Асық атып, алтын алды

1594

0

Сурет ашық дереккөзден

Асық атудан Қазақстан ерлер құрамасы ешкімге дес берген жоқ.

«А» тобында қарсылас шақ келтірмей алғашқы орынмен ақтық сынға жолдама алған Қазақстан ерлер құрамасы Қырғызстанмен кездесті. «Алау» мұз айдыны кешенінде өткен финалдық ойында отандық асықшылар қарсыластарынан 2:1 есебімен басым түсті.

Айта кетейік, асық атудан Қазақстан ерлер құрамасы топтық кезеңде Өзбекстан, Испания, Грузия, Мажарстан және Моңғолия құрамаларын 3:0 есебімен жеңіп, финалға жолдама алған болатын.

«ҚазАқпарат» сондай-ақ, осыған дейін Қазақстан қыздар құрамасы бес асықтан алтын медаль жеңіп алғаны туралы жазылғанын еске салып өтті.

«Алаудағы» арқан тартыс

«Алау» мұз айдынында өтіп жатқан арқан тартыс бәсекесінде Қазақстан қыздар құрамасы жеңіс тұғырынан көрінді деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

ҚР Туризм және спорт министрлігінің «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» баспасөз қызметінің хабарлауынша, әйелдер арасында 560 келі салмақ дәрежесінде Қазақстан құрамасы күміс жүлдеге ие болды.

Финалдық сында отандық спортшылар Ресей құрамасынан 2:0 есебімен жеңіліс тапты.

Айта кетейік, арқан тартыстан әйелдер арасындағы бәсекеге 9 мемлекеттің өкілдері қатысқан. Арқан тарту жарысына әр мемлекеттен 20 спортшы (10 ер, 10 әйел), әр түр бойынша 8 спортшы, 2 қосалқы ойыншы (10 адам) жіберіледі.

Қазақ күресі: 15 медаль

Қазақ күресінің шеберлері Көшпенділер ойындарында барлығы 15 медаль жеңіп алғанын 24KZ жариялады.

Артылған сенімге селкеу түсірмеген балуандарымыз 12 алтын, 2 күміс, қалғаны қоланы еншілеген. Бүгінде ұлттық спорттың әлемде 40-тан астам федерациясы бар. Соның ішінде Еуропа елдері арасынан Италия құрамасы дүбірлі додада алғашқы алтындарына қол жеткізіп отыр. Енді отандық федерация басшылары қазақ күресінің халықаралық аренадағы ауқымын одан әрі кеңейту үшін ағылшын тілін білетін бапкерлерге ерекше көңіл бөлмек.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<