Ардагерлерге құрмет көрсетті

365

0

Ұзаған жылдың мәресінде Қармақшы ауданы мен Байқоңыр қаласында «Германиядағы Кеңес әскерінің тобы мен Варшава келісім-шарты әскерінің тобы ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалы құрылған еді. Кешегі сенбіде Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары Жұлдызхан Ерқосаев аталған шет елдерде әскери қызметін өтеген жауынгер-ардагерлерді қабылдады.

Кездесуге «Германиядағы Кеңес әскерінің тобы мен Варшава Келісім шарты әскерінің тобы» ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Тастанов пен Апбазбек Төлегенұлы арнайы келіп қатысты. Сондай-ақ, облыстық және Қызылорда қалалық филиалдарының жектешілері Алтынсары Шүренов, Марат Оспанов, Қармақшы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, «Невада-Семей», «Чернобыль» және «Тәжік-Ауған соғысы» секілді бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Жиында республикалық қоғамдық бірлестіктің төрағасы Бақыт Тастанов сөз алып, бірлестіктің мақсат-міндеттерін айтып өтті.

– Бірлестіктің құрылғанына небәрі 8-9 ай болды. Қазір елімізде бейресми дерек бойынша 20-30 мың интернационалист жауынгер бар. Нақты кезеңде олардың 6 мыңнан астамы осы ұйымның мүшесі атанып үлгерді. Бірлестікті құрудағы мақсат – аға ұрпақ бойындағы патриоттық тәрбие мен ұлттық құндылықтарымызды өскелең жас ұрпақтың бойына сіңіруге жәрдемдесу, сондай-ақ, ұлттық құндылықтарымызды сақтап, оны дәріптеуге үйрету. Бұған қоса, интернационалист жауынгерлердің жүріп өткен жолын насихаттау және жастардың Қарулы Күштер қатарында борышын өтеуге деген ынтасын арттыру. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды бастап та кеттік. Елімізде мектептер мен колледждерде түрлі іс-шаралар, кездесуер өткізіп, патриоттық тәрбие беруге үлесімізді қосып жатырмыз, – деді Б.Тастанов.

Аудан орталығы Жосалы кенінде Қазақстандағы жалғыз Вьетнам соғысының ардагері Иса Бисенов есімді қарт тұрады. Қазір 81 жастағы ардагер 1964-1967 жылдар аралығында Ленинград әскери округінде борышын өтеп жүрген кезінде Вьетнам соғысына қатысқан кеңестік полктің құрамында бір жарым жыл уақыт болған. Оған үкіметтік емес ұйымның куәлігі мен «Алғыс хатын» ҚБ жетекшісі Бақыт Тастанов тапсырды. Қазақы дәстүрмен иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

Жиында аудан әкімінің орынбасары Ж.Ерқосаев және облыстық және қалалық филиал төрағалары А.Шүренов пен М.Оспанов Германиядағы Кеңес әскерінің тобы мен Варшава келісімі бойынша әскери қызметін өтеген бірқатар қармақшылық жауынгерлерге қоғамдық бірлестіктің куәлігі мен арнайы төсбелгісін табыстады. Ардагер Сағатбек Қосназаров алғысын білдірді.

Басқосуды аудан әкімінің орынбасары қорытындылап, жауынгер-ардагерлерімізді қалай құрметтесек те артық емес екендігін жеткізді.  Жаңа қоғамдық бірлестіктің жұмысына табыс тіледі.

Жанболат ӨМІРЗАҚ,

Қорқыт ата атындағы

Қызылорда университетінің

4-курс студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<