«Астана» даңғылының ажары

323

0

Жол – тіршілік өзегі. Бұл тұрғыда биыл өңірдегі тірліктің айы оңынан туып тұр. Әсіресе қаланың жол құрылысында құшағы кең. Соның ішінде жаңадан салынып жатқан жолдарға геосетка технологиясы да пайдаланылуда. Бұл жарамдылығын жақсартып, сапа мерзімін ұзартады дейді мамандар.

Қазіргі таңда қала орталығындағы «Астана» даңғылында жол құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Мұнда жұмыстың басым бөлігі аяқталған. Әлгі айтқандай, мұндағы ерекшелік – асфальт үстіне тор төсеніш (геосетка) төселіп, содан соң ғана жол жабындысы салынады. Бұл тәсіл бұған дейін Сырдария өзенін жағалай салынған Тәуелсіздік даңғылына қолданылған.

«Астана» даңғылы – шаһардағы тоғыз жолдың торабындай басты көшелердің бірі. Жол құрылысына жауапты мердігер – «Қыран» ЖШС. Учаске бастығы Қонысбек Бердімұратов құрылыстың сапалы әрі уақытылы орындалуын қадағалайтынын жеткізді. Бүгінде даңғыл бойында 10-ға жуық техника мен 15 шақты жұмысшы тынбай еңбек етуде.

– Жолдың 1,5 шақырымы ғана қалды. Санаулы күнде толығымен бітіреміз деген жоспарымыз бар. Жолдың жалпы ұзындығы 3 шақырым, ені 35 метрді құрайды. Геосетка – Ресей өнімі. Қалған қажетті шикізат – өзіміздің отандық өнімдер. Геосетка төселіп, барлық талап сақталып отыр. Өзімнің құрылыс саласында 10 жылға жуық тәжірибем бар. Мұндай жолдың салынуы сапаны айқындайды, – дейді «Қыран» ЖШС жұмысшысы Айдос Адамов.

Жалпы қазір облыс көлемінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдың үлесі 82 пайызды құрайды. Алдағы уақытта 87,5 пайызға жеткізілмек. Республикалық және облыстық бюджеттен 36 млрд теңге бөлініп, өңірде ұзындығы 569 шақырым автомобиль жолы жөндеуден өткізілмек.

Қала жолдарының сапасын жақсарту мақсатында барлығы 12 млрд 473 млн теңге бөлініп, 320 көшеде қайта жаңғырту, орташа жөндеу жұмыстары жасалуда. Бейбарыс сұлтан көшесінің 4,2 шақырымы 4 жолақты, 1 шақырымы 6 жолақты жолға ауыстырылды. Мұндағы мақсат – көшелердегі көлік кептелісін болдырмау. Жаңадан салынған жолдарға жергілікті тұрғындардың ризашылығын да айту керек.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<