Аудан жаңалықтары

309

0

2681 азамат кезектен шығарылды

Қызылорда. Қала бойынша 6 тізім бойынша 26 762 адам тұрғын үйге кезекте тұр. Бұл туралы қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Абзал Рысбек айтты. Былтыр басқа қалаға қоныс аударған, үйі болуына, статусының жойылуына, т.б. себеппен 2 681 азамат тұрғын үй кезегінен шығарылған.

Сондай-ақ биыл 2007-2008 жылдары кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтары мен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатына арендалық пәтерлер беру жоспарланып отыр.

Азаматтық танытқандар марапатталды

Арал. Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев актив отырысында бірқатар азаматтар мен мекеме ұжымдарын облыс және аудан әкімінің «Алғысымен» марапаттады.

7 ақпаннан бастап ауа райының қолайсыздығынан «Самара-Шымкент» автомобиль жолы жабылып, аудан аумағында 1 241 автокөлік пен 3 500-ге жуық жолаушы тұрақтады.

Оларға көмек көрсетуге әкімдіктен бастап мекеме қызметкерлері, жеке кәсіпкерлер мен еріктілер жұмылды. Аудан әкімі төрт тәулік бойы табандылық пен адамгершілік үлгісін көрсеткен барша азаматтарға алғыс білдірді.

Бала қауіпсіздігі назарда

Қазалы. Аудан әкімдігінде білім саласындағы өзекті мәселелер бойынша арнайы жиын өтті. Оған аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет, аудандық, облыстық мәслихат депутаттары қатысты.

Жауапты бөлім басшылары 37 мектеп асханасына жүргізілген тексеру нәтижелері, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу жұмыстары туралы баяндады.

Аудан әкімі оқушыларды ыстық тамақпен қамту мәселесін тұрақты қадағалауды тапсырды. Мектептерді цифрландыру жобасы жайында да сөз қозғады. Құқықбұзушылыққа бейім әр баламен жеке жұмыс жасауды жүктеді.

Су тасқынына дайындық пысықталды

Қармақшы. Аудан әкімі Жандос Еркінбек арнайы жиын өткізіп, су тасқынына дайындық жұмыстары пысықталды.

Аудан аумағында Сырдария өзенінің бойында 32 иін бар. Елді мекендер ішінен су тасқынына қауіпті аймақтарды қорғау үшін 69,7 шақырым қорғаныс бөгеттері салынып, инерттік материалдар жасақталған.

Аудан әкімі Сырдария өзенінің деңгейі мен қауіпті учаскелердегі қорғаныс бөгеттерінің жағдайына қатаң бақылау жүргізуді тапсырды.

«Жайлы мектеп» салынады

Жалағаш. Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде атқарылатын жұмыстар бойынша мәжіліс өтті.

Ұлттық жоба аясында «Samruk-Kazyna Construction» АҚ арқылы Жалағаш кентінде биыл 300 орындық жаңа мектеп салу жоспарлануда. Оған тиісті жер учаскесі белгіленді.

Аудан басшысы жоба бойынша мәселе туындамауы тиіс екенін жеткізді. Жоспарланған жұмыстарды жоғары деңгейде орындауды тапсырды.

Қорғаныс бөгеттерін көрді

Сырдария. Аудан әкімі Берік Сәрменбаев «Узтоп» және «Соркөл» учаскелеріндегі қорғаныс бөгеттерін көрді. Аудан басшысына «Сырдариясушар» өндірістік учаске басшысының орынбасары Мирлан Айтмұханов өзендегі су жағдайын айтты.

Аудан аумағынан өтетін Сырдария өзенінің ұзындығы 75 шақырым. Қазір «Қараөзек» арнасына 36 текше метр су жіберіліп, «Әйтек» су тоспасынан 90 текше метр су өтуде. Берік Сәрменбаев өзен бойындағы қауіпті учаскелерге бақылауды күшейтуді тапсырды.

Көшпелі кеңес өткізді

Шиелі. Аудан әкімі Нұржан Ахатов аудандық мәслихат депутаттарымен бірге Шиелі кентіндегі биыл іске асырылуы жоспарланған жобалар бойынша көшпелі кеңес өткізді.

Теміржол вокзалының алдын абаттандыру, Тәуелсіздік көшесінің бойына аллея орнату, жабық қоқыс контейнерлерін орнату жұмыстарымен танысты. Өзгертуді қажет ететін тұстарын атап өтті.

Айта кетсек, кентті көркейту-көгалдандыру үшін биыл тамшылатып суару әдісі қолданылмақ. Бұл арқылы көшеттердің өсімін арттыру көзделіп отыр.

«Қауіпсіз сауда» акциясы

Жаңақорған. Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы қызметкерлері «Қауіпсіз сауда» акциясын ұйымдастыруда.

Акция аясында Жаңақорған кентінде орналасқан «Нұр» және «Нұр Асыл» сауда орталықтарында өрт қауіпсіздігін сақтау жөнінде түсіндірме жүргізілді.

Сонымен қатар «Әліппе-Азбука» қосымшасын қолдану тәртібі мен «Төтенше жағдайлардың алдын алу», «Мұздағы қауіпсіздік» тақырыптарында үгіт-насихат өткізілді.

Дайындаған

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<