Бір ауылға келген екі жүлде

3331

0

Жақында «Қазақ академия» өнер орталығының ұйымдастыруымен Түркістанда өткен «Бабалар аманаты» І Халықаралық байқауына қатысқан бір ауылдың екі түлегі бірдей жүлделі оралды.

Олар – Шиелі ауданы Тұрсынбай датқа ауылдық клуб үйі үйірмесінің мүшелері Мәди Әшірбай мен Ернар Қалмырзаев.

Мәди вокал номинациясы бойынша Р.Жолтаевтың сөзіне жазылған «Бабалар аманаты» әнімен бас бәйге алса, Ернар аспапта орындау  номинациясы бойынша «Қолұстасқаным» күйімен 1-орынды иеленді. Мәди мен Ернар бұған дейін де бірнеше мәрте аудандық, облыстық өнер фестивальдеріне қатысқан.

Орындалған екі шығарманың да авторы – клуб үйінің меңгерушісі Батырхан Маханов. Балаларды байқауға дайындап алып барған да өзі.

Күйші-композитор Батырхан Маханов 1996 жылы Ә.Бөріқұлақов атындағы облыстық термеші-жыршы, күйшілер байқауында бас бәйгеге лайық болды. Мұнан әрі ол Алматыда өткен республикалық байқаудың бас бәйгесін иеленіп, Иранда өтетін Түркі халықтары фольклорлық фестивалінің жолдамасын жеңіп алды.

Сонан бері ауылда елеусіздеу жүрсе де өнер мен мәдениетті дамытудың даңғыл жолында келеді.

Енді міне, қос бұлақтың көзін ашып, Ш.Бәкіров атындағы орта мектептің бірі 5, бірі 8-сыныбында оқитын жеткіншектерді үлкен сыннан сүріндірмей өткізді.

Өнердің өрімен, абыройдың төрінен көріне беріңдер, жас таланттар!

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<