шерзод Хаширбаевқа үміт артамыз. Сондай-ақ, тау шаңғысынан Захар Кучин слалом мен гиганттық слаломда сынға түссе, әйелдер арасындағы слаломда Александра Троицкая ел сенімін ақтауға күш салады. Шаңғымен секіруден  Сергей Ткаченко мен Данил Васильев Олимпиада жолдамасын иеленді, шаңғы қоссайысынан Шыңғыс Ракпаров  аталған спорт түрінен Олимпиадаға алғаш рет қатысып отыр. Биатлоннан Галина Вишневская-Шепоренко, Александр Мухин мен Владислав ­Киреев, конькимен жүгіру спортынан Надежда Морозова, Екатерина Айдова, Дмитрий Морозов, Иван Аржаников пен Денис Кузин үздіктер қатарында сынға түседі. Шорт-тректен Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Яна Хан және Ольга Тихонова сынды отандастарымыз бар.

Дайындаған

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<