Атар таңның алтын қазынасы

798

0

Жақында мәдениет пен өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өткен салтанатты кеште облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев аймағымызға аты белгілі әдебиет және мәдениет саласының жиырма өкіліне  бес жүз мың теңгеден қаржылай қолдауы бар «Тұран» сыйлығын табыстады.

«Он жылдан астам уақыт бойы арасы үзіліп қалған дәстүрді қайта жалғадық. Талай дарын мен талант түлеген Сыр өңірінде мұндай сыйлық пен марапаттың болуы заңды», – деді аймақ басшысы марапаттау кезінде.

Марапатталғандар ішінде ақын, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері Қатира Жәленова да бар. «Мен сыйлыққа керекпін» деп Иран-Ғайып айтқандай, «Тұранның» тура өз егелерін тапқанына қуандық.

Аймақ басшысының «он жылдан аса» деп отырған сөзінің астары бар. Бұрын облыс әкімінің стипендиясы болатын. Екімыңыншы жылдың ортасында облыс басшысы болған Икрам Адырбековтің аймақтағы Жазушылар одағының мүшелеріне жүз мың теңгеден бір реттік сыйақы бергені бар. Содан бері бұл дәстүр сирей берді.

Шығармашылық адамдары үнемі қолдауды қажет етеді. Қазіргі заманда оларға қаламақы беріп жатқан ешкім жоқ. Ал жүрегіңді суырып, жаныңды жалдап отырып жазатын туынды толғаныстың азабы олардың өзіне ғана аян. Сол туындылар өскелең ұрпақтың рухын көтеріп, адам құндылығын асқақтатып тұрған жоқ па? Қоғам кітап оқымайтын адамды толық адам емес дейді. Ал кітап жазатын адамды толықтырып отыруға олақ.

Міне, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының бастамасы сол ақын-жазушыларды кешегі күні көкке бір көтергендей болды.

Қатира апам осылай дейді.

***

«Ақындардың денінде ақындық бар, ақындық мінез жоқ» деп еді бір ағамыз. Бүлк етіп жерге түскен жапырақтан да жүректің сипатын іздейтін нәзік жанды ақындардан адуын мінез атойлап шыққанда арыстанның жалын ұстағандай күй кешерсің. Ал, былайғы кезде аңғал болмыс, жүрегіне сыр жасырмайтын кішік жан.

Мен ақын Қатира апамды дәл осы бейнеде білемін.

Енді апамның өміртарихына аздап қалам ізін салайын.

Қатира Жәленова Шиелі ауданының Ақмая ауылында өмірге келген. Мектептен соң арман қуып Алматыға барып, Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түскен. Жоғары оқу орнын 1973 жылы бітіріп, сол кезден бастап жиырма жыл Қазақ радиосында қызмет істеген.

Қатира апамның «Грозный патшадайын» деп Мұқағали ақын суреттеген Әбілда Тәжібаевқа өкіл қыз болғаны өз алдына әңгіме.

 «Аңсаған менің әнімсің», «Ақ гүлдер» деп аталатын өлеңдер жинағы жарыққа шыққан. Тәжік ақыны Гүлчехра Сүлейменованың «Қырық бұрым» атты өлеңдер жинағын қазақ тіліне аударған.

1979 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық жас ақын-жазушылардың кеңесіне, Түрік дүниесі поэзиясы ІІ фестиваліне қатысқан. Республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты, Абайдың 150 жылдығына арналған  ақындар мүшәйрасының жүлдегері.

Шын мәнінде Қатира ақынның поэзиясындағы көркемдік пен нәзіктіктен бөлек берен рух, ерен екпін өзіне еріксіз баурайтын бір тылсымға ие. 

«Сәлем жолдап самала таң атынан,

Жан-жағына ғажайып таратып ән.

Тұнығыңа құлайды

Нәзік сәуле,

Сырғып түсіп

Алтын күн қанатынан…»

Бұл әсем жырдың авторы – Қатира Жәленова.

Әбілда әкеміздің жас Қатираға қамқор болуы осыдан да түсінікті. Классик ақын көзін ашқан бұлақ қазақ өлеңінің оман дариясына бір өзен болып қосылып, өріліп бара жатыр еді.

1994 жылы ел астанасын Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылданды. Осы кезде Қатира ақын астанаға емес, анасына қарай бет бұрды. 

Өздері ата-анадан үш қыз болатын. Үлкені Ақмаяда, кішісі Қызылордада, анасы да сіңлісінің қолында тұратын. Бұрын туған жерге сапарлай қалса Шиеліден қайтатын Қатираға Қызылорда таныс емес-ті.Оның үстіне заманның заты өзгеріп, екі дәуірдің алмасып жатқан шағы. Ол кезде ақын көшіп келіпті деген сөз былай тұрсын, аспаннан періште түсіпті десе де біреу біреуге бұрылып қарамайды. Ерлер жұмыссыз қалған, әйелдер алақап арқалап күнкөріс қамына кірісіп кеткен.

Қатира апа кейде ойға батады. Бүгінгі жастар ол кезеңнің қиыншылығын елестете де алмайды. Сендер біздің көргенімізді бастарыңнан өткермедіңдер деу, неге кеш туасыңдар деп сөгумен бірдей. Бірақ, оларға бәрібір қиындықтың қандай болатынын білгізу керек. Тіпті өлеңдерінің өзіндегі мұң сахна сценарийіне ұқсайды, қойылым біткен соң мұң қуанышқа айналып, әртістің бетінен сүйетінің секілді.

Дегенмен, жастардың ішінде жақсы ақындар да бар.

Қызылордаға келіп, шығармашылық адамдарының ешқайсымен араласа алмай жүрген алғашқы жылдары Құдай шебер Қатираға Алмагүл Божанованы жолықтырды. Ол кісі сол кезде, дәлірек айтқанда 1999 жылы Тереңөзек ауданының әкімі қызметінен облыстық мәслихаттың хатшысы болып келді. Алғашқы жүздесуден-ақ Алекеңнің өнер адамына қолдау танытқысы келіп тұратыны сезілді. Негізі Қатираны мәдени-рухани ортаға қосқан Алекең болды.

Қатира апайдың өзі бұл кезде дүкен ұстады. Нақтырақ айтқанда, көпқабатты үйдің бірінші қабатынан ашылған сіңлісінің азық-түлік дүкеніне егелік етті. Өлеңнің өмір сүруге себі тимей қалды, тек кәсіптің кілтін ашып, сауданың сырын түсінуі ғана алға жылжытты. Кәсіптен нәсіп табу да ауыр жұмыс еді. Екі бөлмелі пәтердің бір бөлмесі дүкен, бір бөлмесі өзінің тұрғын үйіне айналды. Түн жамылып, екі рет ұры түскен оқиғаны айтсайшы. Ұры дегенің темір торлы терезені бұйым көрмейді екен. Олар сірә, дүкен ішінде адам бар деп ойламаған. Сонда Қатира бір бөлменің бұрышында бүрісіп түн тыныштығына кеткен. Аузына айдаһар енсе оянбайтын баяғының батырлары секілді ұйқысы бар еді. Сол ұйқының талай зиянын шекті, тек екі рет ұры түскенде ғана пайдасын көрді. Егер сонда оянып кетсе, ұрылардың мұны бір темірмен қарақұстан қонжита салмасына кім кепіл?

Кей күні алушыға ақшаңды бермей-ақ, бір тыңдап кетші деп, арындап өлең оқып бергісі келетін. Қандағы қасиет тыным бере ме? Сөйтіп жүргенде ғой, Алмагүл есімді жаны ізгінің жарқ ете қалғаны.

Содан мәдени шараларға қатыса бастады, мүшәйраларға қазылық жасады. Сол кезде Толқын Қабылша, Назгүл Бердіқожа, Мөлдір Айтбай, Шаттық Қыстаубай, Салтанат Жүсіп, Ұлықбек Тәңірберген секілді жас ақындарды көз алдынан өткізіп жүрді. Келе-келе таныс ақындардың жас шамасы үлкейе түсті – Әскербек Рахымбеков, Асқар Кіребай, Мұхамеджан Нұрхан, Махмұтбай Әмреев, Ділдахан Торғаева, Елубай Әуезов және басқалар. Алайда, жас ақындар жанына жақын болды. Бүгінгі күні өлең өлкесіне Ақжол, Мақсат, Биболат, Аружан шықты, солар туралы ғой, көп толғана беретіні…

Алекең секілді жақсы адамның бірі сол кездегі тіл басқармасының басшысы Жолдас Сырғабаев болатын. Қайда игі шара болса, сонда апарып Қатираны төрге отырғызып қоятын, қайран Жөкең.

Бүгінде апам «Қанаттас қарлығаштарым» деп аталатын бір мемуар жазып тастапты. Үйде, сыпайы айтқанда тартпа астында жатыр дейді, өзі. Астанада мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптарды сараптайтын, кімдерге мемлекеттік сыйлық беруді ұйғаратын арнайы комиссия жұмыс істейді. Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы филиалынан жергілікті қаламгерлердің өтінішін Қаршыға Есімсейітова жеткізіп отыр. Ал олар өңірдегілерді өздерінің әкімі бар, мәдениет басқармасы бар, солар жарылқасын дегендей, басқаға мойын бұрмайды. Мемлекеттің ақын-жазушыларға жасалатын қолдауын Астана мен Алматыдағылар ғана көреді.

Осы шындықты айтпаса, апамның Қатира ақын аты қайда қалады? Айтып отыр, бірақ, құлақ асатын адам болса.

Апаммен әңгіме үстінде біз ол кісінің осы кезге дейін сіңлісі мен күйеубаласының үйінде тұратынын білдік, мұны қалай бүгіп қалайық. Бірақ, апам сол жағдайын айтып әкімдік жағаламапты. Айтпақшы, он жылдан бері арендалық пәтер кезегінде тұр. Оған да тұрмас еді, бұл жайында өнердегі сіңлісі Елена Әбдіхалықова осыдан он жыл бұрын облыс басшылығына келген Қырымбек Елеуұлына айтыпты. Ол кісі орынбасарына тапсырған, орынбасары үй алудың ең оңай жолы арендалық пәтер өшіреті деген. Он жылда да оңайланған жоқ.

Анда-санда көріп қалады, он бес жасар балаға да үй беріліп жатыр, ерлігі үшін деп. Жасы жетпістен асқанда апам қандай ерлікке барсын, оның ерлігі өлең деген қасиетті кір шалдырмай жүрген ақындығы емес пе?

Қатира апамен әңгімелесудің өзі қызық. «Осы күнгі жастар бізді түсіне ме екен?», – дейді, жастар десе елең етеді. Оларға көп көңіл бөлінгенін қалайды. Солардың шығармашылық пәрменін пайдалану керек деп санайды. Өйткені, шығармашылық адамында алапат қуат болады. Қоғамның қозғаушы күші деп соларды айт.

«Біздей болғанда түсінеді, олар сол кезде бізді іздейді», – дейді сосын. Иә, апам дұрыс болжап отыр, оның өлеңі де, өзі де келер заманның тот баспас қазынасына айналары анық.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<