Аудан жаңалықтары

489

0

Мерекелік сый тарту етілді

Қала әкімінің орынбасары Ақзира Қасымова Халықаралық мүгедектер күніне орай «Қазақ саңыраулар қоғамы» облыстық филиалында өткен мерекелік шараға қатысты. Жылы лебізін жеткізіп, қоғам мүшелеріне мерекелік сый тарту етті.

Облыстық филиалға 163 естуі бойынша мүгедектігі бар адам тіркелген. Филиал мүшелеріне 17 ымдау тілінің кәсіби маманы қызмет көрсетсе, 7 адам тұрақты жұмыспен және 20 адам ақылы қоғамдық жұмыспен қамтылған.

Жұмыс орындарының жайы қаралды

Аудан әкімі Серік Сермағамбетовтың төрағалығымен жиын өтіп, жаңа жұмыс орындарын құру жайы қаралды.

Мемлекет басшысының жаңа жұмыс орындарын құру тапсырмасы ауданда толығымен орындалған. Жыл басынан бері 1200-ден аса адам жұмыспен қамтылған.

Аудан әкімі Серік Сағитжанұлы тиісті бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.

Жасөспірімдер қауіпсіздігі назарда

Аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетовтің төрағалығымен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысы өтті.

Жиында ювеналды полиция тобының өкілдері, комиссия мүшелері мен білім беру ұйымдарының жауапты қызметкерлері баяндама жасады.

Соңында Д.Тлеумбетов берілген тапсырмалардың орындалуын бақылауға алып, әрбір мәселе назарда болуын тапсырды.

Қоғамдық қабылдау

«AMANAT» партиясы Байқоңыр филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде аудандық мәслихаттың «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Шолпан Дәуленбаева қоғамдық қабылдау өткізді.

Қабылдауға келген қала тұрғындары жұмысқа орналасу жөнінде көмек жолдарын сұрады.

Өз кезегінде Шолпан Дәуленбаева тұрғындардың мәселелері бақылауға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.

Шығармашылық кеші

Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінде ҚР мәдениет қайраткері, Жалағаш ауданының құрметті азаматы Бейбітбек Бүркітбайұлының 70 жас мерейтойына арналған «Жүрегім туған жерге ғашық әлі» атты шығармашылық кеш өтті. Мерейтой иесін аудан әкімі Асқарбек Есжанов құттықтап, құрмет көрсетті.

Салтанатты шарада кент ардагерлері құттықтау сөз сөйлеп, автордың «Зәнжілді зар», «Алаңжар» кітаптарының тұсауы кесіліп, өз оқырмандарына жол тартты.

Мерейтойлық ықылас

Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев қаржы саласының ардагері Құралай Әбілхайырованы арнайы қабылдап, 70 жасқа толған мерейтойымен құттықтады.

Қабылдауда зиялы қауым өкілдері ауданның қаржы саласының өсіп-өркендеуінде Құралай Әбілхайырованың сүбелі үлес қосқанын атап, құттықтау лебіздерін жеткізді. Өз кезегінде мерейтой иесі арнайы құрмет көрсеткен жандарға шынайы ризашылығын білдірді.

Балабақша өкілдері бас қосты

Аудан әкімінің орынбасары Ерсұлтан Апетов және білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қанат Әмзенің қатысуымен жиын өтті. Онда 75 жеке және 18 мемлекеттік балабақша өкілдеріне мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру тәртібіндегі өзгерістер түсіндірілді.

Атап айтсақ, балабақшада төтенше жағдайларды хабарлау жүйесінің болуы, алғашқы медициналық көмек көрсету үшін жағдайлар жасау секілді талаптар көрсетілген. Оларды орындап, қажетті құжаттарды ұсынған балабақшалар ғана өз жұмысын жүргізе алады.

Ашық біріншілік

Үстел теннисінен 10-14 жастағы ұл-қыздар арасында ашық біріншілік өтті. Тартысты додада облыстық №4 олимпиадалық резерві мектебінің құрама командасы І орын алды. ІІ орын Жаңақорған ауданының құрама командасына, ІІІ орын Төменарық ауылдық округіне бұйырды.

Сондай-ақ, облыстың құрама командасының бапкері Ернар Ибрай «Үздік жаттықтырушы», кейбір жеке ойыншылар «Ең жас ойыншы», «Үздік ойыншы» номинациясында марапатталды. Жарыста жүлделі орынға ие болған 7 үздік ойыншы Алматыда өтетін турнирге жолдама алды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<