Бірқатар шектеулер күшінде қалады

932

0

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстың Бас мемле­кеттік санитариялық дәрігері Әлия Әбдіқайымова карантин ережелері мен сақтық шаралары туралы айтты. Қыр­күйектің ортасына қарай  әлем бойынша бірнеше мемлекетте вирус жұқтырғандар саны өсті. Осыған байланысты Еуропа елдері карантин шараларының қатаң­даты­латынын хабарлады.

Біздің елімізде де бірқатар күшейтулер енгізілуде. Атап айтқанда, 6 қазаннан бастап еліміздің Бас мемлекеттік сани­тариялық дәрігерінің мемлекеттік шека­радағы өткізу пункттерінде корона­вирустық инфекцияның алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы жаңа №54 қаулысы күшіне енді. Қаулыға сәйкес Қазақстан Республи­касының азаматтары болып табылмайтын адамдар мемлекеттік шекараны кесіп өткен кезде кем дегенде 72 сағат бұрын  ПТР әдісімен COVID-19-ға тесттен өткені туралы анықтамасы болмаса жіберілмейді. Ал анықтамасыз шетелден келген Қазақстан Республикасының азаматтары 2 тәулікке карантиндік стационарға жатқызылады.

Бұдан бөлек, өңірімізде әлі де бірқатар шектеулер өз күшінде қалады. 1) спорттық-көпшілік, отбасылық, естелік, салтанатты, мерекелік, мәдени-көпшілік, конференциялар, семинарлар, көрмелер және тағы басқа көпшілік іс-шараларды өткізуге;

2) банкет залдарының, сауда-ойын-сауық кешендері жанындағы балалардың ойын алаңдарының, фудкордтар, кинотеатрлар (ашық ауадағы кинотеатрларды қоспағанда) жұмыстарына;

3) караоке, бильярд, компьютерлік клубтар, түнгі клубтар, боулинг орталық­тары, жабық үй-жайлардағы балалардың ойын алаңдары мен аттракциондар, батуттар қызметіне, букмекерлік кеңселердің қызметіне тыйым салынады;

4) оқушылардың және мектеп жасына дейінгі балалардың экскурсиясына тыйым жалғасады.

Осындай талаптар қойылғанына қара­мастан, әлі де  карантинді елемейтін, ескермейтін азаматтар жоқ емес. Қойылған шектеулер мен каран­тиндік шаралардың сақталуын бақылау үшін құрылған 24 мониторингтік топ бүгінгі күнге дейін 140-қа жуық той өткізген тұрғындарды анықтап, айып­пұл салды. Шекті уақытқа қарамай, жұмысын жалғастырған түнгі кафелер де анықталды.

Бүгінгі күнге дейін жұмысшы топ 2486 рейдтік тексеріс жүргізді. Облыс бойынша жеке тұлғалар және бизнес субъектілері тарапынан 602 карантин талаптарын бұзу фактісі орын алды.

Облыста коронавирус инфекция­сының 3245 жағдайы тіркелді. Жүр­гізілген талдауларға қарағанда барлық тіркелген жағдайдың 69-ы сырттан тасымалданған, қарым-қатынас арқылы жұқтырғандар саны – 1292,  скрининг арқылы анықталғандар 1884-ті құрап отыр.

Инфекцияны 1  жасқа дейінгі балалардан бастап 90 жас аралығын­дағы азаматтар жұқтырған. Әсіресе 20 мен 69 жас аралығындағылар арасында жиі тіркеліп отыр. Індетті жұқтырып алмау үшін қарапайым ғана шараларды сақтау керек.

1. Жұмыста, көлікте, көшеде, дүкенде және т.б. жерлерде мүмкіндігінше арақа­шықтықты сақтаңыз;

2. Қоғамдық орындарда маска киіп жүріңіз;

3. Қолды кем дегенде 20 секунд сабынмен жиі жуып, санитайзермен сүртіңіз.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<