«Байтақ» жасылдар партиясы тіркеуден өтті

662

0

Қоршаған орта жанашырларының басын қосқан, азаматтық белсенділердің бастамасымен құрылған «Байтақ» жасылдар партиясы мемлекеттік тіркеуден өтті. Тарихи сәтке орай партияның облыстық филиалы баспасөз мәслихатын өткізді. Оған партияның атқарушы хатшысы Нұрлан Көптілеутегі мен облыстық филиал төрағасы Болат Нұрқожаев қатысты.

Өткен қыркүйек айында «Байтақ» жасылдар партиясы 1500 делегаттың қатысуымен құрылтайшылар съезін өткізген. Әрі қарай ұйым өз әлеуетін дәлелдеуі тиіс болды. Содан бері заң талаптары толық орындалып, партия мүшелігіне өтінім берген 25000 адамның құжаты ҚР Әділет министрлігіне жолданды.

– Қазіргі таңда еліміздің оннан астам өңірінде партия филиалдары жұмысын бастады. Ал, Қызылорда облысына келер болсақ, алдағы уақытта біз өзіміздің қызметіміздің басты бағыты ретінде Арал проблемасын алдық. Одан бөлек, «Байқоңыр», «Шалқия» кен орны, «Арал-Сырдария» бассейні су қорлары секілді экологиялық мәселелер бар, – деді Нұрлан Көптілеутегі.

«Байтақ» жасылдар партиясының облыстық филиалы жұмысын бастады. Филиал төрағалығына көпшілік дауыспен аймақтың қоршаған орта мәселелерін көтеріп жүрген қоғам белсендісі Болат Нұрқожаев сайланды.

Баспасөз мәслихатында филиал төрағасы алдағы уақытта партия Арал проблемасымен шектелмей, жоғарыдан судың келуі, өңірде суды пайдалану мәселесі де маңызды бағыт болатынын атап өтті.

– Мысалы, біз «Байқоңыр» ғарыш айлағы мәселесін көптен бері айтып келеміз. Бірақ оның зардабы осы уақытқа дейін ғылыми түрде зерттелген жоқ. Сонымен қатар, Арал проблемасы да көп айтылғанымен, ондағы су қоры, деңгейі, аумағы қанша екені туралы да нақты дерек жоқ. 1981 жылдан бері картографиясы да жасалмаған. Одан бөлек, қуаңшылық кезінде шлюздер мәселесінің өзектілігін де сезіндік. Осындай өңір үшін өзекті мәселелерге партия арқылы ықпал етеміз, – деді Б.Нұрқожаев.

Қазір облыста партияның 1,5 мыңнан астам мүшесі бар. Жақын күндері облыс орталығынан кеңсесі, аудандарда филиалдары ашылады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<