Аудан жаңалықтары

694

0

Кедергісіз орта керек

Қала әкімі Асылбек Шәменов кезекті аппарат мәжілісінде әлеуметтік салада ұтымды шаралар үйлестіруге тапсырма беріп, мүгедек жандарға қолайлы жағдай жасау, инватакси қызметтерін күшейту қажетін айтты.

Жиында қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің басшысы Кенжегүл Құрақбаеваның баяндамасы тыңдалды.

Облыс орталығында 10 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Оларға кедергісіз орта қалыптастыру үшін биыл 39 нысанды бейімдеу жоспарланған. Оның 38-і стандартқа сәйкестендіріліп, қалған 1 нысан қысқа дейін бейімделеді.

МӘМС мәселелері

Аудан әкімдігінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Н.Таукеев пен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» облыстық филиалы директоры Б.Исмаханбетовтың қатысуымен жиын өтті.

Мамандар Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы ақпараттық-түсіндірме жүргізіп, сақтандырылмаған азаматтар үшін тиімді ақпараттарды бөлісті. Одан соң тұрғындарды жеке қабылдау өткізді.

Құқықтық оқыту

Аудан әкімі аппаратының басшысы, әдеп жөніндегі уәкіл Р.Тілептің төрағалығымен құқықтық оқыту өткізілді. Оған дербес бөлім басшылары мен кент, қала және ауылдық округ әкімдері қатысты.

Мемлекеттік қызметшілердің құқықтық мәдениетін, сауаттылығын арттыруға бағытталған жиында қатысушылардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар жүктелді.

Көшпелі көрме

Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастыруымен «Төл тарихымыздың айқын дәлелі» тақырыбында музей қорындағы археологиялық экспонаттардан көшпелі көрме өткізілді. Онда Сыр өңіріндегі археологиялық қазбалар нəтижесінде табылған жəдігерлер көрсетілді.

Көрме Қармақшы ауданы Иіркөл ауылындағы №106 мектептен бастау алып, аудан көлеміндегі басқа да мектептер мен мәдени орындарда көпшілік назарына ұсынылды.

Еске алу кеші

Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінде өнер және мәдениет қайраткері Комвуз Бердәулетовті еске алу кеші өтті. Іс-шараға аудан әкімі Асқарбек Есжанов қатысып, қайраткердің тұлғалық келбетіне, шығармашылық өмір жолына тоқталды.

Еске алу кешінде қаламгер шығармашылығына арналған тақырыптық көрме ұйымдастырылып, өмірбаянын арқау еткен шағын көрініс көрсетілді. Аға-інілері, әріптестері мен туысқандары естелік айтты.

Жайдарлы бәсеке

Аудандық жастар ресурстық орталығы, Ақжарма ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен жайдарман сайысы өтті. Бәсекеге аудан  командалары қатысып, үш кезең бойынша бақ сынады.

Сайыс қорытындысымен жүлделі І орынды Ақжарма, ІІ орын Бесарық, ІІІ орынды Н.Ілиясов ауылдық округі мен Тереңөзек кенті құрама командасының жастары иеленді.

Тартысты турнир

Соғыс және еңбек ардагері Әбілқасым Палымбетовты еске алуға арналған ардагерлер арасында бильярдтан турнир өтті. Турнирді аудан әкімінің орынбасары Болат Смағұлов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Сұлтанбек Оразымбетов құтықтау сөз сөйлеп, турнирге төрелік етті.

Ауданаралық турнирге 16 ардагер қатысып, өзара бақ сынады. Сайыстың қорытынды есебі бойынша І орынмен Ақтай Ақбергенов марапатталды.

Еңбек ардагерін еске алды

Қожакент ауылында еңбек ардагері Ергеш Үсеновті еске алуға арналған қазақ күресінен жасөспірімдер арасында және шағын футболдан облыстық ашық турнир өткізілді. Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.

Турнирге облыс бойынша 15 команда, 300-ге жуық спортшы, шағын футболдан 12 команда қатысты.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<