Асыл қасиет тағынған ардагерлер

1986

0

Үлкенді құрметтеу ұлтына, руына, бет-жүзіне қарамай жасалады. Қазақ халқы «атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деп қарттарды қадірлеуді қатаң ескертеді. «Жүк ауырын нар көтерер, ел ауырын ер көтерер» дегендей, кезінде барлық қиындыққа арқасын тосқан қарт кісілерге ұрпақ басын июге тиіс.

Міне, сондықтан да ардагерлер күні барлық елде аталып өтіледі. АҚШ-та бұл күн мемелекеттік мереке санатына жатады.

Біздің елімізде «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасының заңы бар. Осы заңда ардагерлерге әлеуметтік қолдау шаралары мен кепілдіктер ұсынудың ұйымдастырушылық, экономикалық және құқықтық негіздері айқындалған.

Әр аймақта, әр өңірде, әрбір ауылда ардагерлер ұйымы жұмыс жасайды. Өзі зейнет жасына жеткенше туған өлкесін түлетіп, елдің дамуына еңбек сіңірген ардагерлер ендігі жерде осы ұйымдарға бірігіп, көргені мен түйгенін кейінгі жастарға мирас етеді, ағайынның ауызбірлігін сақтауға атсалысады. Егер ардагерлер мұндай жұмыс атқармаса берекелі өмірдің болуы да неғайбыл. «Бетеге кетсе – бел қалар, бектер кетсе – ел қалар, берекең кетсе – нең қалар» деген ұлағатты ұрпағына ұқтырған ардагерлер бірлігіміз бен тірлігімізге күн шапағындай шуақ шашады. «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деген сөзді қазақ сол үшін айтқан. 

Облыстық ардагерлер кеңесі аймағымыздағы жалпыұлттық идея рухында патриоттық және адамгершілік тәрбиелеу, саяси тұрақтылықты сақтау бағытын ұстанады. Қарт адамдардың әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қорғайды, оларды лайықты әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлармен қамтамасыз етеді.

Бүгінде бұл кеңестің 77 мыңнан астам мүшесі бар, олар 701 бастауыш ардагерлер ұйымына біріккен.

Ардагерлік қозғалыстың беделін көтеру, оларға жан-жақты қолдау көрсетуде ардагерлер белсенділерінің алатын орны ерекше екені белгілі.

Қарттар күні мерекесі қарсаңында біз облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаевпен тілдесіп, ұйымның бүгінгі жағдайы жөнінде әңгімелестік.

«Биылғы жыл біздің ұйым үшін атап өтерлік болды, – деді төраға, – ойға алған көп міндеттің межесіне жеттік.

Мемлекет басшысының Жолдауын барлық бастауыш ұйымда назарға алып, үн қостық. Әр ардагер бір ауылдың биіндей, олардың табысты еңбекке, тәрбиелі тірлікке қосып отырған өз үлесі бар. Биыл біздің әлеуметтік тапсырыс шеңберінде біраз қаржылық жағдайымыз да түзелді. Бөлінген қаржы арқылы ардагерлер Қорқыт ата кешеніне, рухани астана Түркістанға саяхаттады. Алдағы кезеңдерде Ұлытау өңірінің киелі жерлеріне саяхаттау мәселесін қолға аламыз. Ел мен жердің қадірін арттыруға азаматтық күшін сарп еткен қарттарымыз мұндай құрметке әркезде де лайық.

Біздегі үлкен мәселенің бірі көптеген ардагердің есепте болмауы. Кезінде олар еңбек еткен кейбір мекемелер тарап кеткен немесе ардагерлер кеңесі құрылмаған, осыған орай алты мыңдай ардагеріміз қатарымызға қосыла алмай отыр. Қазір осыған қатысты есеп жүргізіп жатырмыз. Сонымен бірге ардагерлер тарапынан «Жаңақорған», «Сарыағаш» шипажайларына тегін жолдама беру жолдары да қарастырылуда.

Қазір дәрі де, бәрі де қымбат. Науқастылығына байланысты дәрігерлік есепте тұрған ардагерлерге дәрі-дәрмек алу үшін де жеңілдіктер беретін мәселе көтеріліп келеді.

Облыс әкімі осы бағыттағы жоспарларымызға қолдау білдіріп, біздің ұсыныстарымызға оң көзқарас танытты.

Демек, алдағы уақытта да ардагер жағдайын жан-жақты көтере түсетін мүмкіндік бар. Өйткені, ардагерлер қоғамның дамуы мен халқымыздың бірлігіне ақыл-парасатпен атсалысып отырған жандар».

Кеңес төрағасы осылай дейді.

Қашан да тыным таппай, облыс көлеміндегі барлық шараға белсене қатысатын ардагердің өз тарапынан да атқарып отырған жұмыстары баршылық. Солардың бір-екеуін атап өтейік.

Жақында облыстық ардагерлер форумы өтті. Форумда жаңа Қазақстанды қалыптастырудағы ардагерлер рөлі, отбасылық құндылықтар, өзге де тақырыптарда тұшымды ойлар ортаға салынды.

Сайлаудың әділ, заң аясында, ашық сипатта өтуіне әрбір азамат мүдделі. Сондай-ақ, ардагерлер Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын қолдап, көпшілікті сайлауға белсенді қатысуға шақырды.                                                                                                                                   

Облыстық ардагерлер кеңесі әрдайым ардагерлер ұйымдарының белсенді мүшелеріне қолдау көрсету мақсатында, тұрақты түрде ардагерлерді марапаттау рәсімдерін ұйымдастырып отырады.

Осыған орай, бір топ белсенді ардагерлер республикалық ұйымның 35 жылдығына орай және белсенділігі үшін облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Облыс ардагерлері арасында салауаты өмір салтын насихаттау, өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизмге баулу, ардагерлер арасындағы достықты нығайту, спорттық шеберліктерін арттыру мақсатында түрлі ойын-жарыстар тұрақты өткізіп келеді.

Соның бірі қыркүйек айында облыстық ардагерлер кеңесі мен мәдениет және спорт басқармасы бірлесіп, әуесқойлар арасында пневматикалық винтовка атудан облыстық жарыс өткізілді.

Бұл жарысқа барлық ауданнан және Қызылорда қаласынан жиырмаға жуық ардагер қатысты. Бекітілген жарыс ережесіне сәйкес, 10 метр қашықтықтан нысанаға ату үшін әр қатысушыға сынақ атылымға  3 оқ, негізгі атылымға 3 оқтан берілді. Жарыс қорытындысында командалық және жекелей біріншілік ескерілді. Командалық есепте І орынды «Қызылорда-3» аталатын Ауған соғысы ардагерлері командасы, ІІ орынды «Қызылорда-4», білім саласы ардагерлері командасы, ІІІ орынды Қармақшы ауданының командасы алып,  жүлдегер атанды.

Жекелей біріншілікте Қызылорда қаласының өкілі Қ.Баймаханов І, Жалағаш ауданының өкілі Б.Исламов ІІ, Сырдария ауданының өкілі  Ж.Байманов ІІІ орын алып, ақшалай сыйлықтармен және арнайы дипломдармен марапатталды.

Барлық қатысушыларға қатысқандары үшін  ынталандыру сыйлықтары мен Алғыс хаттар табысталды. Жарысқа арнайы төрешілер қазылық етті.

Мұндай шараларды атай берсек, көп, әрине. Қайсыбір қарбалас тірлік ішінде де асыл қасиет тағынған ардагерлердің алып бейнесі анық көрінеді. Оларға қарап кейінгі буын бой түзейді. Ұрпақ үшін жасаған өз еңбегінің жемісін теріп жеудің қандай бақыт екенін білетін де сол асылдар.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<