Асыға күткен Ақ Олимпиада

763

0

Жаһан жұртшылығы асыға күткен 2022 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары жалауын көтеретін күн де жетті. Ертең, 4 ақпанда Қытай астанасы – Бейжің қаласында дүбірлі доданың алауы жағылып, жұмыр жердің әр қиырынан келген спортшылар жарыс жолына шығады. Төртжылдық доданың ашылу салтанаты Нұр-Сұлтан уақытымен 4 ақпан күні, сағат 17:55-те басталады.

Бейжіңде Ақ Олимпиаданың ашылуында еліміздің байрағын биыл алғаш рет бір емес, екі спортшы алып шығады. Оның бірі – шорт-тректен Қазақстан құрамасының көшбасшысы Абзал Әжіғалиев, екіншісі – конькиші Екатерина Айдова. Екі спортшымыз да құрамадағы тәжірибелі, жүлдеге таласуға мүмкіндігі жоғары спортшылар.

Беделді бәсекеге біздің еліміздің атынан 34 спортшы қатысады деп күтілуде. Қазақстандықтар 87 жолдама бойынша жүлдеге таласады. Олар шаңғы жарысы, фристайл акробатика және могул, конькимен жүгіру, шорт-трек, биатлон, тау шаңғысы, тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы сияқты 8 спорт түрінен сынға түседі.

Қысқы Олимпиаданы өткізу құқығын Бейжің 2015 жылы 31 шілдеде алды. Осылайша Қытай астанасы әлемде жазғы және қысқы Олимпиада ойындарын қабылдаған алғашқы қала ретінде тарихқа енгелі отыр.

Айтулы аламан «таза мұз бен қардағы қуанышты күн» ұраны негізінде ұйымдастырылады. Ұйымдастырушылар ал­дағы уақытта миллиондаған қытайлықтардың қысқы спорт түрлеріне қызығуына жол ашады деп үміттеніп отыр.

Қысқы спорттың жеті түрінен 109 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Жарыс Бейжің орталығы, Яньцинь және Чжанцзякоу секілді үш аймақта өтеді. Айта кетсек, Яньцинь – астаналық қала маңындағы аудан, ол бас шаһардан солтүстік-батысқа қарай 80 шақырым жерде орналасқан. Онда Ұлы Қытай қабырғасының әйгілі бөліктері саналған Бадалин мен Джунгугуан келушілер қызығушылығын арттыра түседі. Онда шаңғы, бобслей, скелетон және шана спортында медаль сарапқа салынады.

Ал Чжанцзякоу солтүстік-батысқа қарай көршілес Хэбэй провинциясында орналасқан. Онда танымал Чунли қысқы курорты бар. Бұл жерде сноубординг, шаңғы спортының барлық түрі және биатлон жарыстары болады.

Олимпиада ойындарына барлық қатысушылар мен арнайы қонақтарына олимпиадалық аумақтан себепсіз шығуға тыйым салынған. Алайда, Халықаралық олимпиада комитеті жаңа ереже бойынша атлеттерге тәртіп жеңілдетілген. Онда коронавирус жұқтырған науқаспен байланыста болған азматтар карантинге 14 күн емес, 7 күнге жіберіледі. Алайда, олар күніне екі рет ПТР-тест тапсыруға міндетті.

Бейжің Олимпиадасын ұйымдастыру комитеті спортшыларға маска тағу бойынша ережені қатаң сақтауды ескертіп отыр. Барлық спортшы карантин талаптарына сәйкес маска тағып жүруге тиіс. Ал жүлдегер атанған спортшыларға марапаттау кезінде маска шешуге рұқсат етілді.

Олимпиадашылармен бірге Қытайға спорттық дәрігерлер де аттанды. Олар вирусты инфекцияға қарсы емдеу шараларын жүргізеді. Ойынға қатысушылар осыған дейін міндетті талаптарды сақтайды. Ол міндеттер – ұшар алдында карантинге жату, күн сайын вирусқа тест тапсыру, геолокацияны бақылап отыратын мобильдік қосымшаны қолдану. Қатысушылардың бәрі қатаң тәртіпті сақтады. Қытайдағы барлық олимпиадалық нысандар QR код бойынша кіргізеді.

Бейжің Олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арналған тұғыр экологиялық таза және өңделген материалдардан жасалған. Аспан көк түс 2022 жылғы қысқы ойынның негізгі түсі саналады. Сондай-ақ, қар мен мұз да үйлесім тапқан. Тұғырдың үсті спортшылар тайып кетпеуі үшін арнайы материалмен жабылған. Тұғырды тез жинап, тез жаюға болады. Хоккейшілерге арналған тұғыр үлкейеді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арналған бойтұмарлар да эксклюзивті түрде дайындалған. Олар негізгі бойтұмарлар  – Бинг Двен Двен мен Шуи Рон Рон үлгісінде жасалған. Бойтұмарларды қарағайдан дайындалған гүлдесте, бамбук пен қара өрік әрлендіре түсті. Бұл материалдар табандылық пен жаңа өмірлік күшті, сыйластықты білдіреді.

Ойындарды «Qazaqstan», «Qazsport», «Хабар» және «El arna» телеарналарынан тікелей эфирден көруге болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<