Ардагерлер кеңесінің кезекті отырысы

757

0

Достық үйінде облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті отырысы өтті. Онда қоғамдағы бірқатар өзекті мәселелер талқыланып, оны іске асырудың жолдары сөз етілді. Жиынға облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов, облыстық жергілікті атқарушы органдардың басшылары, ардагерлер қоғамдық ұйымының жетекшілері, тұрақты комиссия мен салалық ардагерлер кеңесінің төрағалары қатысты.

Ардагерлер ұйымдарының басты міндеті – қарт адамдардың әлеуметтік-құқықтары мен олардың міндеттерін қорғау болып табылады. Бұдан бөлек, аймақтың ардагерлер ұйымы ел болашағы жастарды патриотизмге тәрбиелеуді басты ұстаным ретінде қарастырады.

Облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов аймақтың қоғамдық-саяси ахуалын тұрақтандыруда және ұлтаралық келісім мен татулықты нығайтуға облыстық ардагерлер кеңесінің үлесі зор екенін атап өтті.

– Облысымызда ардагерлер кеңесі мен бастауыш ұйымдардың жұмысын жақсарту мақсатында тұрақты түрде көшпелі семинарлар ұйымдастырылуда. Бұл аға буын өкілдерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және олардың мәселелерін оң бағытта шешуге ықпал етеді, – деді Шахмардан Асқарұлы.

Басқосуда 70-тен аса белсенді ардагер «Қызылорда облысының құрметті ардагері» төсбелгісімен марапатталып, құрмет төрінен көрінді. Сондай-ақ, өңірде денсаулығына байланысты төсек тартып жатқан, әлеуметтік тұрмысы төмен, жалғызбасты 54 үлкен буын өкілдері бар. Олардың үйіне барып хал-жағдайын сұрау және барынша көмек көрсету шаралары үздіксіз жүргізілуде.

Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<